Кәсіби патронат отбасы институты балалар үйін алмастыру үшін құрылғалы отыр. Бұдан былай ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жетімдер үйіне емес, бірден кәсіби патронат отбасыларға орналастырылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
34 500 теңге жәрдемақы: Қазақстанда кәсіби патронат отбасы институты құрылады
11,152
оқылды

31 арнаның  Информбюро ақпараттық бағдарламасы жазғандай, қазір Мәжіліс бала құқығын қорғауға бағытталған заң жобасын әзірлеп жатыр. Соның аясында тиісті заңға бірқатар өзгеріс енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, түзетулер төрт бағытты қамтиды. Төрт бағыттың бірі – "кәсіби патронат отбасылар институтын" құру.

Бұл жаңашылдық балалар үйіндегі тәрбиеленушілер санын азайтуға мүмкіндік береді. Бастысы, жоба аясында балалар бұрынғыдай жетімдер үйіне емес, бірден арнайы дайындықтан өткен кәсіби отбасына  барады. Бір отбасындағы бала саны төрттен аспауы керек. Мұндай норма ата-аналардың қамқорлығындағы ұл-қыздарға қажетті көңіл бөлуі үшін қажет. Ал асырап алушылардың жасы 30-53 жас аралығында болады.

Тағы бір маңызды дүние: ата-ана баланы таңдай алмайды. Бала асырап алушы ерлі-зайыптыларға кәсіби тәрбиеші қызметі үшін ай сайын 241 500 теңге беріледі. Әр жетім баланы асырап-бағуға арналған жәрдемақы 10 айлық есептік көрсеткіш демек, 34 500 теңгені құрайды.

"Аяқкиімнің өзі 15 мың теңгеден кем болмайды. Одан бөлек, киетін киім-кешегі бар. Баратын үйірмелері бар. 34 мың теңге нан мен шайына ғана жетеді", – деді патронатты тәрбиеші Құралай  Жұмабекова.

Депутаттар да жәрдемақы мөлшері тым аз екенін айтты.

"Бұл – бала тағдырымен ойнау. 34 500 теңге азын-аулақ ас-ауқаттан артылмайды. Ал баланың дамуына, қыдыруына, тәрбиесіне, біліміне қаражат қажет. Сонда ата-аналардың бірі жұмыс істеуге тиіс пе? Онда бұл жобаның не қажеті бар? Жәрдемақы көлемін ұлғайту қажет. Мысалы, қазір жетімдер үйінде бір балаға ай сайын 1 миллион теңгедей кетеді", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.