Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекерден-бекер айтпаған. Орынды айтылған жылы сөз адамды жігерлендіреді, өмірге құштарлығын арттырады, жан сарайын жаңғыртады.
Нар тұлғалы полковник
1,877
оқылды

Кейде біз жанымызда жүрген жақсы адамдардың іскерлік қасиетін бағалай алмай жатамыз. Біріміз оның істеп жатқан жұмысына іштей сүйсінсек, енді біріміз өзімізше мойындамаймыз. Әйтсе де, барды бар, жоқты жоқ деп айтқанға не жетсін... 

Иә, көптен бері жаныма жалау болған осы бір ұзын бойлы, аққұба келген нағыз офицер жайлы жазуды ойлап жүр едім. Бүгін соның сәті түсіп, өзгеше құрметпен қарайтын әріптесім туралы қалам тербеп отырмын. 

Полковник Дәурен Қуаныш­ұлының есімі – Шекара академиясы мен қатар ҰҚО және Шекара қызметіндегі әскери қызметшілерге жақсы таныс, тұлғалық қасиет қа­лыптастырған біртуар азамат. Ше­карашы курсанттарға саналы тәр­бие беруде өнегелі үлгісімен, жа­ңа­­­­шылдық жолымен, баста­ма­шыл іс-әрекетімен абыройлы қызмет атқарып жүрген тәжірибелі шекарашының тынымсыз еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол ұжымда жанының тазалығымен, көңілінің адалдығымен, қарапайым мінезімен және қызметтегі білгірлігі үшін үлгі тұтып сыйлайтын, әр­дайым білікті маман ретінде ерекшеленеді. 

Біз әңгімелеп отырған Дәурен Қуанышұлы Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің Шекара академия­­­сында қызмет етеді.  Тәрбиелік, әлеумет­тік-құқықтық және идеоло­­­гиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары лауазымында. Тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаған тәр­биеші офицер. Аталмыш оқу ор­нының 1998 жылғы түлегі. Өзінің айтуына қарағанда, курсант кезінде оқыған 4-оқу дивизионында кур­санттар көп болған соң бұларды басқа әріптестері  «Монголы» деп атаған екен.

Ол өз кезегінде талай рет оқу ди­визиондары арасында және қала­аралық ұйымдастырылған КВН ойындарына қатысып, көпшіліктің көңілінен шығып өнерпаз атанған. Кейіннен қызмет атқара жүріп, кур­санттарды осы өнерге баулып, бір­неше рет жүлделі орындарға қол жеткізіп, сонау Ресей Федера­циясының Сочи қаласына дейін барып, курсанттардың өнерін паш етіп келген. 

Алғашқы «лейтенант» әскери шенінен «полковник» шеніне дейін жеткен шекарашы кез келген істе алдына қойған мақсатына жетпей қойған емес. Бір нәрсені ойына алды ма, соны аяғына дейін жет­кізбей тынбайтын тынымсыз жан. Бүгінде оның бастамашыл­дығымен Шекара академиясында көптеген игілікті іс жүзеге асы­ры­лып келеді. 

Атап айтқанда, Шекара акаде­миясы эмблемасының  эскизін және кәдесый бұйымдарының ди­зай­нын жасауды және бітіруші түлектерге арнайы даңқты қолбас­шы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған Александр Бектің «Воло­коламское шоссе»  кітабын салта­натты түрде табыс ету рәсімін дәс­түрге айналдырды.

Сонымен қатар шекарашы офицердің келіссөздер жүргізудегі шеберлігінің нәтижесінде ару қа­ла­мыз Алматыдағы Халық банкінің FREEDOM LIFE қызмет­­керле­рімен ортақ мәмілеге келіп, қар­жылай қолдау көрсетуді ұйымдас­тырып, екі бірдей психологиялық түзету және оңалту  зертханасының пайдалануға берілгенін айта кет­ке­німіз жөн.

«Жас шекарашы» балалар әс­кери-патриоттық клубы мен Ше­кара академиясының Әйелдер қауым­­дастығы ұйымының жүзеге ас­уына да Дәурен Қуанышұлы тікелей себепші болды. 

