Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени, экономикалық, саяси қарым-қатынастар жылдан жылға тамырын терең жаюда. Соның арқасында екі елдің арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 462 млн АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен облыста ұйымдастырылған «Шуша қаласының күндері» іс-шарасына арнайы келген Әзербайжан Республикасының делегациясымен кездесуі барысында айтылды.
Әзербайжандық компанияларды инвестиция салуға шақырды
475
оқылды

Айта кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Респуб­ликасына ресми сапары аясында маңызды келісімдер жасалды. Бакудегі сол сапар аясында екі елдің Президенттері Түркістан мен Шуша қалалары ара­­сында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Осы бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, Түркістан облысында «Шуша қаласының күндері» іс-шарасы аясында Әзербайжан Республикасынан бір топ делегация келді. 

Әзербайжан елінен келген меймандарды облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдады. Басқосуда Түркістан мен Әзербайжан мемлекеті, сонымен бірге Шуша қаласымен мәдени, экономикалық және рухани байланыстарды нығайту барысы сөз болды. Меймандарға өңірдің жағдайын таныс­тырған Дархан Амангелдіұлы бұл кездесудің маңызына тоқталды.

– Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Бүгін біздің облыс пен Шуша қаласының арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асады. Өңірде 23 мыңнан астам әзербайжан этносының өкілі тұрады. Түркістан облыстық «Гарабах» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Өңірде әзербайжан этносының тілі, мәдениеті мен дәстүрі күніне арналған іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Соңғы жылдары Қазақ­стан мен Әзербайжан арасындағы мәдени, эко­номикалық, саяси қарым-қатынастар жылдан жылға тамырын терең жаюда. Өзара ынты­­­­мақ­­­тастықтың арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 462 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары, инвесторларға толық қолдау көрсетілуде. Әзер­­­­байжан компанияларын да ин­вестиция салуға, бірлесе жұмыс істеуге шақы­­­­рамын. Түркістан облысының қолөнершілер қауымдастығы биылғы мамыр айында Әзербайжанның Шуша қала­сында түркістандықтар қазақ халқының салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарын таныстырып, көрмеге қатысты. Шу­­­­шаның Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына арналған іс-шарада Түркістан об­­лысының Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Осы үрдіс жалғасып, қос елдің арасындағы татулық, эко­номикалық және рухани-мәдени байланыстар нығая берсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде Түркі мәдениеті мен мұрасы халық­­­­­аралық қорының президенті Гюнай Эфендиева «Түркістанды бір көргенде ғашық болдым. Шаһар ұнады. Адамдары да ауа-райы секілді жылы екен. Туризм, мәдениет салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл кездесу – сол игі іс­тердің бастамасы», – деді.

Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов және Әзербайжан Республикасының Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамогланов Түркістан мен Шуша қала­­ларының тарихи рөлі, түркі елдерінің бірлігі жө­нінде ой қоз­ғады. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұрт­шы­­лығына алғыстарын білдіріп, екіжақты байланыс нығая түсетініне сенімді екендерін жеткізді.

Түркістандағы Farab кітапханасында «Шуша қаласының күндері» іс-шарасы өтті.

Шараның ресми ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының пре­­­­зиденті Гюнай Эфендиева, Әзербайжан Респуб­­­­­ликасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов, Әзербайжан Республи­­­­­касының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкі­летті елшісі Агалар Атамогланов қатысты. Дос­тық­­­­тың туын желбіреткен рухани шарада Шуша сурет­шілерінің көрмесі, дизайнер және модельер Гульнар Халилованың «Карабахтың ұлттық киімдері» дефилесі, «Хуршидбану Натаван» атты әдеби-музы­­­­калық композициясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының бастауымен құрылған музы­калық ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды.

– Сіздермен тарихи әрі жаңарған Түркістанда жо­лығып тұрғаныма қуаныштымыз. Өздеріңіз біле­тіндей, Түркістан – түркі елдерінің рухани орта­лығы. Былтыр Қазақстан Президентінің Ба­куге ресми сапарының аясында біраз құжатқа қол қойылды. Екі ел арасындағы стратегиялық қаты­­нас­тарды нығай­татын маңызды келісімдер жасал­ды. Сол сапарда екі елдің Президенттері Түркістан мен Шуша қалалары арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Міне, бүгін Түркістан мен Шуша бауырлас қалалар ретінде бірлесе іс-шара өткізіп отыр. Түркістан да, Шуша да тарихта орны бар қаһарман аймақтар. Сондықтан бір-бірімен байланыс орнатуы – заңдылық. Бүгін облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Әзербайжан делегациясын арнайы қабылдап, экономикалық байланыстар туралы тереңнен қозғады. Әзербайжан мен Түркістан арасындағы экономикалық, рухани, мәдени және туристік байланыстар нығая түседі деп сенемін. Қос тарихи қаланың абыройы асқақтай берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары Б. Тәжібаев.

Farab кітапханасында өтіп жатқан шарада Шушаның тарихы мен мәдениетін сипаттайтын суретшілер көрмесі жасақталған. Ал дизайнер және модельер Гүлнара Халилованың «Карабахтың ұлттық киімдері» сән үлгісі көпшілікті сүйсінтті. 

Шара барысында «Хуршидбану Натаван» атты деректі фильм көрсетілді. Әзербайжанның мугам-триосының өнері (солист, тар, кяманча), Түркі мә­дениеті мен мұрасы халықаралық қорының бас­­тауымен құрылған «7 сұлу» музыкалық ансамблі­­нің концерті көрермен назарына ұсынылды. Кеш соңында қор президенті естелік сый табыстап, құр­мет көрсетті.

Айта кетейік, 4-5 қазан күндері Астана қала­­­сында бастау алған Шуша қаласының күндері Түркістанда жалғасын тапты. Түркі мәдениеті мен мұрасы халық­аралық қоры мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге мей­ман­­­дар қаланың көрікті орындарын аралады. 

 

Тельман БЕЙСЕН,Түркістан облысы