Өңірде партия қатарындағы барлығы 10 мыңға жуық білім беру саласының қызметкері бар.
«AMANAT» партиясы мұғалімдердің еңбегін еледі
721
оқылды

Биыл елімізде ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде 5 қазан болып бекітілді. Бұған дейін бұл мереке айдың бірінші жексенбісінде аталатын еді. Өкінішке қарай, бұл – Дүниежүзілік мұғалімдер күніне орайластырылған. «AMANAT» партиясының мүшелері мерекеге орай бірқатар іс-шара өткізіп, ел-елдегі аймақтардағы ұстаздарды мерекесімен құттықтап жатыр.

«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының деректері бойынша, Қазақстанда барлығы 510 826 педагог бар. Олардың басым бөлігі орта білім беру жүйесінде – 340 958. Сонымен қатар 97 407 педагог мектепке дейінгі білім беру жүйесінде, 36 083 оқытушы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Жоғары білім беру жүйесінде 36 378 оқытушы бар. Соның әрбірі еліміздің қаншама жасын тәрбиелеп, мемлекетіміздің болашағының нық беки түсуіне атсалысып жатыр.

 Осыған орай  «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекеттік мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшыларының жалақысын 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100%-ға кезең-кезеңімен арттыруды жоспарға алды.

Ең қызығы, өңірде партия қатарындағы барлығы 10 мыңға жуық білім беру саласының қызметкері бар екен. Соның бірі – Нұргүл Әбішева. Білім саласында үздіксіз еңбек етіп жүрген ақтөбелік ұстаз 7 жылдан бері Ақтөбе облысы бойынша "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ директоры. Оған қоса, ол «Құрмет» бастауыш партия ұйымына төрағалық етіп, партия бастамаларын тиімді жүзеге асыруға атсалысуда.  

Нұргүл Әбішева еңбек жолын мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып бастаған. Кейін Ақтөбе педагогикалық училищесінде, біліктілікті арттыру институтында еңбек еткен. Сөйтіп, Ақтөбе облыстық ғылыми-практикалық орталығын басқарды. Осы жылдар ішінде ол үнемі ізденіс  үстінде жүрген жан. Тынымсыз еңбегінің арқасында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, Абай атындағы мемлекеттік университетте диссертациялық жұмысын қорғап шыққан. Сондай-ақ білікті маман Оңтүстік Кореяның Токио қаласында  өзінің біліктілігін арттырды. Ол өзі  оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми мақалалардың авторы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының "Педагог-зерттеушісі" атағының иегері.

– Заман талғамына сай ұрпақ тәрбиелеуде білікті де білімді, құзыретті, жауапкершілігі мол ұстаздар ғана жүзеге асыра алады. Білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет екенін Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтты. Біздің институт мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысады. Білім беру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру мақсатында еңбектеніп келеміз,– деді ол.

Нұргүл Әбішева партияның Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы "Мирас" қоғамдық кеңесінің, Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің мүшесі. 2019 жылдан бері «Құрмет» бастауыш партия ұйымын басқарып, 500-ден астам мүшесінің басын біріктіріп отыр. Осы жылдар ішінде «Құрмет» бастауыш ұйымы үздіктер қатарынан көрініп, белсендігімен танылды.