Әр ұлттың рухани мұрасында, әр ғасырдың ғылыми қоймасында біз білмейтін қаншама сыр бар, қаншама құпия жатыр?
Аңыздар жерінде және Айша бибі мазаратындағы көне жазу
1,815
оқылды

Жұрт Тараз-Әулиеата десе, әуелі ежелгі мәдени-тарихи ескерткіштердің мөлдір көзіндей болған Айша бибі мазаратын айтады. Бұл ешбір кездейсоқтық емес. Қазақтың ең ежелгі дәуірінен бері айшықты сәулет ескерткіштерінің сұлуы да, сырға толысы да, сүйкімдісі десек те болады.

Күн нұры түскен, айдай сұлу Айша би­біге сол заманда ел билеген әу­лие Қарахан соққызған күмбездің көркі мен кереметтері әлі күнге дейін әрі аңыз, әрі ақиқат желісінде қайта-қайта, қатар-қа­тар айтылып және тоқтаусыз жазылып ке­ле жатқанына он ғасырдан астам уақыт бо­лыпты. 

Сан ғасырлар бойы ғұндар, сақтар, түр­кілер осы – өрісі кең, өмірі тұнық қа­сиет­ті өңірде ат сабылтып дәуренді өмір сүр­ген. Дүрбелеңді шайқастар болған. Елі мен жерін қорғаған. Сол жойқын жорық­тар мен таңғажайып тағдырлар із қалдыр­ған, артына шаң басқан көмбелер, ақиқа­ты әлі де ашыла қоймаған, толқынды ой­­­лары мен әпсанасы тамсандыратын аңыз-әңгімелерімен есте сақталған.

Бір ғана Айша бибі кесенесі ай­на­ла­сын­да қаншама ой айтылады десеңізші. Айтылмағанда ше?!

Сонау қиял жетпейтін алыста мұнара­лы күмбездер мен балбал тастар «сөйлей­тін» заман көз алдыңызға елестей ме? Де­­­­ректердің жазбалары бір емес, ондап-жүз­деп жолығатын сияқты. «Х ғасырда ал­пыс екі түрлі өрнекпен тасқа құйылып тұр­ғызылған кесененің құпиясы мен жұм­бақтары әлі толық ашылмағаны қалай?» деп ойлайтын шығарсыз. Солай әркім ойлайды. Соның арғы жағында туристер мұнда «мәңгілік махаббат» орнын көруге келгенде кәсіби маман емес, Құран оқи­тын молданың өзі-ақ Айша бибі мен Ба­бад­жун (Айша бибінің күтушісі деп ай­тылады) хатунның кесенелері мен өз­де­ріне белгілі тарихын таныстырып үлгереді. Айтқанда да олар ағып тұр. Соның бірі…

Тас қабырға жолақтарының 18-ші қа­тарын­да көзге оттай басылып, тұңғиығына тү­сіретін бір жол жазуды оқыған археолог та, тілші-ғалым да, философ та осы уа­қытқа дейін таңғалумен келеді дейді. Бұл рас.

Бұл қандай жазу? Сол бедерлі жазуда «Күз­гі аспан… бұлттар… өмір таңғажайып» де­ген сөздер шығады деп тұжырым жасал­ған. Осы жалғыз дерек жиі айтылады. Араб тілінің ең көне бір жазуын оқи алған ға­лымдардың тасқа басылған ой-жосық­тары ұқсас. Әлбетте, ол сөзді тура сол қа­тар­да, нақты кім, қашан жаздырды, қан­дай себептермен қышқа құйып бедер­ле­гені белгісіз болғанымен, кез келген адам­ды ұйытып, қалың ойға қалдыратын осы­нау жазудың мағынасы адамзат жара­тылысына тән өмірдің негізгі ой-фи­ло­со­фиясы дерсің. Адам – керуен, өмір – жол. Ол ешкімге таңсық із емес. Бір Жара­ту­шы­ның құдіретіне ай астында, жер үстінде бас иіп, мойынұсынбайтын жан бар ма өзі?! Түсінбейтін адам бар ма екен?! 

Өмірдің көш-керуенінде «Тараз қа­ласын мен ғана түсіне аламын» деп жа­за­тын шайырлардың сезімі мен махаб­ба­тын­да Айша бибі кесенесіндегі осы жа­зу­дың да әсері болмай қалған шығар, сірә.

Дәл осы арада бұл мәдени-тарихи ес­керт­кіштің тұрған жері туралы айту ар­қы­лы әңгімемізді одан әрі жалғастыру көп жайт­тың қисынды және үйлесімді жақ­тарын аңғартады.

Ел аузында сол бағзы заманнан келе жатқан тәмсіл әңгіме бар: Махаб­ба­тына адал қас сұлу Айша ақ арманына же­те алмапты, сүйгені Қарахан екен, ару қыз­дың аяулы сағынышы алты айлық жер­ден керуен тартып Таразға қарай же­те­лепті, таулар асып, жүрек лүпілі аптық­тыр­ған жолда аялдаған аруды кенет улы жылан шағып, мөлдір көз жасын төгіпті… ғашықтықтан өртене жаздап, енді орны тол­мас өкініштен жүрегі қарс айырылған Қара­хан оны сүйіп өттім, жаным бірге деп жария еткен. Қос ғашықтың мәңгі белгісі деп әулие кісі мұсылман әлемі сәулетімен тұр­ғызылған мазаратты мұнаралы Тараз­дың қақ ортасынан өзі көріп жататын (о дү­ниелік болғанда жерленетін жерін бел­гілепті) анау Алатау мен Қаратаудың то­ғы­сар құшағындағы биік қырға салдырған екен…Некесін де қидырған деген аңыз небір заман зердесінде сақталып келеді.

Талайғы Тараз атауы

Тарихшылар мен шежірешілердің, жыл­намашылардың айтуынша, Тараз сөзінің пайда болуы туралы бірнеше нұсқа бар. Көпшілігі Таразды Талас деген ән сө­зіндей әдемі сөзден шығарады. «Талас» грек тілінде «теңіз» деген сөзді білдіреді. Адам­зат тарихында, атап айтсақ, ата-ба­баларымыздың көшпенділер мәдени өмі­­рінен ғылыми түрде хабар беретін «Та­лас жазулары» қаншама ғылыми зерт­теу мен еңбектің арқауына айналғанының өзі бекер емес, ол – мол рухани қазына. 

Адамзат игілігінің қамқоршысы ЮНЕС­КО шешімімен Тараз қаласының 2 000 жылдық тойының кеңінен аталып өтуі тәуелсіз қазақ елінің көнеден тамыр тарт­­қан көкжиегіне айрықша сәуле тү­сірді. Нақ осы мереке қарсаңында ежел­гі қаланың арғы бергі тарихына байланысты ға­лымдар зерделеп берген мағлұматтар мен дерек-дәйектер барынша айтылып, бас­пасөз бетінде жарық көрді. 

Талайғы Тараз атауының араға ғасыр­лар салып қайта оралуының сәті түсіп, ол құтты 1997 жылы жүзеге асқан болатын. Жү­рекке тым ыстық әрі әріден әдемі атау тез арада елдің құлағына сіңіп кетті. Аз уа­қыт ішінде ол брендке айнала бастады. Ежел­гі Тараз, тағдырлы Әулиеата және жыр жампозы Жамбыл аталған қалалар ұлы­лардың атамекені мен әулиелі жердің ұғы­мымен жымдасып, ғасыр жасаған Жам­был ақынның «Атыңнан айналайын, Әулиеа­та!» деген сөзімен әйгілене түсуі де қию­ласып, қадірін арттырды. Тасқа ба­сыл­­ған, қағазға жазылған дәйектен, әрине ат­тап өте алмаймыз, бұл шежірелі қала ке­шегі кеңестік дәуірде коммунистердің пәр­менімен Мирзоян (Қазақстан ком­пар­тиясы Орталық комитетінің бірінші хат­шысы) деп те аталған. Бірер жыл ғана… Со­лақай саясаттың кесепатты кесірі қо­ғам­ға тигізген зардабы аз болмаған ғой.

