Жалпы, сөз – қатынас құралы ға­на емес, ол – өнер! Өнер болғанда да бар өнердің көшбасшысы. Сон­дықтан да халқымыз «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Сөз өнері жөнінде халық даналығы мен әйгілі ойшыл­дарымыздан қалған тұжырымдар да аз емес.
Жүйелі сөздің  жүйрігі
945
оқылды

Адамдар арасындағы қатынас құралы­нан өнер биігіне дейінгі аралықта сөздің алар орны әлмисақтан белгілі. Бірақ оны кім қалай бағалап, қаншалықты қадірін біледі, ол – жеке дүние. Біздің айтпағымыз – тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміздің өміріндегі сөз өнерінің орны. Ақтаңгер ақын, халықаралық, республикалық, аймақтық ақындар айтысының неше дүркін жеңімпаз-жүлдегері, Қазақ­стан Жазушылар және Журна­лис­тер одағының мүшесі, Қазақ мәдениетінің қайрат­кері Серік Құсанбаевтың бір қыры – сөз өнерін дамытушы тұлға. 

 

Қысы-жазы өңін бермес шыршадай

Бала күніндегі батырлар жырына деген құштарлығы оны жігіт шағында өнер айдынына алып шығып, ғұ­мыр бойы қазақ ру­ха­ниятына қызмет еттіріп келеді. Сонау 1990-шы жылдары айтыс көгіне жарық жұлдыздай көтеріліп, содан бері 20 жыл көлемінде неше мәрте ала­манның алдында келіп жүрді. 

Айтыс – сөз барымтасы, сахна төрінде қарсыласыңды қапы қалдыру, өнеріңмен басым түсу үшін айтыскер ақын бойында сан қырлы талант болуы шарт. Оның бәрі Секеңнің бойында толықтай бар. Суырып­салмалық, сөзді жүйелі қолдану, машықты мақам, әуезді үн, домбыра шерту шеберлігі секілді өлшемдерге ол өте мұқият әрі мүлтіксіз жүзеге асырады. Секеңнің сах­надағы сыртқы сыр-сипаты мен ішкі иірім­дері бірін-бірі толықтырып, өнер­паздық тұлғасын өзгелерден даралап тұ­рады. Осындай қыры оны бірден көрермен көзайымына айналдырып жіберетіндей. Одан ары айтыскеріміз құйқылжыған дом­быра үні мен құйылып түскен өлеңдерін төкпелете жөнелгенде жырсүйер қауым да дүрлігіп сала береді. Қарсыластар бір-біріне сай болса, жыр сайысы қыза түсіп, қалың топтың қиқуына ұласпақ. Сөз өне­рі­нің құдіретінен туындайтын мұндай көрі­ністердің талайына куә болғанымыз бар.

Серік Сәдуақасұлымен танысып, та­ныстығымыз достыққа ұштасып кеткеніне де ширек ғасырдан асып кетіпті. Сондық­тан естігенімді емес, көргенім мен көңілге түйгенімді көпшілікке ұсынсам деймін. Біздерді өзара жақындастырып жіберген де осы сөз өнерінің шапағаты. Секеңнің бойындағы өнерпаздық, адамгершілік, күрескерлік, шыншылдық ерекшеліктері бәрі тәбиғи және сол табиғатынан біткен қасиеттерді қандай жағдайда болсын бұзбай таза қалпында сақтап келеді. Бір ғана айтыстағы жетістіктері үшін сан мәрте марапатталды, мақталды, түрлі атақ­тар алды. Атағы аспандап тұрған шақ­та да айтыскер інілерінің бірі айтқандай, ол «қысы-жазы өңін бермес шыршадай» өзіндік ұстанымынан өзгерген емес. Ұстаным демекші, кемшілікке көз жұмып қарай алмайтын әдеті оған талай шын­дықтың бетін ашып айттырды. Онысы қа­зылардан шетқақпай көргізсе де, келесі жолы да айтуға тиіс ақиқаттарды ақтарып сап жүрді. Басына таяқ болып тиетінін біле тұра саяси тақырыптағы нысанасынан сын садағын бұрмады. Тәтті айтқаны эфирден беріліп, қатты айтқаны қиылып қап отырды. Жалпы, қоғам дамуындағы өткір мәселелерді айтыс сахнасында көтеру осы Серік Құсанбаевтар тұсында бастау алды. Қарсыласты іліп айту мен билікті тіліп айтуда да сол шақтарда Се­кең­нің алдына ешкім түсе қойған жоқ. Көрермен көкейіндегісін айтыс сахна­сынан естіген кезде қалай желпінбесін, өзіне ұнаған айтыскердің әділ бағалануын талап етіп орындарынан тік тұрып, қа­зыларға шүйлігуге дейін барып жататын. Секеңе кейбір бас жүлдені қанжығалауға осындай нағыз айтысқұмар көрер­мендердің септігі тигені де айдай ақиқат.

