Агрессияға толы қоғамда қауіп-қатерді алдын ала бол­жау қиын. Оның үстіне, қазір­гідей наным-сенімі әртүрлі адам­дар арасында өзгелерге көңіл толмау, түймедейді түйе­дей етіп көру қалыпты дүниеге айналып барады.
Ақша аз ұсынғанның айы оңынан туады
1,681
оқылды

 Сондықтан әлемнің кез келген бұрышында күн сайын қақтығыс болып, сәт сайын террористердің шабуы­лы­на ұшыраған адамдар ту­ралы естиміз. Ең сұмдығы, арам пиғылдағы адамдар стра­тегиялық маңызды ғима­рат­тарға ғана емес, адам аяғы көп жүретін қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандарға да жиі шабуыл жасап жатыр. 

Мұхиттың арғы бетіндегі тер­рор­лық қақтығыстарды айтпағанда, осы күні әйеліне кегі кеткен бұрын­ғы күйеуі тапа тал түсте жұмыс ор­нындағы адамды жазым еткенін көріп жүрміз. Ал осындай агрессивті адамдарға тойтарыс беруге тиіс әлеуметтік нысандағы қауіпсіздік қызметінің әлеуеті қалай? 

Жекеменшік білім беру меке­мелері мен банктердің дені физи­калық дайындығы мығым адамдар күзетіп тұратынын байқайсың. Дұрыс қой, білім алушылардың қам­қоршылары төлеген ақшаға ұйым­ның да балаларға білім беру­мен бірге, белгілі бір деңгейде қауіп­сіздігі үшін бас қатыруға тиіс. Сондай-ақ қыруар қаржы айналымы жүретін банк жүйесінде де қауіп-қатерге маңызды көңіл бөлінеді. Бұл елдегі басқа да әлеуметтік ны­сан­дарда қызмет ететіндердің қауіп­сіздігіне көз жұма қарау дегенді біл­дірмесе керек. Себебі әлгінде айт­­қандай, осы күні білім ошақ­тарына жасалатын шабуыл көбейді. Айталық, 2004 жылы Солтүстік Осетияның Беслан қаласындағы мектепте болған террористік ша­буылда содырлар екі күн бойы 

1 200-ден аса адамды кепілге алды. 2017 жылы Қытайдың шығыс ай­мағында орналасқан Цзянсу про­винциясындағы балабақшалардың бірінде үлкен жарылыс болды. Ал 2021 жылы Қазан қаласында мек­тепте атыс болып, кемінде 9 адам қаза тапқаны туралы айтылады. Кейбір дереккөзге сүйенсек, 11 немесе 13 адам мерт болған. Одан бө­лек, оннан астам оқушы ауруха­наға ауыр халде түсіп, 30 адам зардап шеккен. Ал биыл Қытайда ер адам балабақшада бірнеше адамды пышақтап кетті. Салдарынан алты адам қаза тапты. Бірақ әлемді дүрліктірген дүрбелеңнен кейін біз­дің Үкімет те мәселенің алдын ал­мақ үшін кеңес құрып, қауіпсіздікке көңіл бөліну керек екенін айтып тар­қасатыны бар. Одан кейін әдет­тегідей тіршілік өзінің ырғағымен жалғаса береді. Оның мысалы, сол кеңестерден кейін де баяғы жартас – бір жартас. Бүгінде елдегі білім беру мекемелері мен медициналық ұйым секілді әлеуметтік нысандар­дағы күзетшілердің дені – зейнет жасындағы адамдар. Еңбекке қабілетті болса жұмыс істеп, ары қарай тер төгуіне қарсылық жоқ. Тек балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алған адамдардың дене дайындығы алдыңғы кезекте ойландыру керек. Ал біздегі жағ­дайға қарасақ, күзетші ғимараттағы адамдардың бас амандығы емес, мекеменің мүлкіне қырағылық жа­сап, арасында телефоннан те­ле­сериал көріп уақыт өткізетін жұ­мыскер секілді.

Қайбір жылы Ұлттық экономика министрлігі күзетшілер қоғам­дастығының жете қорғалу қажеттігі туралы мәселе көтерген. Олардың айтып отырған уәжі мынау: «Кә­сіпкерлік туралы» кодексте «күзет қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп тануға болмайды» деп көрсетілген. Сондықтан орта кәсіпкерлік субъек­­тілері секілді салық төлеуге мін­деттелген. Оның қасында мил­лиардтаған ақша айналымы жүретін BI-Holding компаниясының өзі шағын кәсіпкерлік мәртебесіне ие. Ал негізінде орта кәсіпкерлік су­бъек­тілеріне 101-ден 250-ге дейінгі жұмыскері бар немесе жылдық орташа табысы 300 мың АЕК-тен асатын компаниялар жатады екен. Сол үшін Ұлттық экономика ми­нистрлігі күзет ұйымдарының мәртебесін барынша дәл әрі әділ анықтау үшін олардың нақты жұмысшыларының саны мен нақты орташа жылдық табысын ескеру қажет деген ұсыныс тастаған бо­латын. Қазір мектептер, жоғары оқу орындары және басқа білім беру мекемелері – осындай күзет агент­тіктерінің клиенттері. Ал шағын күзет ұйымдарына салықтардың, әкімшілік айыппұлдардың және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдердің қолданыстағы мөл­шері ауыртпалық түсіреді екен. Салдарынан күзет агенттіктерінің өз қызметін дамытуға, қызметкер­лердің жалақысын үнемі көтеруге мүмкіндігі жоқ. Содан да қымбат­шылықта күзет қызметіне табысына емес, уақытын өткізуге қолайлы жер іздейтін қарт адамдар баратыны түсінікті. 

 

Бала қауіпсіздігі бюджетке қарап тұр

Ішкі істер министрлігі Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орын­басары Серік Құспанов «Қоғам қарқынды дамыған сайын күзет қызметтері бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігі артып келеді» деген болатын. Сөзінің жаны бар. Қоғам өкілдерінің де ортақ ойы осы. Мектептегі қауіпсіздікті күзет фир­малары қамтамасыз етуі бұрыннан айтылып келеді. 2000 жылы қабыл­данған «Күзет қызметі туралы» заңға сүйенсек, күзет қызметі ли­цензияланатын түрге жатқызылды. Оларға лицензияны мемлекет атынан Ішкі істер министрлігі бе­реді. Ал күзет қызметтерін көрсетуге арналған шарттар жергілікті бюд­жеттен бөлінген қаржы шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заң­намаға сәйкес дербес, тікелей білім беру ұйымдары мен жеке күзет ұйымы арасында жасалады. Бұл рет­те мектеп әкімшілігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жер­гілікті қаржыландыру есебінен жү­зеге асырады деген сөз. Мәселен, стратегиялық маңызды нысандарды күзетуге міндет алған лицензия­ланған күзет ұйымдары күзетші­лерінің әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін қорғайтындардан айыр­машылығы – атыс қаруы мен арнайы құралдарды пайдалануға құқылы. Сондай-ақ олар алдын ала мамандандырылған оқу орталық­тарында атыс, құқықтық, физика­лық дайындық және басқа пәндер бойынша емтихандар тапсырып, тәжірибесін арттырады. Ал әлеумет­тік нысандарды күзететін вахтерлер мен күзетшілер мұндай дайындық­тан өтетіні белгісіз. Өйткені көбі жоғарыда айтқандай, физикалық тұрғыда әлеуеті аз. 

Қазір елімізде 3 298 мектеп пен 4 214 балабақшада лицензияланған күзет қызметі жоқ. Жыл басындағы мәлімет бойынша тиісті лицензиясы бар күзет ұйымдары тек 3 404 мектеп пен 1 371 балабақшаны күзетеді. Оның ішінде дабыл жүйесі арқылы жедел әрекет ететін мобильді топтар жұмыс істейтін 2 050-ге жуық мек­теп пен 790 балабақша бар. Сонда қалған объектілердегі қауіпсіздікті бір Құдайға тапсырып отырмыз ба? Себебі лицензияланған күзетті сатып алу үшін жергілікті бюджеттің жағдайына қарау керек. Сол себепті мемлекеттік сатып алуға аз қаржыға өтінім берген күзет компаниясын таңдау әлдеқайда оң шешім болады. 

