Технологиялық және телекоммуникациялық компаниялар қаржылық қиындықтарға байланысты өз шығындарын қысқартуға мәжбүр болуда. Facebook пен Instagram-ға иелік ететін Meta, Amazon және бұрынғы Twitter ондаған мың қызметкерін қысқартты. Бірақ жұмысынан айырылған ірі технологиялық компания қызметкерлерінің 80%-ы үш ай ішінде өздеріне жаңа жұмыс тауып алған.
Nokia 14 000 жұмыс орнын қысқартады
1,243
оқылды

Финдік телекоммуникация алпауыты 2026 жылдың соңына дейін шығындарды азайту үшін 14 000 жұмыс орнын қысқартуды жоспарлаған. BBC News мұндай хабарландыру компанияның шілде-қыркүйек айларында сатылымы 20%-ға төмендегеннен кейін жарияланғанын жазды. Британдық басылымға сілтеме жасаған Aikyn.kz қысқартудың себептерін талдайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: NurPhoto

Nokia компаниясы жаппай қысқартуларды Солтүстік Америка сияқты нарықтарда 5G жабдығына сұраныстың бәсеңдеуімен байланыстыруда. Қазір  компанияның бүкіл әлем бойынша 86 000 қызметкері бар және 2015 жылдан бері мыңдаған жұмыс орны қысқарған. 

Nokia 2026 жылға қарай шығындарды 800 миллиард еуродан 1,2 миллиард еуроға дейін қысқартқысы келеді. Компания жұмыс орындарын қысқарту қай елдердегі өкілдіктерінде болатынын айтудан бас тартты. 

«Nokia-да өте дарынды адамдар бар және біз бұл процестен зардап шеккендердің барлығына қолдау көрсетеміз», – делінген баспасөз хабарламасында. 

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Justin Sullivan

Nokia бір кездері әлемдегі ең ірі ұялы телефон өндірушісі болды, бірақ ол Apple iPhone және Samsung Galaxy сияқты сенсорлық экранды және интернетке қосылған телефондарға деген үлкен сұраныс болатыны болжай алмай бәсекелестерден қалып қойды.

Ұялы телефон бизнесін Microsoft корпорациясына сатқаннан кейін Nokia телекоммуникациялық жабдықтар шығаруға басымдық берді. Ол телекоммуникацияда қолданылатын бағдарламалық және аппараттық құралдар, антенналар мен базалық стансалар, бұлттық инфрақұрылымдар шығаруға мамандана бастады.

2020 жылы Nokia британдық телекоммуникациялық компания BT-тің ең ірі жабдық жеткізушісі ретінде келісім жасады. Ұлыбританияның 5G желілеріндегі қытайлық Huawei-дің орнына құрал-жабдықтар жеткізетін негізгі бенефициарына айналды. Бірақ АҚШ пен ЕО-дағы операторлар шығындарын қысқартуға мәжбүр болғандықтан, 5G жабдықтарын өндіруші Nokia қаржылық қиындықтарға тап болды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Bloomberg

Nokia мен оның  шведтік бәсекелесі Ericsson сұраныстың азаюын Үндістанға жабдықтар сатумен толтыруды көздегенімен, 5G-ні шығару баяулауда. Осы аптаның басында Ericsson де сатылымының төмендегенін хабарлаған. 

Технологиялық компаниялар, соның ішінде телекоммуникациялық жабдық өндірушілер, инфляция мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер сияқты қаржылық факторларға байланысты өз шығындарын қысқартуды бастаған.

Бұған дейін де Facebook пен Instagram-ға иелік ететін Meta, Amazon және бұрынғы Twitter де мыңдаған қызметкерін қысқартты. Zip Recruiter еңбек нарығын зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, жұмысынан айырылған ірі технологиялық қызметкерлердің 80% үш ай ішінде өздеріне жаңа жұмыс таба алған.