Айтыс сах­на­сына Серіктерді өк­шелей жеткен буын мен кейінгі толқын үл­кендер үрдісін жалғап, елдік мәселе мен ұлттық құндылықты жырлауды дамыта түсті. Секеңнің суырыпсалмалық шеберлігі мен төгіліп түсетін түйдек-түйдек тіркестері қаншама жасты өзіне еліктетіп, айтыс ауылына ынтықтырғаны рас. Өзі де білгенін өзгелермен бөлісуге әркез дайын тұрды. Аға тұтып, ақыл сұрап кел­гендерге айтыстан түйген тәжірибесін таратып айтудан тартынбады. Жатпай-тұр­май жыр додасының жұм­бағына бойлай жүріп шә­кірттер де тәрбиеледі. Кереку мен Өскеменнің жас айтыскерлерінің қанат­тарының қатаюына бір кісідей ықпал етті. Алғашқы шәкіртінің бірі – Нұрлан Аққазин 1994 жылғы рес­пуб­ликалық айтыстың бірінде Мұхаметжан Тазабековпен айтысып, бас жүлде иеленді. 

 

Айтыс деген – мың сиқыр...

«Спорт деген – бір сиқыр болса, айтыс деген – мың сиқыр» деп Секеңнің өзі айтқандай, сахнаға дейінгі дайындықтың өзі бір толып жатқан әуре. Спортшы фи­зикалық тұрғыдан машықтанса, айтыскер негізінен логикалық бағытта бапталады. Сахна сайысында ой қайшылығына ұры­нып қалмау, жөпелдемеде сөз тауып, оны ұйқасқа салу, ұтымды жеткізу, қойыл­ған сұрақты жауапсыз қалдырмау, сол сәттегі көріністерді қалт жібермей жырыңа қоса қою, қарсыластың қимылы мен қиыс кеткен жерін қырғидай қиып түсу секілді шарттарды ескеру керек. Соның бәрі санаңда сабылысқан кезде тынысың сан мәрте тарылып, сан алуан күй кешесің. Бұл айтыскер лабораториясының бір қыры ғана. Ойыңда шуақ, сөзіңде қуат болмаса қарсыластан басым түсу, көрермен ризашылығына бөленудің ауылы алыс. Серіктің әу бастан әдетке айналдырғаны өзінің сыртқы формасы қалай жинақы болса, өлең өрнектері де шырайлы әрі буындары мен ұйқастары да жұп-жұмыр. Айтыстары қанша уақытқа созылып кетсе де, түйлек-түйдек шумақтарынан шашы­раңқылық байқалмайды. Мұның бәрі оның өнер мен өлең өлшеміне аса бір жауапкершілікпен қарауының белгісі. Жауапкершіліктің өзіне мұқият болмасаң нәтиже әркелкі болмақ. Кейіпкеріміздің мұқияттылығы мен тиянақтылығы айтыс­тағы жыр байрағын 20 жылдай үздіксіз желбіретті. Оның өзінде айтыстағы қатар­ластары сахнадан сырттап қалғандықтан тізгінді еріксіз тежеуге тура келді. 

Өнер мен өлең өлшеміне мұқият болуы Секеңнің сахнадағы тұлғасын тез биіктетті. Айтысқа алғаш шыққаннан-ақ жұртты өзіне жалт қаратты. Сахнаға «Әги-гай-лап» шығып, тасқын жырымен тыңнан түрен салғанда былайғы жұрт оны «Айтыс өнеріне бала күнінен дағдыланып, мықты бір ұстаз баулыған болар?!» деп ойласа керек. Алайда ол айтысқа тіптен тосыннан қосылыпты. Бала күннен домбыраға әуестеніп ән, терме айтып жүргені болмаса біреумен сөз қағыстыру ойына кіріп-шықпаған әрі ондай өнерге ұмтылуға ешқандай себеп те болмаған ол кезде. 

