71 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында жапон боксшысы Севон Окадзавамен жұдырықтасқан отандасымыз төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді.
"Айтарға сөз жоқ". Асланбек Шымбергенов Олимпиада жолдамасын иелене алмады
9,076
оқылды

Бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанып, Олимпиада жолдамасын иелене алмады, – деп хабарлады massaget.kz.

71 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында жапон боксшысы Севон Окадзавамен жұдырықтасқан отандасымыз төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Асланбек екі раунд бойы алда тұрған. Үшінші раундта төрешілердің таңдауы қарсыласына ауып, жеңісті жапон бокшысы еншісіне жазды. Есеп – 3:2. 

Асланбек жекпе-жекті толықтай өз бақылауында ұстаған. Шабуылда ширақ, қорғаныста асқан сақтықпен жұдырықтасты. Алайда төрешілер шешімімен қарсыласы басым болып кетті. 

Жекпе-жектен кейін ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов өз ойын айтты.

– Айтар сөз жоқ. Протест алынбайды. Жақсы дайындалып шықты. Қарсыласы да әлем чемпионы. Өлтіріп тастай алмайды. Барлық 3 раундты жақсы өткізді. Жеңісті бермеді, – деп қысқа қайырды.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы сапында бір ғана боксшы қалды. Ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қана алтын медаль мен Олимпиада жолдамасы жолындағы жарысты жалғастырады. Ол кешке жартылай финалда үнді боксшысы Нарендермен қолғап түйістіреді.

Фото: Sports.kz