Бұл жоба құрылыс компанияларына тиісті ережелерді сақтау және оның айналасында рұқсат етілген нормадан асатын шудан қолайсыздықты сезінетін тұрғындарға да көмектеседі.
Астаналық ғалым құрылыс алаңдарында қатты шуды тіркейтін жүйе әзірлеуде
1,220
оқылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Елбек Өтепов құрылыс нысандарында рұқсат етілген мөлшерден асатын шу фактілерін анықтайтын және сақтайтын автоматты жүйені әзірлеуде, деп хабарлайды Aikyn.kz.

ЕҰУ профессоры Елбек Өтеповтың ғылыми жобасы құрылыс, IT және географиялық ақпараттық жүйелер сияқты бірнеше бағыттарды қамтиды. Оның құрылымы шу мен діріл деректерін жинау станциясына жіберетін көптеген сенсорлық құрылғылардан тұрады. Олардың арасындағы байланыс мәліметтерді жіберудің сымсыз технологиясымен орнатылады. Арнайы веб-қосымша арқылы тұрғындар да, құрылыс ұйымдарының өкілдері де тіркеліп, жағдайды бақылай алады. Мұның барлығын интерактивті картада көрсету жоспарлануда.

«Еліміздегі нормативтер шу және діріл бойынша белгілі шектеулерді айқындайды. Олар бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ, мәселен, құрылыс алаңы айналасындағы тұрғындар тарапынан құрылысшылардың тыныштықты бұзуы туралы шағымдардың және оның нәтижесі бойынша салынатын айыппұлдардың әрдайым негізі бар деуге болмайды. Десек те тұрғындар да кей кезде тыныштықтың бұзылу фактісін дәлелдей алмайды. Себебі қос тарап арасында транспаренттілік болмайды. Оны қалыптастыру үшін шу мен дірілді үздіксіз бақылайтын және оның көршілес тұрғын үйлер қабырғасы шекарасындағы мөлшерден асуын тіркейтін қандай да бір құрал қажет. Бұл құрылғы дәл сол нормадан асуды тіркеп, оның тарихын сақтайды. Оның арқасында сот кезінде тараптың бірі өзінің шағымдары дұрыс екендігін дәлелдей алады. Жоба діріл мен шуды бақылауға ғана бағытталмаған, оның  құқықтық аспектілері де бар», - деп түсіндіреді идея авторы.

 «Құрылыс» кафедрасының профессоры келесі жылы құрастырылатын жүйе құрылыс нысандарында сынақтан өткізетінін атап өтті.

   «Елімізде дәл мұндай әзірлеменің баламасы жоқ. Әлемде бұл шешімнің бөліктері бар, бірақ бір жүйеге біріктірілгенін таба алмадық. Ғылыми-зерттеу жұмыстары шамамен 3 жыл жүргізіледі. Содан кейін жасаған жүйемізді коммерцияландыру жолдарын қарастырамыз», - деді ғалым.

ЕҰУ ғалымының жобасы ресми және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың барлық кезеңдерінен өткен.