Ұмыт болған ұлы өнер 1988 жылдары ғана қайта жаңғыра бастағаны бәрімізге белгілі. Сол кездерде Серік Павлодар облысының құрылғанына 50 жыл толу құрметіне арналған аймақтық ақындар айтысына Екібастұздың атынан алғаш рет терме орындауға барады. Ақтамберді жыраудың термесін тебірене шырқап тыңдарман айызын қандырғанмен сол жолы оның өз көңілі байыз таппай қай­тады. Айтыскерлердің табан астында сөз құрап, бірін-бірі өлеңмен сынап, бетпе-бет бәсекелесуі, төгілтіп айту, көсіліп шыр­қау секілді сұлу өнер сиқыры өзіне бір­ден тартып әкеткен. Құштарлық деген сол, термеші болып келіп, тебіреніп қайт­қан ол келесі жолы облысқа айтыскер болып оралған.

Аз уақыттың ішінде айтыскер болып шыға келу айта салғанға оңай болғанымен, ол да бір таңғаларлық жағдай. Оның өзінде тым қысқа мерзімде еліміздің алдыңғы қатарлы айтыскері атанды. Мұның бәрі Секеңнің бойындағы ізденімпаздықтың жоғары көрсеткіші. Бағанадан айтып отырған мұқияттылық пен қырағылықтың нәтижесі. 

Айтыс өнерінің тарих қойнауынан енді ғана бой көтерген кезі, қазіргідей толып тұрған аудио, видео жазбалар жоқ. Кі­тапхна түпкірінде қалып қойған бұрынғы шығарылымдарды қайта қопарып, жөн біледі-ау деген жандармен пікірлесіп, әркім өзінше әдістеме қалыптастырып жатқан уақыт. 

Негізінде, өнер адамға қонады, ізде­німпаз болсаң ол өнер ары қарай дами бермек, керісінше немқұрайлы қарасаң біртіндеп суси түсетін секілді. Серіктің табанды әрі тиянақты ізденгіштігінің бір мысалы – қолға алған істерінің барлы­ғының да қорытындысы жоғары. Спортта, әнші-термешілікте, айтыста, поэзия мен публицистикада, журналистикада бәрінде көрсеткіштері көрнекті. Мұның бәрі аз жетістік емес, «сегіз қырлы, бір сырлының» нағыз өзі. 

Бір сырлы демекші, бірде Секеңнің айтысы қазылар тарапынан жеткілікті бағаланбай, көңілсіз тұрғанын меңзеп замандасы Қуаныш Мақсұтов: «Секе, өзің бір түрлі болып тұрсың ғой?» десе, Секең: «Әрине, сен секілді бірнеше түрлі бола алмаймын ғой?!» деп жауап қайтарыпты. Осындай табан астында тауып айтар қыры, түрлі әзіл-оспақтары да баршылық. Оның сыртында күйді де кәсіби домбырашыдан кем шерпейді.

Ізденімпаздығының үлкен бір көрінісі айтыс өнерінің айтулы өкіліне айналып, өзіне тән қолтаңбасын қалдырғандығы. Әуелден «Әги-га-айлап» шыққан мақамы өзінің ғана болмысын ашып берді. Ол әуенге осы уақытқа дейін ешкімнің жа­қындай алмай жүргені, ол әуен әркімнің ыңғайына көне бермейтіндігінен болса керек. Әуен демекші, Секең серік еткен он бір және сегіз буынды өлең жолдарына лайықталған екі мақам да айырықша. Айрықша болатындығы бұл екі мақамға да екпіндеп, төкпелеп жырлайтын мінезді ақындық әлеует керек. Көптеген айтыс­керлер көпшілікке ортақ болып кеткен белгілі мақамдарды қолданып келе жатса, бұл мәселеде де Секең тыңнан жол салды. Оның еншісіндегі он бір буындық «Әги-га-гай» айтыс сахнасындағы жаңа мақам болса, сегіз буындық мақамы да жаңалыққа жатады. 1996 жылы Тараз қаласында Жам­был Жабаевтың 150 жылдық мерейтойы аясында республикалық ақындар айтысы мен қатар жыршы-термешілер сайысы да өтті. Бұл өнер майданында небір майтал­ман жыр­шылар терме, дастандардың түр-түрін төгілтті. Осы республикалық айтыс­тан Серік тек жүлделі ғана оралған жоқ, сахнада серік болатын сегіз буындық ма­қам олжа­лап қайтты. Келесі айтыстарында осы сегіз буынды мақамға салған кезде оның құлашы бұрынғыдан да кеңи түсті. Кең тынысты, еркін көсілетін айтыскер үшін бұл өте оң­тайлы мақам болып қалып­тасты. Бұл ма­қамды да әлі күнге дейін айтыста Секеңнен басқа ешкім пайдалана алмағанына қарағанда, ол әуенге де әркімнің тісі бата қоймаса керек. Осындай күрделі мақамды еркін меңгеруі оның жастайынан тер­мешілікті серік еткенінен болар.

