Динара Сәдуақасованың айтуынша, партия қоғам мен мемлекет арасындағы көпір, сондықтан оның бұл бағыттағы рөлін асыра бағалау қиын.
AMANAT-тың азаматтық қоғам өкілдері сарапшыларды қолдайды
534
оқылды

Бүгін Астанада ХІ Азаматтық форум өтіп жатыр. Оның жұмысына еліміздің түкпір-түкпірінен үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, азаматтық белсенділер мен еріктілер, сондай-ақ олардың серіктесі – «AMANAT» партиясы қатысуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тағы бір айта кететін жайт, «АМАNАТ» партиясы үшін үшінші сектор ең маңызды серіктес болып табылады. Партия азаматтарды ел басқаруға тарту қазіргі заманғы мемлекет пен қоғам дамуының маңызды шарты екенін мойындайды. Сонымен қатар, AMANAT пен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) көп қырлы ынтымақтастығы өзара сенімге негізделген, бұл – тиімді өзара іс-қимылдың принципті маңызды сипаттамасы.

Қоғам мен мемлекет арасында сенім болмаса, даму, алға жылжу, еліміз бетпе-бет келіп отырған жүйелі проблемаларды еңсеру мүмкін емес. Бұл ретте өзара сенім радиусын кеңейту, өз кезегінде, тұрақты диалог пен азаматтарды елдің мақсаттарын талқылауға тарту арқылы ғана мүмкін болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық курсының арқасында халықтың сенімін нығайту мемлекеттік саясаттың басымдығына және жалпыұлттық күн тәртібіне қайта оралды.

Мемлекет басшысының саяси реформаларының мазмұны «түрлі пікір – бір ұлт» қағидасымен айқындалғаны белгілі. AMANAT та осы қағиданы ұстанады.

«АМАNАТ» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова БАҚ-қа берген пікірінде партияның өзі азаматтық қоғамның бір бөлігі екенін еске салды.

«Азаматтық қоғам – кез келген табысты мемлекеттің маңызды бөлігі. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес оның институттарына қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті қауымдастықтар, кәсіподақтар, бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялар кіреді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде реформаларды табысты жүзеге асыруды қоғамның қолдауынсыз, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуынсыз елестету мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан «АМАNАТ» партиясы ең ірі қоғамдық-саяси күш ретінде өзі азаматтық сектордың бір бөлігі бола отырып, қоғам мен мемлекет арасындағы көпір қызметін атқарады», – деді ол.

Сарапшының айтуынша, партия үшінші сектормен маңызды үш бағыт бойынша әріптестік орнатуда.

Бірінші бағыт: партия өзінің негізгі саяси құжаттарында, яғни доктриналдық деңгейде үшінші сектордың маңыздылығын бекітті. Атап айтқанда, «АМАNАТ» партиясы жетілген азаматтық қоғамды тұрақты дамудың кепілі ретінде қарастырады. Бұл науқан партияның басты құжаты – саяси тұғырнамада нақты жазылған. Сонымен бірге, АМАNАТ өзінің Сайлауалды бағдарламасы аясында азаматтық қоғамды дамытуға деген ұмтылысын растады. Мәселен, партия келесі міндеттемелерді қабылдады:

– «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңды қабылдау;

– жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті бюджеттерге бөлетін қаражат есебінен ҮЕҰ-ның әлеуметтік бастамаларын іске асыру үшін қорлар құру бастамасын алға жылжыту;

– инклюзивті мәдениет пен гендерлік паритет құру;

– азаматтық жауапкершіліктің ең жоғары түрі ретінде еріктілік пен қайырымдылықты ынталандыру.

«Азаматтық белсенділер де көптеген партиялық жобалардың қозғаушы күші болып табылады. Осылайша, «Жер Аманат» республикалық және өңірлік комиссияларының қызметі аясында азаматтық белсенділер жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына тікелей қатысуда. ҮЕҰ-мен бірлесе отырып, «Бақытты отбасы», «Есірткіге жол жоқ» және басқа да көптеген әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда», – деді Динара Сәдуақасова.

Екінші бағыт: азаматтық белсенділер авангардтарын құрайды. Мәжілістегі фракцияда үшінші секторды Вера Ким, Мұрат Әбенов, Сергей Пономаренко, Ерлан Әбдиев, Екатерина Смышляева және т.б. жүргізеді.

«Партия қоғамның жарқын өкілдерін қолдайды. Мәслихаттың да, Мәжілістің де депутаттарының арасында бұрын үкіметтік емес ұйымдарда қызмет еткен өкілдер бар. Олардың арасында Вера Ким сияқты азаматтар жеткілікті. Вера осы салада ұзақ жылдар жұмыс істеп, Қазақстандағы волонтерлік қызметті дамытуға үлкен үлес қосты. Қазір ол Мәжіліс депутаты», – деп түсіндірді «АМАNАТ» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары.

Үшінші бағыт: «АМАNАТ» партиясы мен ҮЕҰ тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Партия көптеген үкіметтік емес ұйымдармен тұрақты серіктестік орнатқан. 

Азаматтық белсенділермен қоян-қолтық араласып, ұсыныстар әзірлеу мақсатында сараптамалық талқылаулар өткізіліп, партия жанындағы республикалық, облыстық қоғамдық кеңестердің жұмысы жүргізілуде. Мәселен, бір ғана орталық деңгейде қоғамдық пікір көшбасшылары мен азаматтық сектор өкілдері партия жанындағы республикалық қоғамдық кеңестер құрамының 30 пайызын құрайды.

«Партия жанында республикалық, облыстық деңгейде жұмыс істейтін кеңестер бар. Кеңестер құрамына депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдерінен басқа, үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдері мен азаматтық белсенділер кіреді. Мен өзім партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің мүшесімін, кеңес жұмысына жастар ұйымдарының өкілдері, журналистер, қоғам белсенділері қалай белсене қатысып жатқанын көріп жүрмін», – деп атап өтті Динара Сәдуақасова.

Жалпы, азаматтық сектормен тығыз байланыста жұмыс істеу «АМАNАТ» партиясына қоғамның тыныс-тіршілігін қадағалап отыруға, мемлекет пен қоғамның түрлі салаларында тиімді шешімдер әзірлеуге, кең ауқымды қоғамдық диалог жүргізуге мүмкіндік береді.

«Партия азаматтық сектормен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын. Кез келген өтініштерді, тілектерді, идеяларды республика бойынша жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау орталықтарының кең желісі арқылы жіберуге болады», – деп түйіндеді сарапшы.

Фото «АМАNАТ» партиясының баспасөз қызметі