Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұл салада қолда бар мүмкіндіктерді әлі де пайдалана алмай отырғанымызды атап өтті. Сондай-ақ саланың әлеуетін пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз қажеттігіне назар аудартты.
Президент айтқандай, Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар және онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. KazAgro/KazFarm–2023 халықаралық аграрлық көрмесі аясында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен өткен министрлік конференциясында да азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық жайы талқыланды. Шарада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.
«Ауыл шаруашылығы өндірісін жеделдетіп әртараптандыруға, агротехнологияларды, оның ішінде су үнемдейтін технологияларды енгізуді ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, оның ішінде қайта бөлінуі жоғары өндірісті дамытуға баса назар аударылатын болады», – деді ведомство басшысы.
Министр аграрлық секторға озық технологияларды жаңғырту және енгізу қажет екенін айтты. Ол сондай-ақ Қазақстанда «білім–ғылым–өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін отандық ғылымды реформалау басталғанын атап өтті.
«Сондықтан біз жаңа технологиялық шешімдерді коммерцияландырумен және өнеркәсіптік енгізумен айналысатын бірлескен агроинновация орталықтарын құру мәселесін пысықтауымыз қажет. ТМД ғалымдарының жинақталған тәжірибесін, сондай-ақ агробизнестің табысты өкілдерінің тәжірибесін барынша тарту қажет», – деді ол.
Министрдің айтуынша, ТМД елдері климаттың өзгеруі салдарымен күресу мәселесінде күш біріктіруі керек.
«Климаттың өзгеруі су ресурстары үшін бәсекелестікті күшейту арқылы суға жаһандық сұранысты арттыратыны анық. Су тапшылығының өсуі, климаттың өзгеруі, экономикалық белсенділіктің күшеюі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан бүгін біз су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға ықпал ететін су саласын дамыту стратегияларымызды бірлесіп қайта қарауымыз қажет. Біз ортақ су ресурстарын басқару саласындағы табысты трансшекаралық ынтымақтастықты жалғастыруымыз керек», – деді министр.
Қазақстан құс шаруашылығы одағының төрағасы Руслан Шариповтың айтуынша, еліміздегі құс шаруашылығы – экспорттық әлеуеті зор және өнімдері аймақтағы экологиялық таза деген отандық брендке айналып үлгерген шаруашылық. Бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 70-ке жуық құс фабрикасы бар. Олар ет, жұмыртқа өндіреді, сондай-ақ үйрек-қаз өсіреді.
– Бұл мекемелер отандық нарыққа жылына 5 миллиардтан жұмыртқа, 293 мың тонна ет әзірлеп шығарады. Биыл да осы көрсеткішпен шамалас болған. мәселен, 5 млрд 400 млн жұмыртқа, 350 млн тонна ет өнімдерін ұсынады деп күтілуде. Осылайша, отандық фабрикалардың жұмыртқасымен ішкі нарықтың 100 пайызын, құс еті өнімдерінің 70 пайызын өзіміз қамтамасыз етеміз.
Құс өсіру барысында өндірушілер антибиотиктер қолданбайды. ТМД аумағы бойынша ең дәмді құс еті өнімдері бізде. Сонымен қатар басқа да бұрынғы кеңес үкіметінің құрамындағы елдермен салыстырғанда бізде өндіріс барысында кез келген тұтынушының қаперінде бола бермейтін ГМО қолданылмайды. Қазір елімізде өндірілген күркетауық етінің 40 пайызын Мәскеуге экспорттап отырмыз. Көршілес елдерде қазақстандық өнімдерді сапалы әрі экологиялық тұрғыдан таза деп бағалайды, сол себепті болар сұраныс та өте жоғары. Мұның тағы бір сыры еліміздегі құс шаруашылығында жем-шөп ретінде пайдаланылатын бидай өнімдерінің таза болуында, – дейді ол.
Руслан Исмаилұлының айтуынша, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде дәнді-дақылдарды өсіру барысында тыңайтқыштарды да көп қолдана бермейді.
– Сондықтан біз отандық құс өнімдері экологиялық тұрғыдан ең таза деп мақтана аламыз. Осыдан болар соңғы кездері мұсылман мемлекеттерінен де қызығушылық артып келеді. Олардың басты талабы – өнімнің халал, яғни мұсылмандықтың шарттарына толық сай болуы. Ал Қазақстандағы барлық құс фабрикаларында «Халал» сертификаты бар. Бүгінде Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран елдері қазақстандық құс етін тұтынып отыр. Басқа елдерге экспорттауға да болар еді, бірақ құс тұмауының әсерінен көптеген елдер құс етінің импорт-экспортына шектеу қойған. Атап айтсақ, Қытай Халық Республикасы екі ел арасындаға құс өнімдерінің тауар айналымына тоқтау салғанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Мемлекеттердің бұл әрекеті де орынды. Себебі 2020 жылдары аймақта таралған құс тұмауының салдарынан көптеген шаруашылықтар шығынға батқан болатын. Мәселен, Петропавл қаласы маңында 7 құс фабрикасы болған, соның төртеуінде құс тұмауы тіркеліп, қарапайым тұрғындардың тауық, үйрек-қаздарымен бірге фабрикалар 2 миллионға жуық құсынан айырылып қалды. Өйткені ауруға шалдыққан барлық құстар толығымен өртеледі. Одан кейін барлық құстарға вакцинация жасалды, міне соңғы 3 жылда ахуалы тұрақты, – дейді одақ басшысы.
Конференцияда сөйлеген сөзінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров экспорттық нарықтарды кеңейту жөніндегі шараларға да тоқталды. Оның ішінде ТМД елдерімен ерекше байланысты атап өтті. Министрдің айтуынша, Қазақстан ТМД елдерімен өзара сауда көлемін ұлғайтуды жалғастырады, ал бұл үшін сауда шектеулерін – ветеринариялық және фитосанитариялық кедергілерді алып тастау қажет.
Дегенмен экспортқа шығарылатын өнімнің сапасы стандартқа сай болу үшін мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Руслан Шариповтың айтуынша, қазір мемлекеттік деңгейде жұмыртқаға, күркетауыққа, суда жүзетін құс өнімдеріне деген субсидия алынып тасталды, тек бройлерге деген субсидия ғана қалды. Салыстырар болсақ, мал шаруашылығында жем-шөптен бастап, еті мен сүтіне дейін үкімет субсидия береді. Бірақ мал мен құс шаруашылықтарын салыстырар болсаңыз, құсты 55-60 күн ішінде союға болады. Қазірдің өзінде 12 құс фабрикасы жабылып қалды. Сондықтан мұның соңы неге апарып соқтыратыны белгісіз. Себебі шаруаларда айналымға салатын ақша жоқ, жем қымбат. Мысалы, былтыр 1 тонна бидайды 180 мың теңгеге алдық. Өнімнің өзіндік құнының 70 пайызы тек жемнен құралады. Қазір жемді Ресейден алу бізге әлдеқайда тиімді, себебі бізбен салыстырғанда 50 пайызға арзан. Бірақ бүгінде теміржолмен тасымалдауға тыйым салды. Енді отандық өндірісті арттырамыз десек құс шаруашылығына арналған субсидияларды қайта қалпына келтіру қажет деп есептеймін, – дейді ол.
Кәмила ЕРКІН
© коллаж: Елдар ҚАБА