Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы­ғымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Өнімсіз делдалдармен  күрес жүргізу маңызды
416
оқылды

Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды. Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіз­дігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе тал­қыланды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин сөз сөйледі. Сондай-ақ қабылданған және жоспарланған шаралар туралы бірқатар уәкілетті мемлекеттік орган басшылары есеп берді.

Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекет бас­шысы халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлік­пен қамтамасыз ету мәселесін негізгі басымдық ретінде атап өтті.

Азық-түлік тауарларын өндіру мен сатудың барлық сатысында баға белгілеудің ашық болуы, өнімсіз делдалдармен күрес жүргізудің маңызды екеніне назар аударылды.

Демографиялық үрдістерді ескере отырып, азық-түліктің физикалық тұрғыда қолжетімділігінің перспективалары еңбек өнімділігінің өсуіне, ауыл шаруашылығы мен отандық аграрлық ғылымның жаңғыруына тікелей байланысты екені атап өтілді.

Жерді тозудан қорғау шараларын жандандыру өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы техникасы паркін жаңарту процесін жүйелі түрде ұйымдастыру және жергілікті жағдайға бейімделген меншікті тұқым қорын құру үшін жаңа тәсілдер қажет.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына ерек­ше назар аударылды. 

– Субсидиялау агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті арттыруға ықпал етуге тиіс. Субсидияны бөлу кезінде өңірлік ерекшеліктерді, егіс алқап­тарының көлемін және ауыл шаруашылығы да­қыл­да­рын таңдауды ескерген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатын шаруалар мен кәсіпорын­дарға мемлекеттік қолдау көрсетуді талап ететін экономикалық конъюнктураны өзгертуге жедел назар аудару қажеттігіне назар аударды.

Ауыл шаруашылығы өндірісіне инфрақұрылым тұрғысынан қолдау көрсету ісі (ауылда жұмыс ор­нын ашу, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру) арнайы мәселе ретінде қарастырылды. 

Бұл ретте құқық қорғау органдарына ауыл шаруа­шылығы мақсатына арналған субсидиялар мен жерлерді бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Мемлекет басшысы жиын соңында Үкімет пен уәкілетті органдарға азық-түлік тәуелсіздігін нығайту, азық-түліктің экономикалық тұрғыда қол­жетімді болуын арттыру және отандық агроөнеркә-сіп кешенінің әлеуетін анағұрлым толық іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.