Отырыс барысында «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Халықаралық қаржы ұйымы – Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының қызметі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің сауда-экономикалық байланыстарын арттыруға және экспорттаушы кәсіпорындардың тәуекелдерін қайта сақтандыру жолымен инвестициялар көлемін ұлғайтуға бағытталған.
«Осы Келісім арқылы Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мәртебесі, функциялары, басқару және оның қызметіне аудит пен ревизия жүргізу мәселелері реттеледі. Мақұлданған заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тауар айналымының дамуына өз ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Компанияның Жарғысына сәйкес, тәуекелдерді бағалау, тәуекелдерді азайту, шығындарды реттеуге жәрдемдесу, маркетингтік зерттеулер жүргізу, қайта сақтандыру саласындағы консультациялық, зерттеу және ағартушылық қызмет және тағы басқа функциялар регламенттеледі.
Келісімнің шарттары бойынша капитал бірлестікке мүше елдердің жарналары есебінен қалыптасады.
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Нұрлан Бекенов көгалдандыру саласындағы кемшіліктерді атап өтті. Сенатордың айтуынша, отырғызылған көшеттердің тек 70 пайызы ғана әрі қарай өсіп кетеді. Қалғаны солып қалады. Бұл бюджеттің тиімсіз жұмсалуына әкелетіні анық.
Алишер Сатвалдиев Түркістан облысындағы су тапшылығына, автожолдардың сапасына, Сайрам ауданындағы электр желілеріне және басқа да мәселелерге қатысты инфрақұрылымдық проблемаларға назар аударды.
Геннадий Шиповских теміржолшылардың зейнеткерлік жасын 55 жасқа дейін төмендету және жалақыны есептеу тәртібін қайта қарау туралы ұсыныс жасады.