 

Қолданыстағы заңның кемшілігі көп

Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтановтың сөзінше, күзет агенттіктерінің жұмысын ұйым­дастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу қажет. «Үкімет қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бұл мәселені ерекше ескеріп отырмыз. Сондай-ақ «Мәдениет және білім туралы» заңға да өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу маңызды. Құжатта әлеу­меттік нысандарды бақылауға қабілеті мен лицензиясы бар күзет қызметінің міндеті нақтылануға тиіс. Бүгінгідей заман қауіпті бола түскен сайын әлеуметтік нысандар­дағы күзет қызметінің әлеуетін арт­тыруға көп көңіл бөлінгені дұрыс. Сондықтан күзетшілерді жұмыспен қамтып отырған ұйымдардың жауапкершілігі нақты белгіленген жөн. Өйткені ертеңгі күні олардың денсаулығына зақым келсе кім жауап береді? Күзетшілер мен вахтерлер балаларды қорғауға қа­білеттігін дәлелдейтін арнайы дайын­дықтан өтуі де заңда көр­сетілуге тиіс», – дейді ол. 

«Aqniet қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Бақытжан Тәжібаев медициналық ұйымдардағы күзет қызметі науқас пен дәрігердің қауіп­сіздігін емес, мекеменің мате­риалдық базасына бақылау жасай­тынын айтады. Оның айтуынша, медициналық ұйымдарда рецидивті пациенттер келетін болса күзет қызметі белгілі бір ережеге сай агрессивті науқасқа тоқтау жасау керек. Алайда күш қолданып тоқ­татуға мүмкіндігі жоқ. Себебі ер­теңгі күні ол үшін жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Ал олардың негізгі міндеті – ғимаратты қорғау. Яғни, мүлікті қирату, сындыру, ұрлау деген ұсақ құқықбұзушы­лықтардың алдын алу. Сондықтан медицина қызметкерлерін қорғауға қатысты міндеттері нақты көрсе­тіл­меген. «Күзет қызметі мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысады. Сол кезде лицензиясы бар күзет ұйым­дарының қайсысы төменгі ақшаны ұсынса, сол компания жеңіп шыға­ды. Сол жеңіп шыққан компания­лардағы қызметкерлердің көбі спортпен айналысатын физикалық дайындығы аз зейнет жасындағы адамдар. Өйткені оларға төленетін жалақы аз. Күзет қызметін ұйым­дастыру бойынша заңдардағы ақаулардың бар екенін ашық айту керек», – дейді Бақытжан Арынұлы.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «күзет қызметіндегі кем­шілікті жауапты адамның жоқтығы­нан іздеу қажет» деп отыр. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» керін келтірген қазіргідей жағдайда қауіпсіздік қызметінің біліктілігіне біржақты баға беру де қиынға соғады. Оның айтуынша, күзет қыз­меті тікелей мекеменің басшысына бағынатын болса, қауіпсіздік қыз­меті жан-жақты жұмыс істейтін еді. Қазіргі жағдайға қарасақ, бір театрда бір нәрсе жоғалса, оған қауіпсіздік қызметі немесе сол жердің басшылығы жауапты ма, нақтыланбаған. «Қауіпсіздік қыз­меті тәуелсіз деп те айта алмайсың. Алайда мекеменің басшылығы бөлек, күзетшінің тікелей бастығы басқа жақта болған соң жұмыстың қолайсыздығы туады. Сол үшін қауіпсіздікке жауап беруге міндет алған күзет қызметіне бақылауды мекеме басшылығы жүргізуі керек. Бұл ертеңгі күні қауіпсіздікке бір ғана адамды жауапты қыла алады. Тиісінше, ол өзіне ыңғайлы қыз­меткер қабылдайды. Қауіпсіздік көрсетуге қауқарлы адамды іздейді. Сондықтан «Мемлекеттік сатып алу» заңына өзгеріс енгізу керек. Дегенмен зейнеткердің барлығы жұмысқа жарамсыз деуге келмейді. Мысалы, күштік құрылымдардың қызметкерлері зейнетке ерте шы­ғады. Олардың физикалық әлеуетін пайдалануға болады», – дейді Ринат Зайытов. 

Қорыта келгенде, әлеуметтік нысандардағы қауіпсіздік мәселесі қолданыстағы заңдардың қате қа­былдануында болып тұрған секілді. Адам өмірі маңызды меке­мелердегі қауіпсіздікке келгенде соңғы тиын­ды санап қалатын жергілікті бюд­жеттің ережесі де елеп-екше­ленсе, әлеуметтік ны­сандардағы күзеттің әлеуеті артар ма еді. Бұл болмаса, дамыған ел­дердегідей күзет ұйы­мының ли­цен­­зиясын жыл сайын қайта рәсімдеп, біліктілігін растап отыру міндеттелгені жөн. 

 

Жадыра МҮСІЛІМ