JARRWC ұйымы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемнің түкпір-түкпірінде қаза болған жапон солдаттарының сүйегін тарихи отанына қайтарумен айналысады.
Жапония қазақ жерінде қаза тапқан 348 азаматтың сүйегін тарихи отанына қайтарып алды
789
оқылды

2 қазан күні Жапониядан келген делегация Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында жерленген 13 жапон солдатының сүйегін елге қайтару экспедициясына аттанды. Экспедицияны бастап келген секция басшысы Токунага Ацунариден жапон әскерлерінің сүйегін елге қайтару жұмысының қалай жүріп жатқанын сұрап білдік.

–  Қазақстанға қош келдіңіздер! Осы жолғы Риддер экспедициясы және жалпы жапон солдаттарының сүйегін тарихи отанына қайтару жұмыстары туралы кеңінен айтып берсеңіз?

– Риддер қаласында жер аударылғаннан кейін № 347 лагерьде болған жапондықтар жерленген, осы сапарда біз солардың сүйегін алып кетуге келдік. Бұған дейін ол жерде екі рет тексеру жұмыстарын жүргізіп, 13  жапондықтың сүйек қалдықтарын таптық. Сүйек қалдықтарын тапқан күнде бірден олардың жапондық екендерін біле алмаймыз, алдымен ДНҚ тест сараптамасы жүргізіледі. Тест нәтижесінде олардың жапондықтар екені анықталды. 1945 жылы Жапония жеңіліс тапқан Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Кеңес елдеріне жер аударған жапондықтардың саны шамамен 600 мың адамды құраған. 54 мың 400 адам бұрынғы Кеңес Одағы аумағында қаза тапты.  КСРО-ға күштеп жер аударылған жапондықтар елдеріне 1953 жылы оралды және олар жапондықтардың жерленген бірқатар мекендері бар екенін мәлім етті. Осы аумақта сүйегі қалған жапондықтардың отбасылары Үкіметке туыстарының сүйектерін қайтарып беру өтінішімен шықты. 1953 жылға дейін Кеңес Одағынан басқа елдерде жерленген жапондықтардың сүйектерін елге қайтару жұмысы басталып кеткен еді. Ол кез Кеңес Одағы мен Жапония арасында бейбіт келісім де, дипломатиялық байланыс та орнатылмаған еді. 1991 жылдың сәуір айында Кеңес Одағының сол кездегі президенті Горбачев Жапонияға ресми сапармен келіп, қайтыс болған 1400 жапондықтың тізімі мен жерленген аумақтар көрсетілген карта сызбасын алып келді. Осы кезде Кеңес Одағы мен Жапония мемлекетаралық келісім жасады. Осы келісімнің негізінде 1991 жылы жапондықтар алғаш рет бұрынғы Кеңес одағы аумақтарында өз азаматтарының сүйектеріне қатысты зерттеу жұмыстарын бастады. Сол кезден күні бүгінге дейін біз бұрынғы Кеңес одағы елдерінің аумағында жыл сайын жапондықтардың сүйектерін елге қайтару жұмыстарымен айналысып келеміз.  Кеңес одағы аумағында қалған 54400  жапондықтың 22 мыңының сүйек қалдықтары тарихи отанына қайтарылды.

– Осы уақытқа дейін қанша мың жапондықтың сүйек қалдықтарын таптыңыздар?

– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған жапондықтардың саны 2 млн 400 мыңды құрайды, елге қайтару жұмыстары қолға алынған 70 жылдың ішінде біз 1 млн 270 мың жапондықтың сүйегін отанына әкелдік. ТМД аумағынан бөлек, Үндістан, Мьянма, Жаңа Гвинеяда іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.  Сіздердің елге келсек, әскери соғыс жылдары кезінде Қазақстанға жер аударылған жапондықтардың саны 58900 адамды құрады. Олардың 1457-і отанына орала алмай, осында қаза болған. Күні бүгінге дейін Қазақстаннан  348 жерлесіміздің сүйек қалдықтарын алып кеттік.

– Солдаттардың сүйек қалдықтарын елге апарған соң қайта жерлеу рәсімі өткізіле ме?

– Сүйектердің жапондықтарға тиесілі екені анықталғаннан кейін кремация жүргізіледі, сосын мәйіттің күлін арнайы ыдысқа салып елге алып кетеміз. ДНҚ жұмыстарына дейін тұлғаның жеке мәліметтері анықталады, сол мәліметтер арқылы біз мәйіттің туыстарын тауып күлін береміз. Туыстары табылмаған жағдайда Токиодағы Император Сарайына жақын маңда жапон әскерлеріне арналған ұлттық зиратқа апарып жерлеу рәсімін өткіземіз.

– Қазақстан тарапы аталған жұмыстарға қандай көмек көрсетіп жатыр?

– Ең үлкен қолдау – Әділет министрлігі және соған қарасты Сот сараптамалары орталығынан болып жатыр. Себебі сүйектерді біз тапқаннан кейін олардың моңғолоидтық немесе еуропоидтық типке жататындарын анықтаймыз. Моңғолоидтық типке жататын сүйектерді бірден ДНҚ тестіне жібереміз. Осы істе бізге Алматы қаласы Сот сараптамалары орталығының сарапшысы Артем Рустамовичтің көмегі көп. Сондықтан бұл жұмыстар Қазақстан мен Жапония сарапшыларының ортақ еңбектері деуге болады. ДНҚ тестті біз Жапония тарапындағы сарапшы мен Қазақстанның сарапшысы ортақ шешімге келгеннен кейін ғана жүргіземіз. Бұл біз үшін өте көп қолдау. Сондай-ақ, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бізге көп көмек көрсетіп келеді. Горбачевпен жасалған келісімді КСРО тараған соң Қазақстан мұрагерлікпен алып қалып, әлі күнге дейін жалғастыруымызға себепші болып келеді. Одан бөлек, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс білдіреміз. Себебі сол кездегі тамақтың нашарлығынан жапондықтар жұқпалы аурулардан да көз жұмып жатты. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санэпидемия мекемесінің бақылауынсыз сүйек қалдықтарын алып кету мүмкін емес. Кремациядан кейін жұқпалы ауру қаупі жоқ, бірақ ДНҚ тестін өткізу кремацияға дейін болатын процесс. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті де жұмыстың жедел жүруіне мұрындық болып отыр. Себебі Кедендік тексеру процедуралары бар, ал мәйіт күлін алып кеткенде біз оған адам ретінде құрметпен қараймыз. Кедендік тексеріс кезінде қызметкерлер азаматтарымыздың күліне құрметсіздік танытса, бізге қиын тиетін еді. Осындай жағдайлар орын алмас үшін біз мәйіт күлін салғанға дейін кеден қызметкерлеріне бәрін көрсетіп, мөрлеп тастаймыз. Бұл бізге көрсетілген зор құрмет! Сондай-ақ, әуе тасымалын жүзеге асыратын әуе компанияларына алғыс айтамыз.

– Аталған экспедиция қай уақытқа дейін жүргізіледі?

–  Қазақстанда шамамен әлі 6 жылдай қарқынды түрде жұмыс жасайтын боламыз.

–  Сұқбатыңызға көп рақмет!

Айжан Қалиева

фото: forensic.gov.kz