«AMANAT» партиясының мүшелері мерекеге орай бірқатар іс-шара өткізді.
«AMANAT» партиясы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
1,208
оқылды

Биыл Қазақстанда алғаш рет ұстаздардың кәсіби мерекесі нақты 5 қазан болып бекітілді. Бұған дейін бұл мереке айдың бірінші жексенбісінде атап өтілетін еді, бірақ ол Дүниежүзілік мұғалімдер күніне орайластырылған. «AMANAT» партиясының мүшелері мерекеге орай бірқатар іс-шара өткізді.

Айталық, Петропавлда партиялықтар педагогтарды құттықтап, оларға білім беруді дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті. Алғыс хат тапсырылғандардың қатарында педагогикалық еңбек ардагерлері, мектеп директорлары, мұғалімдер, психологтар, әдіскерлер мен кітапханашылар бар.

«Мұғалім мамандығының адам өмірінде алар орны қашанда ерекше. Бұл – қандай қиындық кездессе де оған мойымай, жеңіп шығу жолын асқан төзімділікпен үйрете білетін адал мамандық иесі. Баланың бойына оқулықта да айтылмайтын даналық пен білімді құятын да мұғалім. Сіздердің санасы бекімеген жас буынды тәрбиелеуге деген құлшыныстарыңыз қандай құрметке де лайық», – деді «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.

Өңірде партия қатарындағы барлығы 10 мыңға жуық білім беру саласының қызметкері бар.

«AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалында зейнеткерлікке шыққан педагогтерге құрмет көрсетілді. Олардың әрбірі саналы өмірін ұстаздық етуге арнаған, ал кейбіреулері жасына қарамастан әлі де білім беруді жалғастырып жүр. Партия өңірлік филиалының төрағасы Арыстанғали Арын мектепте 46 жыл жұмыс істеген Күлтшамал Көптілеуоваға барды.

 «Ұстаз – шәкіртінің білімін шыңдаушы, білімнің биігіне қанат қағып, талай асуларды бағындыру жолындағы қолдаушысы. Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие керек. Әрбір адам білім нәріне сусындамас бұрын тәлім-тәрбие алуы керек», – дейді ардагер ұстаз Күлтшамал Көптілеуова.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекеттік мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшыларының жалақысын 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100%-ға кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің жалақысын 30%-ға арттыру көзделген.

«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының деректері бойынша Қазақстанда барлығы 510 826 педагог бар. Олардың басым бөлігі орта білім беру жүйесінде – 340 958. 97 407 педагог мектепке дейінгі білім беру жүйесінде, 36 083 оқытушы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Жоғары білім беру жүйесінде 36 378 оқытушы бар.