 

Ақиқатқа айналған аңыз

 Секеңнің домбырада орындайтын әндері мен термелері де бірқыдыру бар­шылық. Репертуарындағы қай туынды болсын терең талғаммен іріктелген. Оның бұл бағыттағы ізденісі де дәстүрлі ән орын­даушылардан кем түспейді. Әндер мен термелердің табиғатына бойламай бояуын келтіру мүмкін емес екенін берік ұстанғаны байқалады. Айтулы әншілерге арнайы сәлем бере барып тәжірибесін толықтыра­тыны өз алдына, әуе толқында шырқалған туындылар арасынан да теріп алатын әдеті бар. Репертуарындағы «Жан аға», «Құлын­дарым» әндері сондай талпыныстың мы­салы. Бұл екі әнге ерекше тоқталып отыр­ғаным екі ән де, әндердің авторы да тағ­дырлы. Әлгі туындылардың авторы Райымбек Құрманов радиоға берген сұхбатында шығармаларының шығу тарихын айта келе, 1962 жылы, туған ағасы арғы бетте қалып қойып, өзі бергі бетке өтіп кетіп, содан қалыптасқан сартап сағынышын өлеңге, одан әнге ұластыр­ға­нын баяндай отырып туындысын орындап берген. Адамдар басындағы түрлі тағдыр­лар жас жігіттің көңілін қатты толқытса керек әнді бірден өзіне сіңіріп алған. Ынтазарлығы қатты ауғаннан болса керек, Секең бұл әндерді шырқағанда автордың өзінен асыра орындайтын секілді әсерде боламын. Олай дейтінім, Райымбек ағаны Секең көрмегенімен мен сан мәрте көріп әндерін тыңдағанмын. 

2007 жылдан бері Секең журналистика саласында да сүбелі дүниелер жасай білді. Айтыс сахнасында көсіліп жырлап, есіліп шырқап келген ақынымыз газет бетінде де ойлы мақала, ойнақы тақырыптар беріп келеді. Әулеметтік мәселенің әләу-лайынан гөрі рухани құндылықтар мен тарихи тұлғалардың туын көбірек көтерді. Ағымдағы тапсырмалардан бөлек қалың оқырманға ортақ тақырыптарды табу – жазылмаған сын. Оны тек өзің сезініп, сол үшін табандылық танытуың керек. Сонда ғана сенің қалмагерлік қырың, журналис­тік шеберлігіңнің деңгейі мен дәрежесі айқындалмақ. Бұл бағытта да Секең өз өрнегін қалыптастырып, публицистика айдынында арындай түсті. Газетте жарық көріп, оқырман ықыласын арттырған ең таңдаулы публистикалық топтамасы 2021 жылы екі томға жүк болды. Жиыны төрт мың тиражбен шыққан «Көкдауыл» және «Дүбірге толы дүние» атты қос томдықтың тез тарап кетуін оқырман сұранысын өтей білгендік деп бағалаған жөн. 

