Жаңа үйлердің жайы жабырқатады

Сыр өңірінде тұрғын үйге қатысты мәселе ушығып тұр. Жыл сайын облыс орталығында жаңадан көпқабатты үйлер сап түзесе де, сырт келбетін сылап-сипап қойған ғимараттардың сапасына айтылар сын көп.

Қызылорда қаласында апатты үй­лердің жыры әлі күнге дейін біткен емес. Әкімдік тарапынан бәрі рет-ретімен шешіліп жатқанын тілге тиек етеді. Жат­­танды сөз бен цифрларды алға тар­­­тады. Ал шынтуайтында апатты үйдің азабы­­­нан арылған ағайын сапасыз салынған баспанасының сергелдеңіне түсіп жүр­­­­генін айтады. Екі ортада қара халық жапа шегіп, кімге шағымданарын білмей дел-сал күйде жүр. 

Бүгінде үй кезегінде тұрған жергілікті жұртшылықтың жаңа қонысы қаланың жаңадан бой түзеген сол жағалауынан бұ­йырып тұр. Апатты үйді паналап кел­ген халық та осы аймаққа көшіріліп жа­тыр. Бірақ жаңа да жайлы үйге қоныс­тандым деген тұрғындардың қуанышы көпке созылмаған сияқты. 

«Сол жағалаудағы жаңа баспанаға қоныс аударғанымызға жылға жуықтады. Бұған дейін апатты үйде тұрып, азапты күндерді бастан өткердік. Өзім І топтағы мүгедек жанмын. Әкімдік тарапынан жаңа да жайлы үй бергеніне қуандық. Бірақ көп уақыт өтпестен үйіміздің сапасы сыр берді. Есік-терезелері жарам­сыз күйге түсіп, электр розеткалары іс­тен шыға бастады. Құрылыс жұмыс­­­тарына мердігердің жауапсыздық та­­­ныт­қаны байқалады. Бүгінде соның зардабын тұрғындар тартып отыр. Жаңа үйіміздің қазіргі сиқы осындай. Жыл өткен сайын адам тұруға жарамсыз күйге түспесе деген қорқынышымыз басым», – деп мұңын шақты сол жағалаудағы №65 үйдің тұрғыны Марал Сәрсенова. 

Негізінен, аталмыш аумақ халқы үйлердің сапасыз салынғанын айтып, бұ­ған дейін де құзырлы орындарға шағымданыпты. Тиісті мамандар арнайы келіп, ахуалды көзбен көрген. Бірақ тү­­­зелген дүние жоқ. Есесіне күн санап әр жерінен ақау шығып жатқанын жеткізіп отыр. 

Сондай-ақ халық жаңа аудан аумағын жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары да кенже қалып тұрғанын алға тартты. Әсіресе, түн мезгілінде қою қараңғы­­­лықтың құшағында қалып, балалардың жүріп-тұруы қауіп туғызып тұрса керек.

«Осы аумақтағы тұрғын үйлердің ішкі ахуалынан бөлек, сыртқы жағдайы да мәз емес. Атап айтқанда, балалардың ойын алаңы әлі күнге дейін салынған жоқ. Абаттандыру жұмыстары да кезегін күтіп тұр. Қоқыс төгетін орындары да талапқа сай деп айта алмаймыз. Қоқыс жәшігі ашық-шашық күйде жатыр. Үйіміздің жанындағы дария тұсына өтетін негізгі жолдарға жарық бағаналары орнатылғанымен, әлі күнге дейін іске қосылған емес. Бұл аумақ түн мезгілінде қараңғылық құшағында қалады. Жал­­­ғыз-жарым жүру қауіпті болып тұр», – дейді сол жағалаудың тағы бір тұрғыны Ғалия Смақова.

Тұрғылықты халық жол бойына қаз-қатар қойылған жарық бағаналары мен жарықшамдардың әлі күнге дейін іске қосылмау себебін түсіне алмай дал. Күн­­діз көшенің сәнін кіргізіп тұрған әсем жарықшамдар түн мезгілінде іске қосы­­лып, қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілсе деген талап-тілегін ортаға салды. 

«Жаңадан салынған тұрғын үй жа­нында балаларға арналған ойын алаңы да салынбаған. Бір жылға дейін бұл мәселе не себепті шешілмей жатқанын түсінбедік. Сонымен қатар үйіміздің артында шұңқыр бар. Жаңбыр суы мен суағардан аққан ағын су соған жиналады. Осы орынды тегістеп беру жөнінде талай рет айттық. Бірақ нәтиже жоқ. Осының салдарынан үйіміздің іргесі қақырап, апатты күйге душар боламыз ба деп қорқамыз», – дейді №65 үйдің тағы бір тұрғыны Қалдыгүл Майқанова.

Тұрғындардың мәлімдеуінше, сол жағалауда салынып жатқан жаңа үйдің көбінің сапасы сын көтермейтін күйде тұр. Сыртын сәндеп қойғанымен, ішкі ахуалы апатты жағдайда деп ашынады. Жаңа үйлердің сапасы жайында сұраған жұртты әкімдік мердігерге сілтесе, мер­­дігер әкімдікті меңзейді. Қара халық қайда барып шағымданарын білмей, әрі-сәрі күйде жүргенін алға тартып отыр.

 

P.S. 

Осы мәселеге орай Қызылорда қаласы әкімдігіне бас сұғып, мәселенің мән-жайын сұрадық. Сол жағалау тұрғындарының базынасына жазбаша жауап қайтаратынын айтқан қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапының уәжі құрғақ уәде күйінде қалды. Әзірге сол жағалаудағы жаңа тұрғын үй кешені маңына қойылған жарықшам бағаналарының әлі күнге дейін іске қосылмауы бізге беймәлім күйде қалып тұр. Жауабын сұрап, бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, еш нәтиже болмады. «Басы ауырмағанның балтыры сыздамас» деген осы болар. Алдағы уақытта тиісті бөлімнің жауапсыздығына қала әкімі үн қосар деп үміттенеміз. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы