Мемлекет басшысы осы аптада Жетісу облысына жұмыс сапары­мен барды. Сапар көрнекті этно­граф, фольклортанушы, ағартушы-ғалым Шоқан Уәлихановтың бейі­тіне зиярат етуден басталды.
Жетісу – туризм әлеуеті зор өңір
945
оқылды

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтыне­мел» мемориалдық музейін аралап көрді. Мемлекет басшысына Шоқан Уәлихан­ов­тың өмірі мен еңбек жолы, әскери қыз­меті, тарихи-этнографиялық, геогра­фиялық зерттеулері және ғұмырының соңғы кезеңі туралы тарихи деректер мен жәдігерлер таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов жайлы жазылған еңбектің бәрін оқып шыққанын еске салып, оның зерттеу жұмыстарымен таныс екенін айтты. Сонымен қатар Президент музейдегі жәдігерлерді әлі де толықтыра түсу керек екеніне назар аударды. Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, музей қызмет­керлерімен әңгімелесті. Былтыр Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша музейге және осы мәдени-туристік нысанға баратын жолға жөндеу жұмыс­тары жүргізілген болатын.

Одан соң Президент Жетісу облы­сының туристік әлеуетімен танысты. Мемлекет басшысына Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейінде Жетісу облысының туризм саласын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берілді. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, туризм саласы­ның дамуына қатысты негізгі көрсеткіш­терде өсім байқалады. Соңғы үш жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқан. Ал осы саладағы көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге дейін өскен. Аталған бағыттың дамуына тың серпін беру үшін бірқатар инфра­құрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қазір Алакөлге көліктің бірнеше түрімен жетуге болады. Былтыр Үшарал әуежайы­ның ұшу-қону жолағына реконс­трукция жасалып, тұрақты әуеқатынасы жолға қойылды. Биыл «Астана – Достық» бағыты бо­йынша «Тальго» пойызы іске қосылды және «Үшарал – Достық» автожолының реконструкциясы аяқталды. Қазір «Тал­дықорған – Қалбатау – Өске­мен» автожо­лын қайта жөндеу, Алакөл курорттық аймағында жоғары вольтты электр желі­лерін тарту жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. «Балқаш» туристік-рекреа­циялық айма­ғының бас жоспары» әзір­ленді. Оның аясында ұзындығы 16 ша­қырым болатын жағалауға бюджет есебінен инженерлік-коммуни­кациялық желі тар­ты­лып, жалпы аумағы 860 гектар жерге 7 бағыттағы де­малыс аймақтары орналас­ты­рылады. Жоспар шеңберінде 30 мил­лиард теңгеге дейін жеке инвес­тиция тарту көз­дел­­ген. Мем­лекет басшы­сы туристік-дема­лыс ай­мақтарына инже­нерлік-комму­ни­­­ка­­циялық желі жүргізу­мен және абаттан­ды­румен белсенді түрде айналысып, облыс­­тың ту­рис­тік әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.

– Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор, – деді Президент.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Же­тісу өңіріндегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын ALACEM цемент зауытын аралап көрді. 2020 жылы индустрия­ландыру бағдарламасы аясында іске қосылған Қазақстан – Сингапур бірлес­кен кәсіпорнында құрғақ әдіспен жылы­на 1,5 миллион тонна цемент өндіріледі. Жоба құны – 47 миллиард теңге. Зауытта, негізінен, азаматтық және өндірістік ны­сандар құрылысында кеңінен пайдала­нылатын M400, M450, М500 маркалы цемент түрлері шығарылады. Кәсіпорын­ның басқарушы директоры Станислав Щербаковтың айтуынша, зауыт Алматы қаласының, Жетісу және Алматы облыс­тарының цемент өніміне деген сұранысын 65 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Кә­сіпорынның өндіріс және көлік-логисти­калық учаскелерінде 600 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар өнімді өткізу, дилерлік желілер арқылы қосымша 200-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы зауыт жұмысшы­лары­мен әңгімелесіп, осындай ірі өндіріс­тің ашылуы құрылыс индустриясын да­мыту, әсіресе жергілікті инфрақұрылымды жетілдіру үшін маңызды екенін атап өтті. Бұған қоса, компания құрылтайшылары елімізде жүзеге асырылып жатқан инвес­тициялық жобалардың ауқымын кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылы Абай облысының Жарма ауданындағы «Қазақ­цемент» кәсіпорнын сатып алып, модер­низация жасау арқылы 450 жұмыс орнын ашқан. Сонымен қатар таяу жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданында тағы бір цемент өндіру зауыты іске қосылмақ. Зауыт өнімі көршілес Қырғызстан    мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары өңір орталығы Талдықорған қаласында жалғасты. Прези­дент Талдықорған драма театрына барды. Театрға есімі берілген Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римованың бюстіне гүл шо­ғын қойды. Одан соң Мемлекет басшысы театр ғимаратын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған драма театрында Жетісу облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты.

– Бүгін, міне, халқымызға танымал аса көрнекті актриса Бикен Римова театрында кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Шын мәнінде, біз өткен заманның қайрат­керлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Бұл еліміздің болашағы үшін, жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету үшін қажет, – деді Президент.

Кездесуге қатысушылар еліміздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттің қолдауын сезініп отырғанын жеткізіп, Президентке алғыс айтты. Соны­мен қатар облыс ақсақалдары кеше Рес­пуб­лика күнінде өзіңіз көтерген көк бай­рағымыз жығылмасын деген тілегін білдірді. Мемлекет басшысы бұл, ең алдымен, тұрақтылықтың, тыныштықтың арқасы екеніне назар аударды.

– Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі ахуал күрделі. Ең құбылмалы кезде тұрмыз. Күрделі кез. Сол себепті бейбітшілік біздің басты байлығымыз екенін жақсы түсінуіміз керек. Бірлігіміз мығым боп, бір ел болып еңбек етуіміз қажет. Елде заң үстемдігі мен тәртіп болса ғана, тыныштық пен даму болады. Президенттен бастап бәріміз Ко­нсти­туцияны құрметтеп, заңға бағы­нуы­мыз керек. Заң алдында бәріміз теңбіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Президент еліміздегі бастамалардың тиімді жүзеге асырылуына елеулі үлес қосып жүрген облыс белсен­ділеріне ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Тал­ды­қорған қаласында салынып жатқан жаңа шағынауданда болып, құрылыс барысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа шағынауданда 41 тұрғын үй салынып жатқаны жөнінде баяндалды. Мұнда 1 510 пәтердің жалпы ауданы – 122,6 мың шаршы метр. Құрылысқа 28,3 миллиард теңге бөлінген. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуын­ша, осы шағынауданда былтыр аумағы 44,1 мың шаршы метр болатын 509 пәтерлі 14 үйдің құрылысы аяқталған. Ал биыл жыл соңына дейін 783 пәтерлі тағы 21 үйді аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Қаратал өзенінің оң жағалауын дамыту қарастырылған. Жаңа шағынаудандарда алдағы уақытта 28 мыңнан астам адам тұрады деп болжам жасалып отыр. Кездесу соңында Президент Үкіметке аталған мәселелерді зерделеп, тиімді шешім қабылдауды тапсырды.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Жеті­су облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Президентке Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді. Өңір әкімі Мемлекет басшысына аймақ экономикасының барлық негізгі саласының дамуында оң үрдіс сақталып отырғанын айтты. Облыс­тағы өндіріс көлемі 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,7 пайызға ұлғайған. Ал сауда мен құрылыс салаларының даму көрсеткіштері 1,6 есе өсті. 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға көп. Облыс экономикасына 213,9 миллиард теңге инвестиция тартылған, соның ішінде жеке инвестициялар 15,7 пайызға көбейді. Бейбіт Исабаев облыстың өнеркәсіп өндірісінде 533 кәсіпорын жұмыс істейтінін, онда 26,6 мың адам еңбек етіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өндіріс көлемі 230,1 миллиард теңгені құрады. Биыл жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын 14 нысанды іске қосу жоспарланған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайызға өскен. Оның ішінде егін алқабы 1,9 мың гектарға ұлғай­ған, ал қант қызылшасын өсіретін жер көлемі 2 есе артып, 8,7 мың гектарға жет­кен. Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсу қант зауытына толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылғаны туралы, облыста су жүйесін қайта жаңарту және салу үшін 22 жобаның іске асырылып жатқаны туралы, әлеумет­тік нысандар салу мәселесі туралы баян­дады. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Президенттің Жетісу облысына жұмыс сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аудан орталығы – Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей биыл пайдалануға берілген. Жалпы ауданы 2 520 шаршы метр болатын қос қабатты ғимаратта өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат қойылған. Мемлекет басшысына музейдегі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, Қаратал ауданының тарихы және жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римова, осы өңірден шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалар туралы тың деректер таныстырылды.

Президент музейде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесу барысында мұражайды аралап шыққанын және ондағы жәдігерлерді көбейту керегін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қол­таңба қалдырды.

Одан соң Мемлекет басшысы Үштөбе қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Әуелі ол биыл ашылған 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледжге барды. Мұнда болашақ педагог­терге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқы­ту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спорт залдары, медициналық кабинет, асхана мен буфет бар. Колледж инклюзивті орта талаптарына сай жабдықталған, яғни ерекше қажет­тіліктері бар адамдар үшін пандус пен арнайы лифт қойылған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы  Үштөбедегі орта мектепке барды. Білім ошағы 1963 жылы салынған. 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Президентке қаламгер Кемел Тоқаевтың шағын кабинет-мұражайы таныстырылды. Мұнда жазушының шығармалары, тұтын­ған жеке заттары қойылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл салынып, халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Аталған медицина­лық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.

Одан соң Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы мәдениет және спорт нысандарын аралап көрді. Жетісу облысы Қаратал ауданының Кәлпе ауылына Президентке 200 орындық мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы – 739 шаршы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде болды. Нысанның жалпы ауданы – 887,7 шаршы метр. Модульді ғимаратта спорт залы, балалар ойын алаңы және воркаут қарас­тырылған. Бұдан кейін Мемлекет бас­шысы Талдықорған қаласындағы жаңа­дан салынған Jetysu Аrena жабық мұз ай­ды­нын аралап, спортшылармен әңгіме­лесті. Спорт нысаны толықтай жеке кә­сіп­кердің қаражатына салынып, Респуб­лика күні ашылған. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңге. Кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады. Сонымен қатар мұнда паралим­пиада­лық, яғни шаналы хоккеймен шұ­ғыл­дануға болады. Нысанның жалпы ау­ма­ғы – 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен, оның ішінде тоңазытқыш, мұз құю және спорт жабдық­тарымен қамтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашы­лығын білдірді. Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған сала­ны одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналыс­қанын құптайтынын айтты.