Интернетті балалар үшін қауіпсіз етуді көздейтін даулы заң күшіне енді. Заң бойынша технологиялық компанияларға көбірек жауапкершілік жүктелген. Бірақ заң әлеуметтік желілерді толық қауіпсіз жасай ала ма?
Даулы заң интернетте балалардың қауіпсіздігін күшейтеді
1,470
оқылды

Жаңа заң әлеуметтік желілерге балаларды зиянды контенттен қорғау міндетін жүктейді. BBC News сайтында күшіне енген заңда қандай талаптар қойылғанын жазды. Aikyn.kz осы хабарламаны негізге ала отырып, жаңа ережелер қалай жұмыс істейтінін талдайды.

Фото BBC News сайтынан алынды

Ұлыбританияның Технология министрі Мишель Донелан «бұл заң қазір ғана емес, алдағы онжылдықтар бойы британдық қоғамның онлайн-қауіпсіздігін сақтайды» деп мәлімдеген.

Бірақ заң нормаларын сынаушылар құпиялылықты сақтауда туындауы мүмкін проблемаларға алаңдаушылық білдіруде. Бірнеше мессенджерлер сияқты WhatsApp та заң күшіне енсе Ұлыбританиядан шығамыз деп қорқытуда.

Интернет қауіпсіздігі туралы заң нені көздейді? 

Заң сайттарға балалардың жасын тексеру арқылы зиянды контентті қарауға жол бермейтін талаптар қояды. Сонымен қатар платформалар заңсыз контентті жоюға міндеттемелер алуы тиіс.

Атап айтқанда: балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық; бақылау мен мәжбүрлеу тәртібі; заңсыз иммиграция және адам саудасы; заңсыз есірткі немесе қару саудасы; терроризм.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: ilkercelik

Интернет қауіпсіздігі туралы заң жобасы тағы қандай талаптар қояды?

Балаларға зорлық-зомбылық көрсетуі ықтимал материалдарды анықтау үшін шифрланған хабарламаларды тексеруге әлеуметтік платформаларды мәжбүрлеу заңның даулы нормасына айналды. WhatsApp, Signal және iMessage сияқты платформалар қолданыстағы құпиялық қорғанысын бұзбай, ешкімнің хабарламаларын тексере алмайтынын немесе көре алмайтынын айтуда. Хабарламалардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу үшін Ұлыбританиядан кетеміз деп мәлімдеген.

Құпиялыққа құрылған Proton электрондық пошта платформасы да егер хабарламалардың шифрлауын өзгерту талап етілсе, үкіметпен сотта күресуге дайын екенін айтады.

Үкіметтік Ofcom агенттігі британдық коммуникация саласын реттеуші құрылым. Жаңа заңның орындалуын қадағалау осы агенттікке жүктелген. Ofcom өкілдері технологиялық фирмалардан «нақты технология» жасалғаннан кейін ғана хабарламалардағы шифрлауды өзгертуді сұрайтынын айтады.

Заң ірі технологиялық компанияларды тежеу құралы ретінде жиі айтылып жүргенімен, мемлекеттік шенеуніктер оның 20 000-нан астам шағын бизнеске де әсер етеді деп есептейді.

Мына видеоны міндетті түрде балаларға көрсету керек. Субтитрды қосып қазақша да, орысша да көруге болады:

Заңдық ережелерін бұзған технологиялық компанияларға 18 миллион фунт стерлингке дейін айыппұл салынады. Олардың басшылары түрмеге қамалуы мүмкін. Ofcom 9 қарашада заңды орындауға байланысты нұсқаулар беретін мінез-құлық кодекстерін әзірлейтінін айтады. 

«Ofcom цензор емес және біздің жаңа өкілеттіктеріміз контентті жоюға бағытталмаған. Біздің міндетіміз зиянның түпкі себептерін жою. Біз адамдардың жеке өміріне қол сұқпау мен сөз бостандығын толықтай ескеретін боламыз», – деп мәлімдеді үкіметтік реттеуші агенттіктің бас директоры Даме Мелани Доус.

Қоғам белсенділері заңнаманы құптап, оны «онлайндағы зиянды мазмұн мен мінез-құлықпен күресудің алғашқы маңызды қадамы» деп атаған. Олар бұл заң Ұлыбританиядағы балалар күнделікті өмірде қауіпсіз жасайтынына сенімді.