Бүгін – Ұстаздардың кәсіби мерекесі. Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, елімізде аталмыш мейрам қазанның алғашқы жексенбісінде тойланып келген еді.
Мұғалім – бұл адамның  ардақты аты
740
оқылды

 Биылдан бастап Үкімет қаулысымен ұлағатты қауымның мерекесі 5 қазанда әлемнің жүзден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күніне сәйкестендірілді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жарты миллионнан астам педагог еңбек етеді. 

«Мұғалім!» – бұл адамның ардақты аты, 

Білімдік бар биікке шығар саты.

Ең алғаш басталады осы адамнан,

Сүйеді сондықтан да жақын, жаты,– деп жырлаған Сәбит Мұқанов ел бас­­­қа­­­ратын көсем де, таңдайынан бал тамған шешен де, қол бастаған батыр да, басқасы да қай заманда болмасын бір адамға – әлбетте ұлағатты ұстазына ұдайы міндетті болып қалатынын насихат қы­лады. Шын мәнінде, қандай халық, қай ұлт бол­ма­сын қаріп танып, хат жаза алған болса, ілім жинап, ғы­лым қылса, әуелі санасына сәуле түсірген мұғаліміне қа­рыздар. Қоғамның дамуындағы рөлі мен еңбегі ора­сан педа­­­­гогтер қауымының кәсіби мерекесі қар­­­­­саңында еліміздегі ұстаздар ыстық ықы­­ласқа бөленіп, түрлі сый-сыяпат алып, еленіп-ескеріліп, бір жадырап қалатыны бар. Сондықтан да бұл мейрамның маңызы зор. «AMANAT» партиясы мүшелерінің қатарында да еліміздің әр өңірінде білім беруден жалықпай, сан жылдар ұстаздық етіп жүрген мұғалімдер бар. 

Солардың бірі – еліміздің Оқу-ағарту үздігі Шерихан Чачидзе 50 жылдан астам уақыт мектеп қабырғасында қызмет етеді. Еңбек жолын Алматы облысы Талғар ауданындағы №21 орта мектепте ла­борант болып бастаған. 1977 жылдан бастап күні бүгінге дейін Алматыдағы №7 жалпы білім беретін мек­тепте бейнелеу өнерін үйретіп келеді. Шерихан Кирим­қызының шәкірт­­­­тері түрлі шығармашылық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды, бүгін­­де өнер майталмандарына айналып үлгерді. Ұлағатты ұстаз өнер үйретіп қана қоймай, 5-11 сыныпқа арналған оқулықтар, білім беру бағдар­­­ламалары мен элективті курстар жөніндегі комиссия құрамында болды. Ғылыми журналдарға мақала жазып, әр­­түрлі кон­­ференцияларда бейнелеу өнерінің мұ­ға­­лімдеріне тәжірибесімен бөлісті. Шерихан Ки­рим­қызы партия құрылған күннен бастап бастауыш пар­тия ұйымы­­ның (БПҰ) төрағасы болып келеді. Пар­ламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депу­татта­­­­рын сайлау кезінде партияның Медеу аудандық фи­лиалы штабы қоғамдық қабыл­­­­дау бөлмесінің бас­шысы болды. Зейнет жасына келген педагог шәкірт са­на­сына білім нәрін сеуіп, ел болашағы­­­­ның өрен­дерін тәрбиелеу – аса қасиетті міндет екенін айтады. Аяу­лы ұстаз өнер-білім үйретіп қана қоймай, бала­ның бойы­­­­на адамзаттың асыл қасиеттерін дарытуға күш салатын мұғалімдер қауы­­­мының қатарында жар­ты ғасырға жуық қызмет қылғанын зор мәртебе са­найды. 

Еліміз егемендік алған жылдан бері саналы ғұмы­рын білім үйретуге арнаған тағы бір ұстаз – «Бақыт-Ақтау» негізгі орта мектеп-гимназиясының директоры Люд­мила Меңдіғалиева. Людмила апай – қалалық пәндік олимпиада әділқазылар алқасының, сондай-ақ мектептерді тексеру мен аттестациялауда қалалық және облыс­­­тық комиссиясының мүшесі. Жаны шы­­­­­ғар­­­машылыққа құмар мұғалім жайлы әріп­­­тестері жылы пікір айтады: әрбір са­­­­­­­­­­­баққа тиянақты дайын­далатын Людмила Идаятовна көрнекілік құралдарын үнемі пайдаланады екен, мұнысы оқушыны сабаққа қызықтырып қана қаймай, тап­­сыр­ма орындаудағы нақтылығын артыра­­­ды. Сондықтан болса керек, оның шә­кірт­­­тері қалалық, облыстық, респуб­­ликалық шараларға тұрақты қатысып отырады. Люд­мила Идаятовна – өз әріптестеріне әдіскерлік көмегін беруден аянбайды, оқу-тәрбие процессін түрлендіре отырып, әрбір оқушының өз пәніне деген қызығушы­­­­­­лығын арттыру және танымдық шығарма­­­­­­шы­­­­­­лығын байытудың шебері. Германия, Қытайда тәжірибесін шыңдаған ұлағатты ұстаз «Ең үздік білім беру ұйымы–2014»  байқауында ІІ орынға ие болды. 2008 жылы Білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Былтыр «АMANAT» пар­­­тия­­­­­сының «Бел­сенді қызмет үшін» төс­­бел­гісін алды. Әр жылдары ел Президенті­­нің алғысхаты табысталды. 

28 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп қана қоймай, ауы­лындағы мұқтаж отба­­­­сыларға жәрдемдесетін мұғалім – Ғалия Шекенбайқызы жазбай кетуге сірә бол­мас. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауда­нына қарасты Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мек­тептің мұғалімі шәкірттерін еңбекке баулумен қатар, қо­ғамдық жұ­мысқа белсенді араласады. 10 жыл бойы аудандағы «Қаракөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметін атқарған. 

«Мұғалімдік пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру тіпті де қиын емес. Ма­мандығым  – еңбек пәні­нің мұғалімімін. Кейін курс оқып, өзін-өзі тану пәніне жауап­ты маман болып бекітілдім. Еңбек жолын тәлім­гер жұмысынан бастағанмын. Мұқтаж жандарға кө­мек­тесіп, қарияларға қол ұшын созып, аудан халқын алаңдатқан мәселені шешуге тырысатынбыз. Өзін-өзі танудан сабақ бергенде балаларға қо­ғамдық шаруаның маңызын үйретуге зейін қоя­мын. Қоғамдық жұмысым да, мұғалім­дік қызметім де мейірім, қайы­рыммен са­­­­бақта­­­­сып жатты», – деді Ғалия Алинова.

Ұстаздық пен қоғамдық қызметінен бөлек, ол бос уақытында шахмат ойнағанды ұнатады. Оқушыларды осы ойынға баулу мақсатында 40-қа жуық оқушының басын қосып, мектепте шахмат үйірмесін ашқан. «Осы уақыт ішінде үйірмеге қатысып жүрген 40 баланың түгелі менің отбасыма айналып үлгерді», – дейді ұстаз.

Оның айтуынша, ауылындағы мұқтаж отбасыларға тегін киім-кешек бутик аш­қан. Осыдан екі жыл бұрын ашылған дүкен Кішкенекөлдегі «Ару» сауда үйінде орна­лас­қан. Ғалия Алинова қайырымдылық бутигін ашу идеясын алдымен «AMANAT» партиясы Уәли­ха­нов аудандық филиа­­лының  төрағасы Маржан Латы­поваға айтқан. Ол «Нұр» бөлшек және көтерме сауда желісінің басшысы Рашида Темір­­­­бековамен келіссөз жүргізіп, ақырында сауда үйінен қайтарымсыз негізде буктик ұсыну туралы шешімге келген.

«Біздің мектеп мұғалімдері балаларға түрлі киімдер әкеп таратады. Ұнамаған киім­дер қалады, кейде лақ­тырып жатамыз. Мешітте де үйіліп, кейде ретсіз ша­шылып жатады. Ең дұрысы, сол киімдер бір жерде жи­нақы, таза күйінде тұрса әрі мұқтаж жанға қолжетімді бол­са деген ой келді. Бұл іс­ке балалар көп көмектесті.  Ата-аналар, кәсіп­керлер аяқкиім, киім-кешек, тіпті ыдыс аяққа дейін алып келеді. Балалар ойыншығы тез таралып кетеді», – дейді Ғалия.

Ғалия Шекенбайқызы белсенді жұ­мысы үшін Пре­зиденттің, Орталық аппа­­раттың алғысхатымен әрі аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Игі істердің басы-қасында жүретін ұстаз ха­­лықтың марапаты мен оқушылардың ал­ғысы бәрінен биік екенін айтады.

Барша жұрт болашағын ірі қалалардан іздеп, үдере көшкен уақытта ауыл жайын ойлап, онда қызмет ететін ұстаздардың орны бөлек. Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауыл­дық округіндегі Қарақоға орта мекте­­­­бінің ди­рек­торы Жәния Абайқызы­­­­ның еңбегін зор мақтанышпен айтуға болады. Бұл білім ошағында 300-ге жуық оқушы оқиды. Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте жоға­ры білім ал­ған Жәния Хайдарова мектеп директоры әрі математика және информатика пәнінің мұғалімі. Жоғары санаттағы мұғалімнің 24 жылдық жалпы педагогикалық өтілі бар. 

«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», бір мектептің ғана емес, бүкіл аймақтың ахуалын кө­теруге болады. Әр ісімізде табандылық танытып, бір­лесе істесек, көтерер жүгіміз де жеңіл болады», –  деген Жәния Абайқызы Қарақөоға ауы­лын­­­дағы оқу-тәрбие ісін ілгері дамытуда тынымсыз еңбек етіп келеді, ауыл өмірінің қоғамдық ісінен де тыс қалған жоқ. Ұйым­дастырушы әрі жауапты маман көп жыл бойы «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі ретінде қоғам­дық іске араласып келеді. «Балаларды қорғау күні», «Мектепке жол» акциясы секілді шара­­ларды өткізу ке­­­зінде демеушілік көмек көрсетті. Аудандық мәс­ли­хаттың депутаты болған Жәния Хайдарова ауылды абат­­тандыру бойынша халықпен жұмыс жүр­гізді, түйт­кілді мәселелердің шешімін тауып, өзін жауап­кершілікті мойнына алатын бастамашыл адам ретінде де көр­сетті. Шәкірттеріне білім үйретіп қана қоймай, тәлім-тәрбие, адамгершілік, адалдық сынды ізгі қа­сиеттерді бойына дарытып, дұрыс бағыт-бағдар бере біл­ген аяулы ұстаздың 25 жыл ішінде еңбегі еленіп, түр­лі алғыс хаттар мен сый-сыя­патпен марапатталды.

Асыл ТҰМАР