Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат­тары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның екінші отырысы өтті.
Парламенттік комиссия сенатта бас қосты
912
оқылды

Кездесуде халықты сапалы медицинамен және біліммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан палата Төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Мемлекет басшысы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің бірқатар негізгі міндеттерін белгілеп бергенін айтты. Бұл ретте ұлттық денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы проблемаларға баса мән берілді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу ұлттық басымдыққа ие екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарға депутаттық корпусты жұмылдыру үшін Парламенттік комиссия құрылды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы бұл жолда барлық мүдделі тараптың өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті және кездесуге қатысушыларды ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«Бізге Орнықты даму мақсаттарын іске асырудың жүйелі тәсілдерін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ индикаторлардың ұлттық жүйесін жандандыру керек. Өңірлер бойынша Орнықты даму индикатор­ларының сапалы декомпозициясын жүргізудің де маңызы зор. Бұл жұмысқа өңірлерді белсенді жұмылдырған жөн», – деді палата Спикері.

Комиссияның отырысына Парламент депу­тат­тары, Премьер-Министрдің орынбасары, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның Қазақстандағы өкілі, еліміздегі БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің басшылығы және мәслихат депутаттары, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ қоғам­дық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласы бойынша ОДМ міндеттерінің іске асырылу барысына тоқталды. Ол аталған бағыттың күн тәртібі Қазақстанның білім беру жүйесіндегі мақсаттар мен міндеттерге көп жағынан сәйкес келетінін айтты.

ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыланың айтуынша, «ешкімді артта қалдырмау» қағидаты көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің негізі екенін айтты. Мұндай қағидат халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының денсаулық жағдайын жақсартуға және теңсіздікті азайтуға жол ашады.

«Қазақстан халықтың денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесін нығайту саласында айтарлықдай деңгейде алға жылжып отыр. Мемлекет ана өлімін, бес жасқа дейінгі балалар өлімін және жаңа туған нәрестелер өлімін азайту бағытында жаһандық мақсаттарға қол жеткізді. Қазақстанның темекі мен никотин тұтынуға қарсы күресте қабыл­дап жатқан шаралары ДДҰ-ның Еуропа бөлігі үшін үлгі екенін де айта кеткен абзал. Темекі мен никотинсіз орта қалыптастыру жолында шешуші қадамдар жасау және денсаулыққа байланысты салықтар енгізу қоғам денсаулығын қорғау үшін өте маңызды екені сөзсіз. Дегенмен 3 Орнықты даму мақсаты аясында «барлық саясаттағы денсаулық» тәсілі негізінде әр сектор тарапынан кешенді шараларды талап ететін бірнеше міндет бар», – деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі.

Отырыстың қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар алдағы бірлескен жұмысқа қатысты өз ұсыныстарын айтып, ОДМ-ға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды бастамаларға тоқталып өтті.