Бала да, ересек адам да кикілжің кезінде эмоционалды күйін қалай қадағалап, заң бойынша қандай әрекет жасағаны дұрыс?
Екі бала жанжалдасып қалса, ата-аналар мәселені қалай шешуі керек?
2,278
оқылды

Балалар арасындағы түсінбеушілік, төбелес ата-аналардың дауына айналатын жағдайлар аз емес. Тіпті өз баласын қорғаймын деп жұдырықтасуға дейін баратын әке-шешелер бар. Бұл туындаған мәселені шеше ме? Екі баланың арасындағы кикілжіңге ата-аналардың араласқаны қаншалықты дұрыс? Бұл жөнінде Aikyn.kz тілшісі "Керек дерекке" сілтеме жасап жазады.

Танымал кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде қолына баласын көтерген ер азаматты аяусыз соққыға жыққан сәті. Дау - спортшы мен қала тұрғынының ойын алаңында ойнап жүрген балаларының өзара келіспей қалуынан туындаған. Ұлымның арқасынан басқа бала бірнеше рет ұрды деген Шүменов баланың әкесіне жұдырық ала жүгіреді.

Балалардың өзара келіспеушілігі, ұрыс-керісі үлкендер арасындағы дау-дамайға ұласпауы үшін не істеу керек? Бала да, ересек адам да кикілжің кезінде эмоционалды күйін қалай қадағалап, заң бойынша қандай әрекет жасағаны дұрыс? Осы сұрақтарды ата-аналарға, психолог пен заңгерге қойып көрдік. Аруна Әшімхан үш баланың анасы. Балалардың бір-бірімен түсініспей, төбелесіп қалуы қалыпты жағдай дейді. Сондықтан мәселе туындаса, ың-шыңсыз шешуге әрекет жасайды екен.

«Бала болғаннан кейін бір күні ұрысады, бір күні татуласады. Меніңше олардың арасына түсіп керек емес+үш балам да өте активный, шустрый. Ондай жағдай талай басымнан өткен. Ата-аналармен татуластыруға тырысамын дауға жеткізбей», - дейді  Аруна Әшімхан.

Ал, психотерапевт Аида Нарбаева балалардың өзара кикілжіңіне ата-аналардың араласа бермей, мәселені өздеріне шешіп үйреткен дұрыс дейді. Себебі ата-ана әркез балалардың жанында бола бермейді. Сондықтан конфликті жағдайынан дұрыс шығудың жолын үйрету маңызды деген пікірде.

«Әрбір бала өзін қорғай білуі керек. Шекарасын түсінуі керек. Өзінің дұрыс жасап тұрғанын, басқаның дұрыс жасап тұрғанын аңғара алуы керек. Оны үйрететін ата-ана. Үйде отырып мынау сенің затың, сенің затыңа тигенде қандай реакция бересің? Онымен қалай мәмілеге келесің? Қалай сөйлесесің?»,-дейді психолог Аида Нарбаева.

Егер де ол сені тыңдамаса, кімнен қосымша көмек сұрай аласың? Егер дау-дамай ушыққан жағдайда психолог ата-аналарға ең бірінші кезекте ішкі сезімдерді басқарып, мән-жайды анықтауға, екінші тараппен сөйлесуге кеңес береді.

«Мәселені сұрау. Нападать ету емес. Бірінші кезекте мәселенің неге олай болғанын анықтау. Сосын ойланып барып әрекет жасау. Ал егер ол эмоционалды тек қана шабуыл жасайтын болса екінші адам қорғаныс механизмін қосып тура солай жауап береді», - дейді психолог Аида Нарбаева.

Ол мәселені шешуге алып келмейді. Ал, заңгер Бағдат Амандосұлы жасөспірімдер мен кәмелет жасына толмаған балалардың әрбір іс-әрекетіне ата-ана немесе оның заңды өкілі жауапты дейді. Сондықтан бала үшін ата-аналар арасында дау туындаса сабырлық сақтаған жөн дейді. Егер мәселе шешілмеген жағдайда заңгер істі сотқа жеткізбей, медиаторлардың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Ал, ата-ананың өз баласын қорғаймын деп, өзгенің баласын ұруы не жазалауы заңға қайшы екенін ұмытпаған жөн дейді.

«Кәмелетке толмаған баласын қорғау мақсатында екінші балаға күш қолданса ол әрекет заңсыз болады. Заңгер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабына сәйкес "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген жағдайда азамат 15 АЕК, яғни 51 750 теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады дейді. Ал "Денсаулыққа орташа қасақана зиян келтіру" бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабымен екі жылға дейін бас бостандығынан шектеледі немесе айыралады», - дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Ал ауыр зиян келтірсе, 3 жылдан 8 жылға дейін қамалуы мүмкін. Яғни, балаңызды қорғаймын деп өзгені соққыға жықсаңыз заң бойынша жауап бересіз. Ал ұлы үшін өзге азаматты ұрған боксшы Бейбіт Шүменовке қазір іздеу жарияланған. "Бұзақылық" бойынша спортшының үстінен қозғалған іс бойынша Шүменов мырза бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.