«Журналисті аяғы асырайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Серік те ел аралап, елеулі тақырыптар іздеуден кенже қалған жоқ. Бұрынғы ШҚО аумағындағы өңірлердің бәрінде болып, көңілге түй­гендерін көпшілікпен бөлісті. Ана бір жылы Абай ауданын аралап қайтқан ақын-журналист 2018 жылдың көктемінде «Құнанбайды қашанғы таспен қоршап қоямыз?!» деген репортаж берді. Оқыр­манның бірі ретінде біз де: «Бұл да ойла­натын нәрсе екен» дедік. «Абайдай ұл тәрбиелеген Құнанбайға да лайықты құр-мет жасалуы керек!» деген қоғамдық пі-кірдің қалыптасуына осы жазбаның ора-сан ықпалы болғаны анық. Қоғамдық пі- кір билік басына жетіп, 2020 жылы Ақшо­қыдағы қорым абаттандырылып, жанына Құнанбай Өскенбайұлының атындағы музей салынды. Осындай тікелей ықпалды тағы бір еңбегін атасақ, ол – Байбура құлпытасы. Қалбатау – Көкпекті тасжолы бойындағы «Байбура бораны» жайлы түрлі-түрлі аңыз-әңгіме бұрыннан айтылып келге­ні­мен ешкім оның кім, қандай адам болғанынан хабары жоқ еді. Айтыскер шағында Бай­бура туралы баллада жазып елді елең ет­кізген ол газет жұмысы бары­сын­­да індете іздеп әлгі аңыз адамның өз за­ма­нының беделді биі болғандығын анық­тап, ұрпағымен қауыштырды. Ұрпақ­тары да қарап қалмай, баба рухын асқақ­татып 2022 жылы қорым басын жаңғыртып, биік­тігі үш метрлік мәрмар тастан белгі қойды.

 

Қос Дидары – қос қанаты секілді

Жалпы, біздің кейіпкеріміздің айтыс сахнасындағы ұстанымы қалай болса, газет бетінде де солай жалғасты. Мақсаты – елдің кәдесіне жарайтын дүние тындыру. Суырыпсалмалық пен жазба өнер табиғаты ұқсас нәрсе болғанымен екеуін тең алып жүру оңай емес. Десе де, арасын ажыратпай алып келе жатыр. Айтыста айтылмай қал­ған ойлар қаншама мақалаға өзек болғаны анық. Өлең желісіне келе бермейтін түйт­кілді тақырыптар немесе ел ішіндегі есті әңгімелер прозалық нұсқаға айналды. Оған жоғарыда аталған кітаптары дәлел. Кітаптары демекші, ертеректе шыққан «Байғыз», «Жырлаумен өткен жиырма жыл» секілді жинақтарын да жұрт жылы қабылдаған. 

Айтпақшы, өзім әлі көре қойғам жоқ, жақында ғана ақынның бесінші кітабы «Абай әлемі» топтамасымен жарық көріпті. Кітаптың атауы – «Байбура ашуы». Бұл жинаққа Секеңнің сонау 1989 жылдан бастап, осы күнге дейінгі аралықта түрлі тақырыпқа жазған өлең-жырлары, толғаулары мен арнаулары, сондай-ақ табан астында тауып айтылған экспромт-шумақтары мен достық әзілдері енген.

Қос өнерді тең алып жүрген Секеңнің өмірінде өзге де қос нәрселер жоқ емес. Оның бірі әлгінде аталған қос томдық бол­са, ең бастысы ешісінде екі бірдей Ди­дар бар. Бірі – өмірлік жары, балаларының анасы. Үйдегі Дидар мен түздегі «Дидар» (газет) екеуі де Секең шығармаларының шынайы қамқоршысы. Құдды бір қос қанаты секілді. Дидар жеңгеміздің өнер жайындағы ойлары мен талдауы кәдімгі әдебиеттанушылардан кем емес. Тайбу­рыл­ды баптаған Құртқадай Секеңдей жыр тұлпарының жал-құйрығын тарап, шабы­тын шыңдауда бір кісідей еңбегі бар. Кін­дік қандары қасиетті Кереку топырағы­на тамған балалары Мөлдір мен Айбын бұл күнде бір-бір шаңырақтың тірегіне айна­лып ата-аналарына немере сүйдіріп отыр.

Түйіндей айтқанда, жоғарыда айтылған барлық жетістіктерінің басында сөз өнері тұр. Көкейдегі ойды, көңілдегі әсерді жүректен жүрекке жеткізу үшін ең алдымен сөз өнерін дұрыс меңгермек керек. Бұл тұрғыдан алғанда біздің Серік Құсанбаев жүйелі сөздің жүйрігі ғой, шіркін!

Ақиқатынан айнымаған арқалы ақын 60-тың асуына шықса да ауыздығын шай­наған арғымақтай әлі де арынды. Алпыс жас негізі шығармашылықтың кемелде­нетін кезі дейді. Сондықтан ақжарқын көңілден адал досқа арының басылмасын, ырысың шашылмасын дей отырып, ғұмырының да, тұғырының да баянды болуын тілеймін!

Қайрат Зекенұлы, Семей қаласы