Ер адам әйелге дене жарақатын салып, ұялы телефонын сындырған.
«Әйелін қызғанған»: Көкшетаулық ер адам терезеден секірмек болды
1,067
оқылды

Көкшетау қаласында ер адам көпқабатты үйдің терезесінен секіріп өзіне қол жұмсамақ болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Көкшетау қалалық полиция басқармасының «Тұран» кезекші бөліміне Ескі әуежай көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде тұратын отбасында жанжал болып жатқаны туралы қоңырау түскен.

«Анықталғандай, ер адам жеті ай өзімен бірге тұрмайтын әйелін қызғанып, жанжал шығарған. Артынша, пәтердің терезесіне шығып, секірмек болған. Ешкімнің сөзін тыңдамаған оны ағасы келіп, райынан қайтарды», – делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ ер адам әйелге дене жарақатын салып, ұялы телефонын сындырған. Осыған байланысты зардап шеккен әйелден полицияға арыз түсті.

«Биыл маусым айында жұбайының шағымы бойынша қорғаныс ұйғарымы шығарылған. Ер адам мінез-құлқына байланысты профилактикалық есепте болған», – деп түсіндірді ведомстводан.