Мемлекет басшысы және ІІМ министрі еліміздің көлік объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерін белгіледі.
Көлік полицейлері 9 айдың жұмысын қорытындылады
778
оқылды

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінде 2023 жылдың 9 айындағы көлік полициясының жедел қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттері айқындалған кеңес өтті. Оған департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің бастықтары мен жеке құрам, сондай-ақ онлайн режимде қосылған желілік бөліністердің басшылары қатысты.

Жиынды ашқан департамент бастығы Бақытжан Малыбаев Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында қойған негізгі талаптары мен берген тапсырмаларын жеткізді. Атап айтқанда, ол ішкі істер органдарының жұмыс деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді, ең алдымен құқықбұзушылықтардың тиісті профилактикасын, құқықбұзушылықтардың барлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қамтамасыз етуді, ал қылмыс жасаған кезде оны ашу үшін барлық күштерді жұмылдыру керектігін атап өтті.

Көлік полициясының қызмет көрсету аумағындағы жедел қызметтің жай-күйі туралы департамент бастығының орынбасарлары егжей-тегжейлі хабардар етті. Баяндамашылар жыл басынан бері қабылданған кешенді шаралар елдің теміржол және әуекөлігі объектілерінде тұрақты жедел жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Кісі өлтіру және қарақшылық сияқты қылмыстарға жол берілмеді. «Өткен жылдар» санатынан 46 қылмыс ашылды.

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткіге қарсы күрес – бүкіл ел үшін басым міндет ретінде қойылды. Жыл басынан бері осы бағытта көлік полицейлерімен 95 алдын алу  шарасы жүргізіліп, 66 есірткі сайты бұғатталды. Есірткі заттарын өткізудің 27 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан  423 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Басқосу барысында әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға және көлік объектілерінде қылмыстардың жолын кесуге баса назар аударылды. Мәселен, биылғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында көлік полицейлері 38 мыңнан әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен 267 шетелдік елден тысқары шығарылды.

Сондай-ақ КПД-ның кадр саясатын және жеке құрамының қызметтік-жауынгерлік даярлық деңгейін жетілдіру мәселелері талқыланды. Тәртіп пен заңдылықты сақтауға, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге ерекше назар аударылды.

Кеңесті қорытындылай келе, Б.Малыбаев аппарат қызметтері мен желілік бөлініс басшыларының алдында Мемлекет басшысы және ІІМ министрінің еліміздің көлік объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерін белгіледі.