Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Республикалық педагогтер съезінде айтқан білім және отандық педагогика саласындағы күрделі 7 мәселенің шешіміне жеке-жеке тоқталды.
Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына ықпал етеді  – Тоқаев
673
оқылды

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Республикалық педагогтер съезінде айтқан білім және отандық педагогика саласындағы күрделі 7 мәселенің шешіміне жеке-жеке тоқталды.

«Ұстаз – еліміздің интеллектуалды капиталының қалыптасып, дамуында басты темірқазық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі Республикалық педагогтер съезінде білім саласының мемлекетіміздің одан әрі даму жолындағы рөліне кеңінен тоқталды. Бұған байланысты «Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет», – деп білім саласының ендігі дамуының жаңа міндеттерін айқындады. Білім және отандық педагогика саласындағы күрделі 7 мәселенің шешімін айтты.

Бірінші. Ұстаздардың біліктілігін арттыру. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан педагогика мамандықтарындағы ескі мазмұндағы және заманауи жаңа талаптарға сәйкес келмейтін білім беру бағдарламаларды еңбек нарығының талаптарына сәйкес қайта қарауды ұсынды. Заманауи тәсілдер және технологияны жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларының мазмұнына енгізу қажет. Халқымыз «Ұстаз – келер күннің ұстасы»  дейді. Ол қалыптасып келе жатқан бала дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Ендеше балаларымыздың алдында жүрген мұғалімнің жұмысына жағдай жасау, мәртебесіне сай құрмет көрсету мемлекеттің міндеті.

Екінші. Балаларымыз заманға сай озық білім алуы керек. Оқушылар алған білімін өмірде қолдана алатын қолданбалы білім алуы өзекті. Еңбек нарығы жылдам өзгеруде. Сәйкесінше, сапалы білім, сол білімді қолдануға арналған шығармашылық дағдылар, құзыреттіліктерді меңгеруі шарт. Өмірдің барлық саласына жасанды интеллект енуде. Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының және ұлттың жаңа сапасының басты көрсеткіші. Қазіргі қоғам мен оның аса шапшаң даму ырғағы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етуде. Соның ішінде еңбек нарығының өзгерістері жасанды интеллектпен ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді де адал ұрпақ өсіруді міндеттейді.

Оқушылар басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуға, алдына мақсат қоя білуге, уақытын дұрыс жоспарлауға және жеке қабілеттерін тиімді пайдалануға үйренуі қажет. Ақпарат тасқынында керегін іздеп табуға үйрету арқылы біз балаларға жеке білім алу траекторияларын қалыптастырып, өмір бойы білім алу дағдысын сыйлай аламыз. Сонда ғана оқушы болашақта табысты маман болып, сәтті жеке өмір құра алады. Мектептердің түлектері еңбек нарығының жаңа талаптарына сай болуы үшін, өзгерістерге бейімделіп, үздіксіз оқуға, өзін-өзі тоқтаусыз жетілдіруге дайын болуы абзал.

Үшінші. Мектептегі оқушылардың орын тапшылығын жою – ең маңызды міндет. «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы барлық өңірлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде жаңа стандарттармен мектептерді салып, 2 жылда үш ауысымды мектеп проблемасын біржола шешуге бағытталуда.

Төртінші. Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Президентіміз салалық министрлікке, яғни мемлекеттік орталық органға жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруді тапсырды. Жаңа мектептер жобаланғанда бұл мәселе   мұқият ескерілуі қажет деп басып айтты.

Бесінші. Тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Әрине, бұл жылдар бойы қордаланған түйткілді проблемалардан туындап отыр. Кәсіпкерлерге ауыл мектебіне жағдай жасау міндеті жүктелді. Мемлекет пен бизнестің күшін біріктіру арқылы ауыл мектебінің функционалдылығын арттыру жұмыстары қолға алынады. Алдағы 3 жылда кемінде 1 мың ауыл мектептерін оқу жабдықтарымен жабдықтау жүзеге асырылатын болады.

Алтыншы. Білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңызды. Ақпараттың таралу жылдамдығының өсуі білімнің жаңару жылдамдығын да арттырды. Оқу орнында алған біліммен өмір бойы жұмыс істеуге болатын мамандық қалмады. Өмір бойы оқу, үздіксіз оқу, біліктілік ұдайы жетілдіру ұғымдары адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұның барлығы мектеп өмірінің фундаменталды негіздерін қайта қарауды қажет етеді. Барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкімет алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. 6 айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін деп қадап айтты.

Жетінші. Оқушыларға озық біліммен қатар, өнегелі тәрбие беру керек. Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде мектептен жаңа қоғамдық этика нормалары қалыптасуы абзал. Ұлттың жаңа сапасын орнықтыруда оқушылардың бойындағы қасиеттерге тоқталды. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керек. Тәрбие ісінде ұлттық педагогиканың бұлағынан сусындау шарт. Қазақтың өмір сүру принциптерін, дүниеге, уақытқа деген көзқарасын айқындайтын киелі қағидалар бізді ұлт ретінде сақтайтын, ақпарат тасқыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын осындай темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажет.

Сонымен қатар адамзатқа жат қатыгездік, масылдық, еріншек мінезден бойды тасалап, мейірімділік, елгезектік, қарапайымдылық секілді қасиеттерді оқушы бойына бала күнінен дарыту керек. Мемлекет басшысы, сөзінде соңғы кезде қызу пікірталасқа ұласқан дін мәселесіне берік ұстанымын білдірді. «Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – деп түйіндеді сөзін Президент.

«2019 жылы тамыз кеңесінде Президентіміздің білім, ұстаз, мектеп саласының күрделі реформаларының жүзеге асырылуына негіз болған бастамалары көз алдымызда нәтижесін беруде. Бүгінгі мәселелердің шешімі – елімізде азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқасүйер «креативті өндірісті» дамытуға негіз болады деп ойлаймын», – дейді Мәжіліс депутаты.