Кеше Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті.
Әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс керек
658
оқылды

Онда әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде қабылданған Декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген съездің 2023–2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезі хатшы­лығының Басшысы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысу­шыларға арнаған үндеуін оқып берді. Мемлекет басшысы 20 жылдың ішінде съезд дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға және толе­ранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге үлес қос­қанын, сондай-ақ маңызды әлемдік түй­ткіл­дердің шешімін табуға ықпал еткенін атап өтті.

«Басқосу аясында әлемнің рухани көшбас­шы­лары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады. Қазір геосаяси ахуал, түрлі сын-қатер ушығып тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгі­лік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкер­шілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халық­аралық қауіпсіз­діктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдас­тырылып отыр», – делінген Мемлекет басшысының үндеуінде.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – съезд хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев та диалог алаңының бірегейлігіне назар аударды. Ол съезге беделді саяси және қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйым басшыларының қатысуы үлкен маңызға ие екенін айтты. Сол арқылы Форум ашық әрі әділ дінаралық диалог алаңы ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық пен түсіністік негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік береді. «Өркениеттер қақты­ғысы» мен діни қайшылықтар қаупін еңсеруге ықпал ету съездің маңызды үлесі екені айтылды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, мызғымас рухани және адамгер­шілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті қазіргі қоғамның іргетасы болуға тиіс. Нақты айтқанда, бұл басым­дық­тар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қоры­тынды декларациясында көрсетілген жаңа әлемдік тәртіптің негізін қалыптастыруы керек.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халық­аралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогті бейбітшілік пен келісім мәде­ниетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріп­тейді. Қазір арандатушылардың өздерінің теріс пиғылдары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді. Сондықтан біз айтқан құндылықтар бейбітшілікті және жаңа әлемдік тәртіптің берік негізін қамтамасыз етеді. Бұл проблеманы шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары өте маңызды рөл атқарады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан Президентінің тапсырмасымен әзірленген съездің 2023–2033 жылдарға арналған даму Тұжырым­дамасын бекітті. Бұл құжат Форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халық­аралық құры­лым­дармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.

«Тұжырымдамада Форумның алдағы жыл­дардағы даму бағдары қамтылған. Съезд миссиясын кеңейту құжат жобасы­ның негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедей­шілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Тұжырымдамада съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетіктер мен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжы­рымдама съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқын­дайды», – деген Мәулен Әшімбаев Құжатта көр­сетілген съезді дамытудың негізгі бағыттарына да тоқталып өтті.

Өз кезегінде сөз алған дін көшбасшы­лары қазақстандық Форумның ерекше­лігіне назар аударды. Діндер мен мәде­ниеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді. Рухани көшбас­шылар съезд қатысушыларының ортақ миссиясы – бейбітшілік пен конфес­сияаралық келісімді қолдау үшін Форум аясында көтерілетін мәселелердің ауқым­дылығын да назардан тыс қалдырмады.

Сонымен қатар кездесу барысында Хатшылық отырысына қатысушылар Қазақстан Республика­сының мемлекеттік наградаларымен және съездің естелік медальдарымен марапатталды. Атап айт­қанда, осы диалог алаңының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі үшін Кавказ мұсыл­ман­дары діни басқармасының Төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Па­ша­заде «Достық» орденімен марапатталды. Одан бөлек, бірқатар қатысушыға «Шапа­ғат» медалі және съездің Құрмет медалі табыс етілді.

Отырыстың қорытындысы бойынша, қаты­сушы­­лар коммюнике қабылдады. Онда съездің 20 жылдағы табысты қызметі және маңызды жасампаз рөлі айрықша атап өтілген. Сондай-ақ қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін құру және сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы идеясына қолдау білдірді. Бұл идеяны іске асыру жолында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы маңызды қадам болатыны да айтылды.

Кездесуге қатысушылар съезд хатшы­лығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен бірге осы күні Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. Аталған марка 10 мың дана тиражбен шығарылған. Ол әлемнің филателиялық каталогтарына қосылады.