Қарағанды облысы қысы-жазы көк түтінмен, жыл он екі ай заңсыз тасталған қоқыспен күресіп келе жатыр. «АрселорМиттал» кәсіпорны 2024 жылға қарай эмиссияларды 30%-ға, яғни 65 мың тоннаға төмендету жөніндегі жасалған меморандум шеңберінде өзіне алған міндеттемелерін орындамай отыр.
Көк түтін мен қоқыстан арылмаған
643
оқылды

Ал Балқаш мыс балқыту зауыты жабдықтарының технологиялық тозуынан қаладағы ауа ластануда. Сонымен қатар биылғы алғашқы алты айда ғарыштық мониторинг қорытын­дысы бойынша облыс аумағында 739 заң­сыз қоқыс орны анықталған.

– Қарағанды облысы – қоршаған ортаға кері әсер ететін «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау» өндірістік нысандары және басқа да ірі кәсіпорындар шоғырланған, өнеркәсіптік өңір. 2023 жылдың алғашқы жылында облыс бойынша шығарындылар көлемі 243,1 мың тоннаны құрады.  Оның ішінде Қарағанды қаласы – 17,2 мың тонна, Теміртау қаласы – 112,8 мың тонна және Балқаш қаласы бойынша – 36,1 мың тонна, – деді Қарағанды облысы бойынша Эко­ло-гия департаментінің басшысы Дархан Исжанов.

Теміртаудың атмосфералық ауасын негізгі ластаушы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.

– Бұл ретте, «АрселорМиттал» кәсіпорны 2024 жылға қарай эмиссияларды 30%-ға, яғни 65 мың тоннаға төмендету жөніндегі жасалған меморандум шеңберінде өзіне алған міндеттемелерін орындамай отыр. 2019-2023 жылдарға 23 шара белгіленсе, оның жетеуі ғана жүзеге асқан, – дейді департамент басшысы. 

Кәсіпорында экологиялық проблемадан басқа, өрескел заңбұзушылық тіркелген. Мысалы, Темір-тау қаласының аумағында 800 тонна көлемінде кокс-химия өндірісінде қауіпті қалдықтарды заңсыз сақтау фактісі анықталған. Теміртау қаласы­ның Полиция басқармасы қылмыстық істі жүргізіп жатқанына 1 жылдан астам уақыт өтсе де компания жауапкершіліктен толық бас тартып отыр.

Теміртаудан кейін, негізгі техногендік жүктеме Қарағанды қаласына тиесілі. Қаланың негізгі экологиялық проблемасы – пешпен жылытатын үйлердің шығарындыларымен, атмосфералық ауаның ластануы. Мұнда 26 мыңдай үй бар.

Осы мәселені шешу мақсатында әкімдік жеке секторды газдандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінде 1 348 үй газбен жабдықтауға қосылған. Газ та­рату желілері 3 961 жеке тұрғын үйге жеткізілді. Дегенмен жұмыс сылбыр жүруде. Биыл да Қарағанды қыста көк түтінге қарық болатынына сенім мол...

– Келесі мәселе – Kazakhmys Smelting ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты жабдықтарының технологиялық тозуынан туындаған Балқаш қаласының атмосфералық ауасының ластануы. Мыс кенін балқыту кезінде шаң тазалау жабдықтары мен сору аспирациялық жүйелерінің тозуы салдарынан қоршаған ортаға газ бен түтін тарап, ауаны ластайды. Осыған байланысты мыс балқыту цехтарындағы қолданыстағы түтін газын ұстау және тазарту жүйелерін толығымен жаңғырту және ауыстыру қажет, – дейді  департамент басшысы.

Ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту және ірі қалалардың атмосфералық ауасын жақсарту мақсатында үкімет  қаулысымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Осыған сай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ  2025 жылға қарай ауаға зиянды шығарындыларды 149 мың тоннаға, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС – 35 мың тоннаға, Балқаш мыс балқыту зауыты бойынша 31 мың тоннаға дейін төмендету көзделуде.

Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеудің негізгі проблемасы – ауылдық жердегі қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылмаған полигондарының артуы. Қарағанды облысының аумағында қалдықтарды тастайтын 168 полигон орналасқан, оның 46-сы заңдастырылған, ал 122-сі заңдастырылмаған және рұқсат құжаттары жоқ.

Алғашқы алты айда ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша облыс аумағында 739 заңсыз қоқыс орны анықталған, оның 416-ы тазартылды.

Сонымен қатар басты мәселелердің бірі – ластанған суды тазарту қондырғыларының қанағаттанарлықсыз жағдайы. 

Облыс әкімдігінің 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Ақтоғай ауылында, Қарағайлы кентінде, Ақсу-Аюлы ауылында және Новодолинский кентінде кәріз желілерін және тазарту құрылыстарын салу жоспарланған.

Айта кету керек, Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті «Олжас» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді, нәтижесінде та-зарту жабдығының тиісті деңгейде жұмыс істемеуі анықталды. Сондай-ақ Экология департаменті Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинатына да барып қайтты, кәсіпорында заңсыз гидротехникалық құрылыс салынғаны белгілі болды. Сот шешімімен екі кәсіпорынның қызметі тоқтатылды.

– 3 маусымда Экология департаментінің қолдауымен «Таза жағалаулар» экоакциясы өтті, оған облыстың мемлекеттік органдары мен кәсіпорындары қатысты. 90-ға жуық адам қатысқан іс-шараның соңында 45 текше метр қоқыс жина­лып, тиісті жерге шығарылды, – деді Дархан Ерғалиұлы. 

Қала тұрғындары таза ауамен тыныстағысы келеді. Бірақ оның ауылы әлі алыс сияқты. Алпауыт деген «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс» міндеттелген жүктемені орындамайды және өздеріне айтылған сынды қабылдамай отыр. Ал газ келгенімен, жеке үйлер әлі көмір жағады. Өйткені көгілдір отын үй табанында тұрғанымен, ішке кіргізілмеген. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы