Азия ойындарының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Он бірінші жарыс күнінің есебі бойынша ел қоржынында 5 алтын, 11 күміс және 34 қола жүлде бар.
Төрешілер шешімімен жанкүйерлер келіспейді
2,394
оқылды

Бесінші алтынды велошабандоз алды

Велошабандоз Алексей Луценко тас­жолдағы жекелей сайыста 39,7 шақырымды 48:05.75 уақытта еңсеріп, жазғы Азия ойын­дарының чемпионы атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері А.Луценко 2014 жылы Оңтүстік Корея өткізген Азия ойындарында да чемпион атанған еді. Ал 2018 жылы Индонезия ұйымдастырған жазғы Азия ойындарында жекелей сында һәм топтық тартыста алтын медаль олжа­лаған болатын. Осылайша, орда бұзар отыз жастағы Алексей Луценко жазғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. 

Жеңісті жолды тағы бір велоспортшы Рината Сұлтанова жалғастырып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.  Ол тасжолдағы жарыстың жекелей сынына қа­ты­сып, мәре сызығын үшінші (+1:00.11) болып кесті. Өзбекстан өкілі Ольга Забе­линская (24:35.99) мен жапониялық Эри Ёнамине (+59.60) бірінші және екінші орын­ды өзара бөлісті. 

Ал ағайынды Емельяновтар Азия ойын­дарының күміс жүлдегері атанды. Олар каноэ есуден 1 мың метр қашықтықта мә­реге өзбекстандықтардан кейін екінші бо­лып жетті. Үндістандықтар үздік үштікті түйін­деді. Айта кету керек, бұған дейін Сергей Тимур Хайдаровпен бірге Азия алтынын алса, Тимофей жекелей сында қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал дәл осы сайыс түрінде әйелдер құрамасынан Маргарита Торлопова мен Ульяна Киселева күміс жүлде иеленді. М.Торлопова мен У.Киселева 200 метр қашықтықта каноэдан жұптасып өнер көрсетуде тек қытайлықтарға ғана есе жіберді. Өзбекстандық дуэт қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, жарыс­тың оныншы күні қазақстандық ескекшілер Азиадада қос күміс, бір қола жүлдеге ие болды. Қола медальды 18 жастағы Мария Бровкова еншіледі. Ол бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта мәре сызығын үшін­ші болып қиды. Қытай спортшысы чемпион атанса, таиландтық ескекші екінші келді. Бұл – батысқазақстандық Мария Бровко­ваның Азия ойындарындағы екінші жүлде­сі. Ол Руфина Искаковамен бірге 500 метр қашықтықта жұптасып, каноэ есуде күміс медаль олжалаған болатын.

М.Бровкованың жеке бапкері, анасы Елена Бровкованың айтуынша, бұл Азия ойындарында ескек есуден олимпиадаға жолдама үлестірілмейді. Алдағы жылы көктемде лицензиялық Азия чемпионаты өтетін болады.

Ал жанкүйерлер мүлдем жеңіс күтпеген батут гимнастикасынан Данил Мұсабаев күміс медаль иеленді. Қазақстандық спорт­шы финалда 57.100 ұпай жинап, екінші орынға қол жеткізді. Бас жүлде қытайлық Лангю Янге бұйырса, жапондық Хирото Ямада үздік үштікті түйіндеді.

Осылайша, жарыстың оныншы күні ел қоржынына жеті медаль түссе, он бірінші күні үш медаль алдық. Атап айтсақ, кеше қазақ­стандық балуан Азат Садықов пен боксшы Наталья Богданова қола жүлдегер атанды. А.Садықов 77 келіге дейінгі салмақ­та күреспей-ақ жүлдегерлер қатарына ілікті. Оның қарсыласы, камбоджалық Кео Соп­хак жарақатына байланысты кілемге шық­қан жоқ. Тағы бір қазақстандық Мақсат Сайлау 87 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде жапониялық Масато Суми­мен күресіп, қарсыласына еш амал қыла алмады – 1:9. Осылайша, байрақты бәсекені бастаған қазақстандық балуандар алғашқы күні бір күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді. Ал бүгін грек-рим күресінен екі салмақта жеңімпаз-жүлдегерлер анық­талады. Содан кейін әйелдер күресіне кезек тиеді.6 қазан күні жарысты еркін күрес шеберлері қорытындылайды.

Асланбекке алтын бұйырмады

Бокс бәсекесінде қазақстандық Наталья Богданова жартылай финалда 66 келіге дейінгі салмақта таиландтық Суваннафенг Джанджаймен қолғап түйістіріп, үш рет нокдаун алып, нокаутпен жеңіліп қалды. Сөйтіп, ол финалдан тыс қалып, қола жүлдені қанағат тұтты. Қазақстаннан бокс финалында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова ғана өнер көрсетеді. Бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов те Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұтты. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны А.Шымбергенов 71 келіге дейін салмақта 2021 жылғы әлем чем­пионы, жапониялық Севон Окадзава­мен қолғап түйістірді. Ширек финалда өзбекстандық әлем чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевтан төрешілер шешімімен алғашқы екі раундта жеңіліп жатып, ақыры нокаутқа жіберген Асланбекке барша қазақ елі осы Азия ойындарында үлкен үміт артқан еді. Бірақ бабы келіскен капитанға бармақтай бақ бұйырмады. Спорт сарапшы­лары мен жанкүйерлер «төрешілер Аслан­бекке әділетсіздік жасады» деп отыр. Себебі қарсыласы С.Окадзава – өте жылдам қи­мыл­дайтын, қаша жүріп, ұпай алуға тыры­сатын боксшы. Соған қарамастан бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Асланбек басым деп тапты. Екінші кезеңде де солай болды. Алайда төрешілер жекпе-жек қорытындысында жеңісті жапониялық боксшыға беріп жіберді – 2:3. Енді С.Окад­зава алтын жүлде үшін тайбэйлік Кан Чиа Вэймен таласады. Қазақстан бокс феде­рация­сы Азия ойындарының жартылай финалында қола медаль алған Асланбек Шым­бер­геновтің соңғы жекпе-жегіне қа­тыс­ты Халықаралық олимпиада комитетіне ресми жүгініп, наразылық білдіретін болды. 

– Төрешілердің Азия ойындары та­рихындағы ең әділетсіз шешімі. Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шым­бер­геновтің жартылай финал кездесуінде төрешілердің өте әділетсіз шешіміне қа­тысты өрескел оқиға болды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұды­рық­тары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Бар­лық жағынан мықтырақ әрі басым болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қар­сы­ласының қолын көтерді. Халықара­лық олим­пиада комитеті IBA-дағы төре­шілікке әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жарты­лай финалында болған оқиға тым шек­тен шығып кетті, – деп мәлімдеді бокс фе­де­рациясының президенті Кеңес Рақы­шев. 

Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз пікірлерін ресми түрде жолдады.

– Бұл ретте турнирдің ең мықты бокс­шылары біздің былғары қолғап шебер­лері­мен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшы­ларға «қызыл кілем» төселді. ХОК қамқор­лы­ғындағы турнирлерде төрешілер шеші­міне наразылық пен шағым беруге бол­майды. Қазақстан — бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындыр­майды, еңсесін түсірмейді деп сенемін және ол бокстан ең маңызды халықаралық тур­нир­лерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын,– деді Кеңес Рақышев. 

Осылайша, бокс федерациясы да, жанкүйерлер де шаршы алаңдағы жекпе жектің әділетсіз өткенін айтып отыр. Тіпті, желі қолданушылары жапониялық боксшы Севон Окадзаваның парақшасына кіріп, жүлдені Асланбекке қайтарып беруді жаппай жазып жатыр. Алайда халықаралық жарыста төрешілердің шығарған шешімі өзгермейді. Ендеше қолдан келер басқа амал жоқ. Ал капитан Асланбек Шым­бергеновке жасып қалмай, олимпиадада алтын алуына  тілектеспіз!

Кербез ЕСІМ