Әлемге тарыдай болып шашылған қазақтар, яғни қандастарымыз бүгін Астанада өтіп жатқан «Отандастар форумына» жиналды.
Қандастар елорда төрінде жүздесті
741
оқылды

Нақтырақ айтсақ, 40-тан астам елден 200-ге жуық отандасымыз бас қосты. Форумға күні бұрын жиналғандарға Ұлттық спорт қауымдастығы «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорымен бірлесіп, кеше мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырды.

Қала сыртындағы ипподромға кірісімен-ақ қонақтарды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен сазды әуен ойнаған жастар қарсы алды. Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президентінің айтуынша, қандастарға ұлттық ойындардың арасынан асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, аударыспақ, қыз қуу, көкпар көрсетілмек.

 – Негізі форумның ұйымдастырушысы «Отандастар» қоры, біз басты серіктес ретінде осындай шараны өткізуді ұсындық. Себебі, жан-жақтан келген қандастарымызға ұлттық аспаптарды, ұлттық спорт түрлерін таныстыру арқылы өзіміздің ұлттық спортты бүкіл әлемге таныстырмақпыз. Мәселен, келесі жылы, яғни 2024-те елімізде дүниежүзілдік көшпенділер ойындары өтеді. Соған біз осы қандастарымызды шақырмақпыз. Сөйтіп, көшпенділер ойыны дәрежесін спорттық ойынға көтеріп, болашақта көкпар мен тоғызқұмалақты Азия ойындарының бағдарламасына кіргізу ойда бар, – дейді Тастанбек Есентаев.

Қонақжайлықтың белгісі ретінде құрт-ірімшік, бауырсақ, қымыз-шұбат секілді ұлттық тағамға толы ақ дастарқаны да молынан жайылған. Сонымен қатар, келген қонақтар сонда топтастырылған қолөнер шеберлерінің жасаған ұлттық бұйымдарын қызықтап, тамашалай алды. Көпшілігі естелікке сатып алып жатты. «Ұлттық аспаптарды дайындайтын шеберхана ғана емес, музейге дейін бар. Онда екі-үш ғасыр болған аспаптар да бар. Соны ұстап, ойнап көруге де мүмкіндік бар. Қазір жеке қорымда 1600-дей аспап сақтаулы», – деді Азамат есімді қолөнерші.

Қойылым алдында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов кезекті рет ұйымдастырылып отырған «Отандастар форумы» шетелдердегі қазақ ұйымдарының басын қосатын аса ауқымды жиын екенін атап өтті.

– «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры және Ұлттық спорт қауымдастығы осындай іргелі жобаға қолдау көрсетуді өзіне аса зор мәртебе санайды. Баршаңызға мәлім,  ұлттық спорттың артында ұлтымыздың тарихы, салт-дәстүрі, намысы мен рухы тұр. Ұлттық спорт қауымдастығы ата-бабадан қалған мұраны дамытуға,  келешек ұрпаққа жеткізуге күшін салуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спортымыз ілгерілеп, жан-жақты дамып жатыр. Отаны бірдің – тілегі бір демекші, ұлтымыздың көк байрағы әрқашанда биік болсын! – дейді Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ қауымдастық президенті қандастарды келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырды.

Ал Кореяда тұратын Тұрлан Жанесенов қандастар арасында тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейтін осындай іс-шаралар жалғасын табуға тиіс деп санайды.

 Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтар өте көп. Соның басын қосу, бір жерде жинап, байланыс орнату – үлкен жұмыс. Мысалы, Кореяның өзінде 7 мың қазақ бар. Бірақ оның бәрі бір жерде емес, жан-жақта шашырап жатыр. Бірін-бірі іздеп, жүздесе бермейді. Осының арқасында бәріміздің басымыз қосылды, – дейді Кореядағы қазақ жігіті.

Айтуынша, магистратурада оқып жүрген ол сол жақтағы «Қазақ номад» ассоциациясының директоры екен.

    «Шетелдегі барлық қандасты елге жинап, басымызды біріктіргені үшін «Отандастар қорына» алғысымыз шексіз. 40 мемлекеттен келген 200-ге жуық қандастардың басын қосты. Сондай-ақ қазақ қазақтығын білдіріп, ұлттық өнер мен ойынды, салт-дәстүрді көрсетті. Аз болсақ та ауызбіршілігіміз жарасқан жұртпыз.  Сондықтан дәстүрімізді жоғалтпай сақтап келеміз. Ұрпағымызға да үйретіп, насихаттаймыз», – дейді Гүлжан Қожамжарова.

Оның айтуынша, Мәскеудің өзінде халық саны 15 миллион болса, соның 700 мыңнан астамы қазақ.  Өзі Павлодардың тумасы. Оқу іздеп Мәскеуге барып, кейін сонда қалған екен.

Қазақ жеріне келген қандасымыздың бірі – Садия Сүрер. Ол Түркияда дүниеге келген. Жасы 63-те. Оның Германияның Кельн қаласында тұрып жатқанына 40 жылдан асқан.

– Қазақ жерінде тұрмаса да, қазақ тілін білемін. Ана тілім қанмен берілгендіктен, қазақ тілін ұмытуға хақым жоқ! Сондықтан Германияда қолдан келгенше қазақтың өнерін, салт-дәстүрін ұмыттырмау үшін жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Германияның Кельн қаласындағы қазақ қауымдастығының төрайымы Садия Сүрер.