Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі – берілген тапсырмалардың нақты мерзімге қойылуында.
Жолдау жеке тұлғаның қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттырады
761
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүр бойынша халыққа арналған биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы постпандемиялық кезеңдегі аса маңызды құжат болып саналады.  Жолдауда әлемдік сын-қатерлерге төтеп беруден бастап, елімізді экономикалық тұрғыдан дамыту бағыттарына мән берілді. 

Кез келген елдің болашақтағы даму бағыты бүгінгі міндеттермен айқындалары сөзсіз. Сондықтан бүгінде біздің мемлекет пен қоғам алдындағы міндетіміз белгілі, мақсатымыз айқын.

Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі  берілген тапсырмалардың нақты мерзімге қойылуында. Олар бір жағынан қысқа, екінші жағынан орташа қысқа мерзімнің айқындалуымен айшықталған. Жыл сайынғы Жолдаулардың басты проблемасы  олар үнемі бірінің үстіне бірі қабаттасып отыратын, кейбір жаңа мақсаттар мен міндеттер басқа Жолдаулардың алдыңғы мақсаттары мен міндеттеріне үстемеленіп, ал алдыңғы тапсырмалар орындалу барысы туралы есеп берілмейтін. Бұл Жолдау ондай емес. Яғни, ұмытылған миссияға жол берілмейтіндігін көрсетті. Сонымен қатар бұл Жолдау биылғы жылда атқарылған іс-шараларға бұқара халық алдында берілген есеп ретінде де ерекшеленді.

Мемлекет басшысы таяу болашақты байыппен болжаған тұғырнама секілді жаңа Жолдауда жүргізіліп жатқан реформаларды түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажеттігін дәлелді айтты. Сондықтан болар  Жолдауда еліміз шикізат өндіруші ғана емес, мемлекетіміздегі өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне баса назар аударды. Осы орайда бірқатар міндет атап көрсетілді. Ел экономикасының драйвері ретінде туризм саласы мен «жасыл» экономика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік логистикасы назардан тыс қалмады. Бізде бұл салаларды серпінді түрде дамытуға мүмкіндік мол екені рас. Ол үшін Жолдауда қордаланған мәселелік проблемаларды шешудің жолдары көрсетіліп, қажетті іске асыру шараларының алгоритмі жауаптар ретінде берілді. Солардың басты өзегі ретінде – жаңа экономикалық үлгіге көшу қажеттігі тілге тиек етілді.

Біріншіден, бұл Жолдауда сәттіліктің кепілі болатын Үкімет пен қоғам арасында қарым-қатынастың барысында азаматтардың билікке деген адалдығы мен оның заңдылығын мойындауы мемлекеттік машинаның тиімділігін арттыру үшін ауадай қажеттілігі негізделді.  

Екіншіден, бұл Жолдауда косметикалық емес, жүйелі өзгерістерге деген мотивация байқалады. «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру. 2026 жылға қарай IT қызметтерінің экспортын 1  миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі IT компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс,  деді Президент.

Үшіншіден, елімізде Жолдауды орындайтын толықтай болмаса да қалыптасып келе жатқан реформаторлар командасының нышаны бар екені сезіледі. Жолдаудан кейін көп ұзамай Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Министрлікке су шаруашылығы инфрақұрылымдарын кең көлемде жаңғыртып, суды есептеу және бөлу жүйесін цифрландыру міндетін жүктеді. Жаңадан Су кодексі қабылданып, министрлікке қарасты ұйымдар трансформацияланады. Гидрогеолог мамандар көптен бері қозғап жүрген мәселе осылайша оң шешімін тауып жатыр.

Төртіншіден, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдаудың мақсаты айқын және түсінікті қойылған. Атап айтқанда, басты мақсат  қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.

Бесіншіден, Жолдауда келтірілген мысалдар мен уәждер жан-жақты анализ жасалып нақты жоспарланғандығымен ерекшеленеді. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделетіні айтылды.

Алтыншыдан, Үкімет пен қоғам арасында қарым-қатынаста тығыз және мөлдір бақылаудың керектігі дәлелді келтірілген. Президент Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керегін нықтап көрсеткен. «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс» екенін айтты.

Жалпы, бұдан кейінгі уақытта қоғам көп жауапкершіліксіз үлкен жалақының болмайтынын түсінуі керек. Болашақта үлкен жалақылар мен қатар биік лауазымды шенеуніктердің, депутаттардың, квазимемлекеттік құрылымдардың және ұлттық компания  басшыларының тиімділігін бағалаудың нақты көрсеткіші анықталуы қажет. Кез келген тіпті идеалды қоғамда мінсіз әрі сапалы орындаушылардың тапшылығы байқалары сөзсіз. Дегенмен де  бұл Жолдау Жаңа Қазақстанда Әділетті қоғам орнату үшін жеке тұлғаның қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыратыны хақ.

 

Жомарт СИМТИКОВ,  саяси ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті