25 қазан – Республика күні! Ұлттық мереке.
Қазақ тарихын жастарға көне жәдігерлер арқылы насихаттаймыз – Сырым Хасенов
1,775
оқылды

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Қазақ елі тәуелсіздік үшін табандап күресті. Азаттыққа 1991 жылы қол жеткізді. Көне тарихымызды тасқа қашап жазды. Кеңес өкіметі тұсында архив құжаттарында қатталды. Мереке қарсаңында Ұлттық музейге арнайы бардық. Тәуелсіздік тарихын насихаттау жайында Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасеновпен әңгімелестік.

– Музейдегі «Тәуелсіз Қазақстан» залында азаттық алғаннан бергі кезеңнің тарихы сақталған. Ел тарихын насихаттау қандай деңгейде жүргізіліп жатыр?

– 2014 жылы 2 шілде күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен осы Ұлттық музей ашылды. Негізі залдардың бірі – осы «Тәуелсіз Қазақстан» залы. Ол кезде Президенттік мәдениет орталығының қорында жұмыс істедім. Көшіру комиссиясының құрамында болдым. Қордағы жәдігерлерді музейге көшіріп алып келдік. 

 

Біз археологиялық экспонаттарды, бағалы металдар, алтын бұйымдар, қару-жарақ, тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар, құмыраларды көшірдік. Орталықтағы жәдігерлердің 90 пайызы Ұлттық музейге көшірілді. Президенттің өзіне тікелей кәдесый ретінде тарту етілген бұйымдар Назарбаев орталығына көшірілді. Қалқан, қылыштар, Иманғали Тасмағамбетовтің коллекциялары бар еді. Көбінесе, қару-жарақтар болды. Кейіннен ол жәдігерлер де осы музейге көшірілді. Залда мемлекеттің тәуелсіздік алған кезеңінен бастап саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асқан кезеңі толық қамтылған. Өнеркәсіп пен өңірлердің даму қарқыны, сыртқы саясаттағы жетістіктер, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт саласындағы реформалар көрсетіледі. Залдың жалпы ауданы – 2 065,7 шаршы метр. 

 

– Ұлттық музейге жылына қанша адам келеді?

– Бір ғана 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні 30-50 мыңға дейін адам келеді. Ұлттық музейдегі жәдігерлерді жыл сайын шамамен 100 мыңнан астам адам тамашалайды. Қазақстанға ресми іссапармен келген шетелдік делегация өкілдері бірінші Ұлттық музейге ат басын тірейді. Олар, әсіресе, екі «Алтын адам» залына, «Ежелгі және Орта ғасыр тарихы», «Қазақстан Тәуелсіздігі» залына көп келеді. Шетелдіктерді арғы-бергі тарихымыз қызықтырады. Сол үшін Археология залына көп келеді.

 

Ал үкіметтік делегация өкілдері Қазақ хандығына дейінгі кезең туралы көбірек білгісі келеді. «Алтын адамды» тамашалауға келеді. 1969 жылы Кемел Ақышевтың зерттеуінен кейін дүниежүзіне әйгілі болды. Одан кейін 7-8 «Алтын адам» табылды. Қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданының аумағынан табылған «Алтын адам» да осында тұр. Музейдегі реконструкциялар түгелдей Қырым Алтынбековтің жетекшілігімен жасалды. 

– Кеңес өкіметі кезінде тарихи жәдігерлеріміз Эрмитажда сақталды. Тайқазанды алып келді. Былтыр Санкт-Петербургтегі Эрмитажға барғанда «Қазақ тарихына қатысты қандай жәдігерлер сақтаулы тұр?», – деп сұрадым. Музей қызметкерлері «тәуелсіздік алған елдер құнды тарихи жәдігерлерін алып кетті...» – деп айтты. Эрмитажда қалған жәдігерлер болашақта Ұлттық музейге қайтарыла ма? 

– Біз «Алтын орда» залын жасақтаған кезде көптеген қиындыққа душар болдық. Себебі жәдігерлердің түпнұсқасы болмады. Жәнібек ханның дулығасы Метрополитен музейінде тұр. Ұлттық музейге дулығаның көшірмесін алып келіп қойдық. 

Ұлытауда Әмір Темірдің Тоқтамыс ханмен шайқасында орнатылған белгі тас қойдырған. 3 мың әскерімен жаумен арпалысқан төбе. Ғалым Қаныш Сәтбаев тапқан тастың түпнұсқасы Эрмитажда тұр. Таста Әмір Темірдің арнайы жазған жазуы бар. Сол жәдігер бізге ауадай қажет. Алтын орда кезеңіндегі жәдігерлердің көпшілігі Эрмитажда сақтаулы. 

 

 

Анық-қанық: Алтын шоқы  – Ұлытауда Әмір Темір (1336-1405) белгі қалдырған тау (Фото: tengrinews.kz). Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шыққан Әмір Темір Ұлытауға келгенде Алтын шоқының басына үлкен құлпытас орнатуға бұйрық берген. Шеберлерге тасқа қашап: «Тарихтың жеті жүз тоқсан екінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы. Тұранның сұлтаны Темірбек жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханға соғыспаққа жүреді. Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырды. Тәңірі нәсіп берсін. Иншалла, тәңірі бұл кісіге рақым қылып, барша адам есіне алып жүрсін», – деп жаздыртқан.  Құлпытасты академик Қ.Сәтбаев ХХ ғасырдың 30-жылдары экспедиция кезінде тапқан. Қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. Жазудың түпнұсқасындағы тілі қазіргі қазақ тіліне өте жақын. 

Сондай-ақ Абылай ханның мөрі, Кенесары ханның қылышы Омбыдағы музейде тұр деген мәлімет бар. Әр қиырдағы музейлерде тарыдай шашылған жәдігерлеріміз толықтай қайтарылмады. Эрмитажда арнайы зерттеу орталығы бар. Хандар мен батырлардың сауыты, дулығасы, қылышы да Эрмитаждың арнайы қорында сақталған болуы мүмкін. 

– Қазақ тарихы қайта жазылып жатыр. Ал Тәуелсіздік тарихы көпшілікке қалай насихатталып жүр?

– Былтырдан бері мектепте «Мектептегі музей сабағы» деген жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біздің мақсат – музейге келген оқушыларға тарихи жәдігерлер арқылы тарихи деректерді түсіндіру. Мәселен, тарих сабағында Алтын Орда кезеңі туралы мәліметтерді оқушыларға толық жеткізе алмауы мүмкін. Біз оқушыларға жәдігерлер арқылы көп мәлімет береміз. Қазір тарихи санамызды осылай қалыптастыруымыз керек. Жәдігерлер арқылы оқушыларға құндылықтарды жеткізіп жатырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Фотоны түсірген автор