Шекара академиясының оң имиджін қалыптастыру мақсатында абыройын асқақтатып, беделін биік­тететін видеороликтерді мон­таждап, әлеуметтік желілерге тұ­рақты түрде жариялап тұруды әдет­ке айналдырған креативті офицер  кейінгі жастарға жиған тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Ұжымда «басқарма энциклопедиясы» деп жас офицерлер кейіпкеріміздің ақыл-кеңесіне жүгінуді үрдіске ай­нал­дырған.  Өз кезегінде олар да кез келген уақытта жолығып, өз ой­ларын ортаға салып,  әрдайым көңіл­ге қонымды, толыққанды кеңес алып тұрады. 

Дәурен Белғожаевтың бойын­дағы айта кететін тағы бір ерекше­лігі – оның тұла бойы толған идея. Ол өз мамандығын жете меңгерген, жинаған тәжірибесі мол тәлімгер. Әсіресе, оның ұйымдастырушылық қабілеті ерекше дамыған. Мысалы, наурыз айында Шекара академия­сының қабырғасында өткен Халық­аралық ТМД Шекара әскерлері қолбасшылығы кеңесінің өкілдері­не ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны ТМД Шекара әскер­лері кеңесінің төрағасы ар­мия-генералы В.Кулишовтың өзі жоғары бағалап, марапаттаған.    

Ғасырға жуық тарихы бар Ше­кара академиясының тоқсан жыл­дығына орай академияның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды кітаптың жарық көруіне тікелей атсалысқан Дәурен Қуанышұлы мұндағы орыс тілінде жазылған әр материалды оқып, ондағы кемші­ліктерді, жетіспей тұрған жерлерді көрсетіп, мерейтойлық кітаптың сапалы болып шығуын мықтап қол­ға алды. Ол мұнымен де тоқтап қал­мады, әрқашанда ізденісте жүретін білікті офицер ұжымдағы әріп­тестері мен бірігіп, академия аума­ғындағы стендтер мен бан­нерлер­дің, оқу дивизион­дарының мә­­­де­­ни-ағарту мүліктерін және «Ерлікпен қаза тапқан Шекара  академиясының түлектері» туралы мемориалдық ескерткіш тақтаның бой көтеруін толықтай қамтамасыз етілуіне атсалысты. 

«Газет  – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, Шекара академиясының өзіндік басылымы болып табылатын «Академия: Бүгін. Ертең. Кеше» атты айлық  газетінің  бүгінде өз жал­ғасын тауып жарық көруіне қолдау білдірген тәрбиеші офицер, жақында ғана ҰҚК баспасөз қыз­метімен келісіп, іске қосылған Telegram арнасының құрушысына айналып үлгерді. Сондай-ақ  ака­демия тарихынан хабардар ететін суреттер мен көмкеріліп, сапалы безендірілген тоқсан сайын жарық көретін альбомның шығуына баста­машы болған Д.Белғожаев,  кур­сант­тық әнұранның шығуына себепкер.   

Әріптесіміздің өз ісінің майтал­маны екеніне ешкімнің таласы жоқ. Оның ұжым алдындағы атқа­рып жат­қан жұмыстарын айта бер­сек бір мақаланың көлеміне сый­ғызу мүм­кін емес. Біз ең маңыз­ды деген­деріне ғана тоқталып өттік. Бұдан бас­қа да белсенділік таны­тып, атқа­рып жатқан істері жетіп артылады. 

Ал адамгершілігі тұрғысынан сыр шерте кетсек, бүгін таусылмасы белгілі. Қолынан келсе жақсылық жасап, кішіге аға, үлкенге іні болып жүретін жақсы қасиеттерін үнемі көріп жүрміз. Біреулерге істеген жақсылығын бұлдамайтын асыл қасиеті тағы бар. 

 Олай болса, сөзінен де, қолы­нан да іс келетін жүйріктің алдағы қызметіне сәттілік тілеп, осы қар­қы­ныңнан тайма дегіміз келеді. 

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,

ҰҚК Шекара академиясының

баспасөз хатшысы