Бүгін құрылғанына екі жылдан асқан Сауран ауданында кадрлық ауыс-түйіс болып, ауданға жаңа әкім тағайындалды.
Түркістан облысы Сауран ауданына жаңа әкім тағайындалды
6,412
оқылды

Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттың келісімімен, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен меритократия қағидатына сәйкес, Сауран ауданының әкімі болып Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров тағайындалды.

Ауданды бұған дейін басқарған Ғалымжан Үсенбаев өз өтініші негізінде жұмысынан босатылды. Аймақ басшысы ауданның дамуына өз үлесін қосқан Ғалымжан Үсенбаевқа алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. 

 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Жаңадан тағайындалған аудан әкіміне басты назар аударып, атқаруды қажет ететін мәселелерді шешуді міндеттеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген бағытта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуді, ауданда жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. 

– Жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Алда атқарылар істер көп. Әкімдер халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды қажет. Ауылды дамыту, тазалықты сақтау, аумақтағы абаттандыру, көгалдандыруға күш салу керек. Тағайындалған әкім Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды дамытудағы жаңа бастамалары мен тапсырмаларын бұлжытпай орындап, өздеріңізбен бірге туған жерді одан әрі дамытуға аянбай жұмыс істейтініне сенемін, – деді Дархан Сатыбалды. 

 

Мақсат Таңғатаров 1981 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. «Экономика» және «құқықтану» мамандықтарын меңгерген. Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінде есепші болып бастаған. 2012-2017 жылдары Түркістан қалалық әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы болған. 2017-2019 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019-2021 жылдар аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің туризм бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде басшылық қызметтерді атқарған. 2021-2023 жылдары Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болған. 2023 жылдың шілде айынан бері Сауран ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Өз кезегінде Мақсат Таңғатаров сенім білдірген облыс басшысына алғысын білдіре отыра, ауданды дамытуда алға қойылған міндеттерді орындауда бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы