Бірыңғай сенім телефонына тәулік бойы хабарласуға болады.
Зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге арналған бірыңғай сенім телефоны іске қосылды
1,703
оқылды

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен өткен кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелері талқыланды.  Aikyn.kz бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған болатын.

Осы тапсырманы орындау аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап «111 — AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады. Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетілетін болады.

Вице-премьер атап өткендей, байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктелген. Жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарынының алдын алып, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды. Әрбір жағдай бойынша операторлар «дәл осы сәтте» қағидатын басшылыққа ала отырып, жекелеген мәселе бойынша кешенді көмек көрсететін болады. Барлық қажетті мемлекеттік орган мен қызметті міндетті кері байланыс тәсілін қолдана отырып, бір мезгілде қосу көзделген.

«Аталған шаралар азаматтар, әсіресе әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы мемлекеттің уақытылы көмек көрсетуінің тиімді құралына айналады, сондай-ақ өңірлер бойынша аса өткір проблемаларға мониторинг жасау үшін деректер көзі болмақ», — деді Тамара Дүйсенова. 

Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл азаматтарға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.