Байтақ елдің бақ дәуренінен үзілмес сыр тартқан Тараз қаласының өт­кен тарихы өшпес оқиғалардың таң­ба­лануы­мен және сөз өнерімен өрнектелгені әлеуметті барлық уақытта қатты таңғал­дыр­ған. Осындай қалың ойға оралтқанына не­гізі бар дәйек, дерек көп. Айтқанда, Шы­ғыстың атақты шайырлары мен ке­ше­гі-бүгінгі қазақтың ақын-жырау­ла­ры­ның туындыларына арқау болып, өлмес та­қырып, мөлдір махаббат пен сүйіс­пен­шілік туғызған Тараздай тағлымды, құл­пыр­ған шаhар бар ма, өзі?! Жоқ-ау, ә?! Бір көргеннен-ақ Тараз қаласын жырламаған ақын жоқтың қасы. Сезімтал ақыннан көр­кем сөз артылған ба? Тек осы бір ға­жап­қа, «Таразды жырлаймын» деген ақын­дар өлең-толғауларына жергілікті әде­биетшілер мен мұрағатшылар жете мән беріп, мұқият жинастырып жүруі ке­рек-ақ. Әзірге ондай қадамдар жасалған, дей тұрғанымен толыққанды жинақ шыға қоймады. Жамбыл облысының 80 жыл­дығына орай «Тараз мұралары» серия­сы­мен шыққан 110 томдық кітапта да өз дең­гейінде болу үшін әлі көп зерттеуді қам­ту керектігі байқалып қалды. Бұл жағы ал­дағы уақытта ескерілетін шығар деген ой­дамыз. Әулиеата аузымен құс тістеп, әуе­німен қыран қалықтатып, сазды әуе­зімен ән шырқатқан ақын-жыршылар елі емес пе?

Әйтпесе, ықтиятты болмасақ, елдің абы­ройы-ақындар мұрасы әр жерде қа­лып қоюы мүмкін. 

Бұл орайда мына бір көңіл толқытып, ри­за еткен жағдай ойға оралып отыр. Әлем ойшылдары атанған және қазақ же­­­рінен шыққан ортағасырлық ғалым­дарды толағай зерттеулерінің нәтижесінде құнды дүниелер жазып, нағыз ғалымның кең өрісін танытқан шығыстанушы, атақ­ты ғұлама, академик Әбсаттар қажы Дер­бісәлі туралы бөле-жара айтқанды жөн санаймыз. Ол рухани қазынамызға ХV-ХVI ғасырларға жататын, жалпы жұрт тү­гілі тарихшы ғалымдарға да белгісіз, бұрын-соңды аталмай келген 300-ге жуық ғұ­ламаны қосты. Солардың ішінде аз да, көп те емес, тұп-тура 51 Таразиды, яғни өз дәуі­рінде оқып, білім алған түрлі ба­ғалы еңбегімен әйгілі болған қайрат­кер­лерді оралтып, ғылыми айналымға олжа қос­қанының өзі не тұрады?!

Дұрысында қазақ топырағында жара­тылған дана адамдар еңбегін араға жүз­деген жыл салып туған Атажұртымен қай­та табыстырды. Бұл күндері көне қа­ла­ның қақ ортасында тұрған орталық ме­шіт «hибатулла Тарази» деп аталады. Бір қарағанда тосын, беймәлім есім қай­дан пайда бола қалды? Бұл шындығында мұсылман әлемінде ірі дін қызметкері және ғұлама ойшыл, Каирдегі Сұлтан Бей­барыс медресесінің меңгерушісі бол­ған адамның (1272-1323) есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен қойылған. Тарихи ақи­қат үшін айтсақ, сол кезде Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дер­бісәлінің ұсынысымен жаңа мешіт осылай аталған екен. Осындайда ой жүйрік қой. Қазақ баласының орта ғасырда қандай тағдырмен, арман-мақсатпен алыстағы Шам мен Мысыр еліне сапар шекті екен десеңізші.

Қараханидтер дәуірі, ислам дінінің Ор­талық Азия жерінде Тараз төрінен басталуы, Рудаки, Фирдоуси тәрізді сол за­ман­ның атақты шайырларының өлең-жыр­ларының шығуы, Талас шайқасы, Қазақ хандығының бастауында тұрғаны, Абылай ханның ақордасының тіккен ор­ны, ең ақыры ХХ ғасырдың 20-жылдары Сара Есова апамыз бастамасымен қазақ әйелдерінің теңдігі туралы тұңғыш бүкіл­қа­зақстандық жиынның Әулиеата-Тараз жерінде өткені де терең тарихтың тағ­лым­ды, өткен күндердің ұмытылмас тарау­ла­рын танытады. 

Шежірелі Х ғасырда атақты шайыр Фирдоуси «Сергітер жүректің жарасын, Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп жазған. Бұл тарихи жыр шумақтарының өзі бір жа­ғынан өскен, өркен жайған елді қыздың сұлулығымен өлшесе, екінші жағынан көне қаланың байырғы ғұмырынан хабар бе­реді. Бұл сөз 1990 жылдың басында Та­раз­­­­ға кіреберіс оңтүстік қақпасында қа­ла­ның бойтұмары ретінде жазылып қой­ған еді. Ақылды адамдар түсінетін өлең бо­латын. Бертінде, оны бір додалы ай­тыс­та жас ақын терістеу мағынада айт­ты деп облыстың сол кездегі әкімі 2015 жы­лы еш ойланбастан, менмендікпен ал­дырып тастаған. Қала тұрғындары билік­тің бұл қате, әпербақан өктемдігіне, өкі­нішке қа­рай қарсы тұра алмады. Аны­ғында өз та­ри­хына қатысты бәсіре дүниені қор­ға­мады.

Әдеби сөздің нарқы мен парқын біл­мей­тіндердің әрекеттеріне не айтарсың?

Суы мөп-мөлдір, көк толқыны жан тер­­­­бейтін Талас өзенінің жағалауында өсіп, ән сөзіндей Әулиеатаның әлдиімен қа­наттанып, поэзия әлеміне танылған көр­некті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова өзінің «Жұлдызым Жібек жолы бойындағы» толғауында:

Берілген ұлылардың бағасы – шың,

Тарихтың салихалы саласысың.

Киелі, Әулиелі, көне Тараз,

Сүюдің, сұлулықтың Таразысың!

Сүюдің Айша бибі бопты Арындай, 

Далада қызға ескерткіш жоқ та мұндай,

Кезінде Шах Жаханның Мұмтазға арнап,

Өлмейтұғын Тәжмахалды соққанындай,

деп жырлайды. Қазақ қызына ықылым за­манда осындай ескерткіш қойған ерге де мың тағзым, деп келетін ақын жырлары «Жан Тараз, жақұт таққан тәжім менің» күйінде жарқырай түскенін оқып, не ұйып тыңдау да бір көркем дүние! Көкжиегі сәу­лелі Күләш ақынның ақын інілері мен сің­лілері Жамбылды жыр нұрына бөлеп, бәрін де сұлуландырып тұрғандай әсерге бөлейді.

Аңыздарда және соған орай зерттеу жұ­мыстарын жүргізген жекелеген жас ға­лым­дар өз мақаларында Айша бибінің орта ғасырларда өмір сүрген дін ғұламасы Сү­леймен Бақырғанидың қызы деген ай­қындама беретінін де байқаймыз. Түрлі деректе айтылып жүргеніндей, ару Айша бибінің нағашы атасы Қарабура әулие саналады. Ал Қарабура дегеніміз Қарахан империясын билеген патшалардың бірі болған Қара Богра хан деп келтіреді.

Біздің тарихнамамызда ең алғаш Ислам дінін мемлекеттік дін деп жа­риялап, түркілер арасында да кеңінен на­сихаттаған да осы қарахандықтар. 

Осылайша, Айша бибінің түптегі пат­ша әулетінен шыққан деп ой қорытады та­рих­шылар мен зерттеушілер өз еңбек­терін­де. Бұдан басқа да шығу тарихы тура­лы ойлар айтылатын секілді. Ертеден бері түрлі болжам болғанымен, оның тегі ас­қан мәртебелі отбасынан шыққаны бір арнадан табылады, сол себепті бүгінгі күн­­ге жеткізген ата-бабаларымыздың зер­­десін­де сақталған және таңғажайып ке­се­не­сіндегі айғақтың барлығы бір-бірін то­лықтырып тұрғанын ескергеніміз абзал.

Айдай сұлу аруға кесенені дала қы­ра­ны Қараханның тұрғызғаны да дәл сон­дай, мәңгілік ғашықтық пен махаббаттың, шек­сіз сүйіспеншіліктің ғұмырлар бойғы ғибратындай дедік. Аңыз әңгімелер мен зердеде жаңғырған замандар елесі.

Қазақ жеріндегі күмбездердің ең ерек­ше­лігі де осы тарихи-мәдени ескерткіште. Ғалымдардың зерттеу қорытындысына сүйеніп кесененің артқы бұрыштама ба­ғаналарының 18-ші қатарында араб әліп­биі­нің «куфа» өрнегімен бедерленген жазу бар дедік. Бұл сөздерді 1895 жылы орыс ғұламасы В.Бартольд «Күз…бұлттар…жер ғажайып» деп аударған. Тылсым сырлы ойдан адам жаратылысы мен тіршіліктің бар­лық сипатының неден тұратынын се­зініп, ұғатын боламыз. Бұл көне сөзді «Күз. Жер. Су» деп өзінше және қиялдап ау­дарып жүргендер де бар. Ал таным-тал­ғамы терең, белгілі жазушы Асқар Сү­лей­менов болса, бұл жазуды «Аспан. Сүмбіле. Сұм­дық өмір» деп оқиды.

Ежелгі Тараздың тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау мекемесін көп жыл басқарған тарихшы-маман, көп­теген зерттеу еңбекті таныстырып жүр­ген Тәкен Молдақыновтың бұл жазудың дұ­рыс­тығына көз жеткізу үшін В.Бартольд, В. Массон, Т. Снегинова секілді ғалымдар­дың зерттеулері бойынша және Таразға ар­найы жолы түскен Иран Ислам респуб­ли­касының Қазақстандағы елшілігі қыз­меткерінің аудармасы негізінде ой қорыт­қан мақаласы да кесенедегі жазудың ай­ты­лып жүрген нұсқасын қостайды.

Тағы бір кереметі – күмбездің кіре­беріс есігінің жақтауларындағы қос баға­на­ның бас жағына кең ауқымда улы жы­лан­ның белгісі салынған. Бұл Айша аруды жы­лан шағып қайтыс болған деген аңыз­дың мазмұнын ашық суреттегендей. 

Сонымен, «өрнегі мол Шығыс сәуле­ті­нің үздік нұсқасының жобалау авторы кім болды екен?» деген мәңгілік сұрақтың жауабын табудың ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып келе жатқаны да рухани мұраның бір ғажабы болса керек.

О, несін айтасыз, 1980 жылдың белор­та­сы ма екен, белгілі мәдениеттанушы, ұзақ жыл Жамбыл облысының мәдениет саласын басқарған Әлібек Әмзеұлының эссе-жазбасында келтірілгеніндей, сол уа­қытта Мәскеу жақтан бірнеше архео­лог­пыз деген адамдар Жамбыл жеріне суыт келіп, көненің көзі Айша бибі кесе­не­сін қазып, ашып зерттейміз, бізге аңыз емес, ақиқат керек деп тепсініп, алқымы­нан алады. Бұған жаратылысынан кесек мі­незді, айтқанынан қайтпайтын Мә­дениет басқармасының басшысы бір­ден пы­шақкесті келіспейді, содан барып қып-қызыл ерегіс басталады. Жоғары жақтан келгендер ашу шақырады. Рұқсат қа­ғазды алу үшін обкомның бірінші хат­шысы С.Байжановтың алдынан бір-ақ шы­ғарады. Сол арада обком хатшысы сөзі ор­нықты, ой орамдары ақиқат, сауаты күш­ті Ә.Әмзеұлының «мұсылман әле­мін­де аруақтарға тиісуге болмайды, оның үсті­не мына қазба жұмысының мақсаты да белгісіз» деген тоқтамын қолдайды. Мұ­нымен де тартыс бітпепті. Енді Алма­ты­да, Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәні­беков­ке барып арызданған екен әлгі ар­хеологтер. Не керек, Алматыдағы кеңседе екі тараптың ой-пікірлерін мұқият тың­даған Өзағаң «Айша бибі кесенесін ешкім де қазбайды. Оған рұқсат ешқашан беріл­мей­ді. Егер сол жерден бір күрек топырақ қа­зылса, сол жерге сен көмілесің» деп сөз бен ой мағынасын тереңінен түсінетін Әле­кеңе қаратып қатаң тапсырма беріпті. Қай­ран, Өзағаңдар – ұлттық рухтың же­беушісі! Кім біледі, ол кісі тоқтау салмаса, әйтпесе, атақты адамдар қабірінен құнды заттар іздеген «қара археологтер» секілді тонап, ұрлайтындардың көздегені ақиқат емес, басқа болуы да мүмкін ғой. Бұл да тарихи көмбелердің біразына тән нәрсе.

Біз кейіпкердің тағлымы көптеген шығармашылық адамның туындыларына арқау болғанын жақсы білеміз. Бұл ың­ғай­да жергілікті жазушы, Тараз қаласы та­рихын зерттеуге елеулі еңбек сіңірген қа­ламгер Бақтияр Әбілдаевтың «Айша бибі» пьесасының кезінде театр сахна­ла­рында қойылуы көп жайттың бетін ашты. Аңыз­дың ақиқатқа айналған сәттері де көркемдік шешімін тауып, Айша бибінің аяулы бейнесі мен образы көз алдымызда тұрды.

Сондай-ақ бірқатар тарихшы мен әде­биетші де көне жазбалар желісімен көр­кем ойлар айтты.

Ескерткіштерге де күтім керек

Ғасырлар куәгері Айша бибі кесе­не­сінің аумағын ерекше көркейтіп, көгалдандыру, саяхат жасап келушілерге қолайлы жағдай туғызу сөзбен емес, іспен дәлелдеген бір жағдай еске түсіп отыр. Бұл тұрғыда 2010 жылы сол кездегі Жамбыл об­лысының әкімі Қанат Бозымбаев киелі орынға ел-жұрт тілігіне сай тікелей өзі ай­рықша қамқорлық жасап, оның көлемді айналасын айнадай етіп, жасыл саялы бақ ектіріп, мәдени жаңғыртып, көркейтіп, к­ө­ріктендіріп, әдемілеп қойып еді. 

Содан бері талай су ақты, аңызақ жел гу­леді, жылжып жылдар өтті. 

Қылаудай иманды қарекеттің өзі қа­дірлі. 

Талайғы Тараздың бақ қонып, қыдыр д­арыған ұлттық жақұттары теңдессіз қа­зына. Олар заманалар көш-керуенінде ру­хани өмірдің әдемі арқауы, сарқылмас бұла­ғындай бола бермек. Сонысымен де дүниені дүркіреткен Сақ, Ғұн, Түркеш қаға­натынан бері жер бетінен жоғалып, жойы­лып кетпей, бізге жеткен түрлі мәде­ни-тарихи ескерткіштер мен алтын көм­бе­лер адамзат тарихы үшін ең қымбат жә­дігер және тірілер үшін тағзымды тағ­лым! 

Жер дүниені жалғаған Ұлы Жібек жо­лы бойында арлы-берлі ағылған саяхат­шы­лар мен жолаушылар жүрегін қазақ да­ласында қанат қаққан «Айша бибінің» көз жетпес алысқа кеткен аңыздары мен зейін­ді зердеде жаңғырған мөп-мөлдір ақи­қаты әлі талай ұрпақты тылсым күйде тер­беп, таңғалдыратын болады.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

 қоғам қайраткері