Түркістанда жаңа өндіріс ошақтарын салу жұмысына аса мән берілуде.
Жаңа зауыттың құрылысы басталды
713
оқылды

 Айталық, киелі шаһарда құрылыс материалдарын шығаратын ірі тораптық зауыт құрылысының капсула салу рәсімі өтті. Аталған зауыт Түркістан қаласындағы TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Жаңа жобаның іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Айта кетейік, іргетасы қаланған ком­па­нияның құрылысы келер жылы аяқ­талады деп күтілуде.

Жалпы құны 2,5 млрд теңгені құ­­райтын өндіріс орнында пайдалануға берілгенде жылына 15 000 тонна поли­мерлі құбырлар мен пластмассадан жасалған бұйымдар және тамшылатып суаруға арналған таспа­­лар жасалатын болады. Жаңа зауыт ісін BAS POLIMER компаниясы қолға алған. 

Зауыттың іргетасын қалау рәсімінде Түркістан облысының әкімі Дархан Са­­тыбалды бұл жобаның әлеуметтік маңыз­­­­дылығына тоқтады. Облыс әкімінің ай­­туын­ша, жаңа кәсіпорын іске қо­­сылғанда импорт­­­­қа тәуелділік азайып, отандық өнім­нің үлесі артатынын атап өтті. Дархан Сатыбалды облыста ин­весторларға қолай­­лы жағдай жасал­ғанына тоқталып, өн­дірісті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін жеткізді.

– Өңдеу өнеркәсібін дамыту – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­­­сырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғын­­дарына жаңа жұмыс орын­дарын ашуға үлесін қосатын TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы бас­талғалы тұр. Түркістан облысында кә­­сіпкерлікті, өндірісті дамытуға зор мүмкіндік бар. Жұмыс күші де, инвес­торларға арналған қолдау да жеткілікті. Жаңа кәсіпорын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз сеп­тігін тигізеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Нысан пайдалануға берілгенде, ком­па­­­­нияда бастапқыда 100-ге жуық түр­­­­­кістан­дық тұрақты жұмыс жасайтын болады. Өндіріс толықтай автоматтан­­дырылған. Жобаны жүзеге асыру ке­­зеңінде қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынып, жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Ерекшелігі сол, зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орна­тылады. Жалпы, алдағы уақытта зауыт жұмысы жанданғанда сұраныс пен өндіріс қуаттылығына сай жұмысшылар саны артуы мүмкін.

Тағы бір белгілі болғаны, зауыттан өнді­­­рілген өнімдер еліміздің аумағынан бөлек, көршілес мемлекеттерге де экс­­­порт­­­­­талады деп жоспарланып отыр.

 

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы