Цифрлық коммуникацияда есептік жазбаларды құпия сақтау үлкен проблемаға айналды. Адамдар күніне бірнеше рет құпия сөздер қолданады. Жазбалар көп болған сайын құпия сөздерді есте сақтау да қиын. Google жаңа ұсыныс жасады.
Google поштасына құпия сөзсіз кіруге болады
1,809
оқылды

Интернеттегі электрондық поштаға, әлеуметтік желілерге кіру үшін құпия сөздер теру көпшілікке қиын түседі. Құпия сөз ұмытылып қалуы мүмкін немесе қаскөйлер оларды ұрлап, банктегі есеп-шотыңызға, басқа да жеке деректеріңізге қол жеткізеді. Slash Gear сайтында құпия сөзсіз деректерді сенімді сақтайтын Google-дің ұсынысы жарияланды. Aikyn.kz осы материалдағы жаңа тәсілдің қалай жұмыс істейтінін толығырақ түсіндіреді.

Фото startpack.ru сайтынан алынды

Цифрлық коммуникация әлеміне кіруге, ондағы есептік жазбаларын сақтауға адамдар күніне бірнеше рет құпия сөздер қолданады. Жазбалар көп болған сайын құпия сөздерді есте сақтау, оны ұдайы теріп отыру қиындық туғызады. Құпия сөз «password123» сияқты формуладан күрделі болса да, жазбаға кірудің ыңғайлы және ең қауіпсіз жолы бұл емес. Құпия сөзден тиімді қандай тәсіл бар?

Рұқсат беру кілті – тіркелгілерге кірудің оңай және қауіпсіз әдісі. Мобильді құрылғыларда жиі қолданылатын рұқсат кілті саусақ ізін, бетті сканерлеуді немесе экранды құлыптау PIN кодын пайдаланып жеке аккаунттарға кіруге мүмкіндік береді.

Google осындай жылдам өзгеріп келетін құпия сөзді қолдану тенденциясын болжап, енді пайдаланушыларды әдепкі құпия сөздерден бас тартуға ынталандырмақшы. YouTube немесе Gmail сияқты есептік жазбаға келесі жолы кіргенде Google сізден жаңа тәсілмен құпия сөз орнатуыңызды сұрауы мүмкін. Сонымен қатар, Google параметрлері әдепкі түрде «Мүмкін болса, құпия сөзді өткізіп жіберу» опциясын қосады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: John Lamb

Google «құпия сөзсіз болашаққа» ұмтылудың келесі қадамын жасамақшы. Компания бастапқыда бұл мүмкіндікті 2023 жылдың мамырында енгізді және енді оны әдепкі бойынша (по умолчанию) қоспақшы.

4-6 таңбалы PIN кодқа ауысу қауіпсіздікті күшейтпейтіндей  болып көрінгенімен, Google барлық рұқсат беру кілттерінің артықшылықтарын тізіп, олардың фишинг шабуылдарына төзімдірек екенін көрсетеді. Ақыр соңында, кейлоггер құпия сөзіңізді ұрлай алады, бірақ саусақ ізіңізді қаскөйлер қалай ұрлай алады немесе бетіңізді кім сканерлей алады?

Құпия сөзді орнатқаннан кейін Google жүйеге кіру 40% жылдамырақ болатынын айтады. Google рұқсат беру кілттерін қабылдауды көтермелейтін бірінші компания емес және рұқсат беру кілттері біраз уақыттан бері Android жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған.

Пайдаланушылар оларды смартфондардың құлпын ашуға, сондай-ақ онлайн-банкингте, PayPal немесе Shopify сияқты қосымшаларды ашу үшін қолданады. Сондықтан бүгінгі құпия сөздермен салыстырғанда бетті сканерлеу немесе саусақ ізін пайдалану жеке деректерді сақтаудың ең сенімді тәсілі болуы мүмкін. Киберқауіпсіздік қатерлерінің көбейгенін ескере отырып, бірнеше деңгейдегі рұқсат беру кілттерін пайдаланып көрген жақсы қорғаныс болуы мүмкін.