Теріскей аймақтарды тұтас қамтыған астықтың көктеп кетуі диқан қауымын әбден әбігерге салды. Ондаған шағын шаруа қожалығы мен серіктестіктер ала жаздай төккен тері, миллиондап алған несиесі мен салған қыруар қаражаты ақталмай, шаш-етектен шығынға батты.
Астықты аймақтағы шаруалар алаңы
767
оқылды

Нағыз жиын-терім кезінде сібірлей жауған ақ жаңбырдың салдарынан шаруалардың басым көпшілігі баданадай піскен астықты сұлатып оруға мәжбүр болған. Салдарынан құлаған масақ жерге жабысып, мүлде өнім ала алмай қалғандар да баршылық. Бұрын-соңды болмаған форс-мажорлы мұндай жағдайдан кейін «Келер жылы егін еге алмай қаламыз ба?» деп қапаланған шаруалардың қарасы көбейген. Оның үстіне, мемлекеттен берілетін миллиардтаған субсидия мен жеңілдіктердің де қарапайым шаруаларға жетпей қалуы жығылған үстіне жұдырық болып тұр. 

Ақмолалық шаруалар банкротқа ұшырауы мүмкін

Әсіресе, елдің басты астықты өңір­лерінің бірі саналатын Ақмола облы­сындағы жағдай аса алаң­да­тарлық. Жалпы көлемі 4 млн 930 мың гектар алқапқа дән салған шаруалар биыл бар-жоғы 3 млн тоннаға жетер-жетпес қана өнім алған. Салыстыра кетсек, бұл өнім былтырмен салыс­тырғанда 2 млн тоннадай аз. Өйткені бір жағынан, киіктің тұяғымен тап­талған егістік ал­қаптары, қыр­күйекте толассыз жауған жаңбырдың кесі­рінен гекта­­­рына орташа есеппен 6,4 центнерден ғана айналған. Оның үстіне, бидайдың сапасы да сын көтермейді. 

Облыстың Ауыл шаруа­шылығы және жер қа­­тынастары басқарма­сы­ның мәлі­метінше, биыл класы мүлде төмен ас­тықтың мөлшері 500-600 мың тоннаға жетіп жығылған. Жиыл­­ған астық мүлдем ылғалды бол­­­ғандықтан элеваторлар да ас­тықты кептіріп үлгермей қалған. Астық қабылдау бекеттері мен эле­ваторларда астығын алып, кезек күт­кен шаруалар түйінді жағдайда мем­лекеттен көмек болмаса, мүлде бан­кротқа ұшырайты­ны­мыз анық деп отыр. 

Еккен астығынан мүлде өнім ала алмай қалғандардың бірі – атба­­­сар­лық шағын шаруа қожалығының иесі Мұхит Рахметов. Шаруа қолда бар қаржысымен қоса, «Аграрлық несие корпорациясынан» қо­мақты көлемде несие алып жердің біршама бөлігіне арпа мен қалғанына бидай еккен. Алайда жердің жартысынан аста­мынан мүлде өнім ала алмай қиын жағдайға түскен. 

– Биыл қолда бар 559 гектар же­­рімнің 400 гектарына арпа еккенмін. Тұқымын да анау-мынау емес, кана­далық сұрыптан арнайы сатып алып септім. Арпа жаңбыр­дың алдында әжептәуір өнім берерлік күйде бол­ған. Бірақ дәл егін орағы басталар тұс­та тоқтамай жауған соң егінді сұлатуға мәжбүр болдым. Тоқтамаған жаңбырдан кейін сұлаған астық көктеп кетіп, 280 гектар алқап сол күйі орылмай қалды. 120 гектардан шамамен 140-150 тоннадай өнім алғанмын. Бірақ сапасы төмен. Жар­­тысынан астамы, яғни 85 тонна­сы сапасы өте төмен классыз болды. Элеваторлардың бәрі мұндай астық­­ты кептіруге үлгермей жатыр. Қаже­­­тінше астықты қабылдап алады да қақпаларын жауып тастайды. Ал одан кейін элеватор басы қаптаған кеп­телісті кезекке айналады. Астық­­­­ты тапсыру үшін 2-3 тәулікке дейін ке­зек күтетін кездер аз болмайды. Ке­­­зек күтіп элеваторда жүргенде бас­қа шаш-етектен болатын шаруаң жайына қалады. Элеваторлар бар-жоғы 55 мың теңгеден ғана баға ұсы­нып отыр. Ал бұған қалай бер­­­мекпіз? Ешқандай субсидия да алған жоқ­пын. Атбасар ауданынан тек Көкше­тауға шауып жүріп Марат Ыдырысов деген кәсіпкер ғана алды. Несие мерзімін де ұзартпады. Өйт­­кені пролонгацияны тек мүлде өнімсіз қалған шаруаларға ғана береді екен. Әрі олар мерзімін ұзартса, бірден «қара тізімге» ілініп кетіп, одан кейін несие де бермей қоятынын естідім. Сондықтан ештеңеге қарамай, құ­тылуды жөн көріп отырмын. Басқа амалым да жоқ, – дейді ашынған шаруа Мұхит Рахметов. 

Несие мерзімін ұзартса, «қара тізімге» енеді

Шаруалардың ащы жанайқайын об­лыстың Кәсіпкерлік басқарма­сындағылар да мойындады. Шағын шаруа қожалық­тарының шарасыз күйін жоғарыға жеткі­зіп, түйінді мәселені тарқатуға тырысқа­нымен олардың да сөзі биліктің назарына ілінбеген сыңайлы. Мәселен, жуырда дәлірек айтқанда, 12 қазан күні агро-өнер­кәсіп кешендерінің кезекті кеңесі өткен. Жиында биылғы сапа­сы аса төмен классыз астықты жүзеге асыру жайы тағы да әңгіме өзегіне айналған. Өйткені биыл «Азық-түлік келісімшарт корпора­циясы» классыз астыққа небары 70 мың теңге белгі­леген-ді. Кәсіпкерлер баға ең болмағанд­а тоннасына 80-85 мың теңгеден көтерілуі тиіс деп есептейді. Ал оның өзі 350 мың тонна. Еліміз бойынша алынатын бұл астық көлемі де шаруалардың санасына жетпей тұр. Өйткені бұл көлем тек бір облыс­ты да қамтуға жетпейді. 

Кәсіпкерлер палатасының мәліметін­ше, мұнымен қоса шаруаларды элева­торларда астықтың қабылданбауы алаңда­тып отыр. Астық қабылдау бекеттері жа­нар­май мен газдың жоқ­тығын сылтау­ратып астықты қабыл­дамайды. Салдары­нан ұзын-сонар кезек пайда болып, астық уақытында кептірілмегендіктен одан сайын шы­ғынға батырған. Облыстың кәсіп­­керлер палатасы да несие мер­зімін ұзар­тудың жазылмаған «қағи­дасы­мен» шаруалар бір-ақ сәтте «қара тізімге» еніп кетіп, ол алдағы көктемгі егіс науқанында аса қиын жағдайға душар етуі мүмкін екенін де еске салды. Салдарынан өңірде егіні себілмей, салық пен әлеуметтік төлем­дерге және жалақыға қарыз өндіріс орындары еселене түспек. Мұның соңы өз кезегінде жұмыс орындарының жабылып тынуына да ықпалын тигізеді. 

Жиын барысында сондай-ақ МемАгро электронды жүйесі жұмысының жү­йе­­сіздігі де сын садағына алынды. Аграрлық шаруа қожалықтары суб­­си­­дия өтінімдерін бағдарлама әкім­шісі – облыстың Ауыл шаруашы­лығы басқармасы өте ұзақ қа­­­­­­­рай­­­­­­­­­­­­­­тынын жеткізді. Қазіргі уа­қытта осы жылдың шілдесінде бе­рілген өтінімдер тексеріліп жатыр. Күніне 100-120 өтінім тексерген күннің өзін­де жұмыс жыл соңы­на дейін созыл­мақ. Ал бұл ауыл шаруашы­лығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қол­даусыз қалдыруы да ықтимал. Өйткені электронды жүйе­нің дұрыс жұмыс істемеуі себебінен кәсіпкер осы жылдың 1 желтоқ­санынан кейін өтінімді қайтадан бере алмай қалады. Кәсіпкерлер барлық көте­рілген мәселе­лерді жиын хаттамасына ен­гі­з­іп, оларды шешу үшін ұсыныс-тілектерін тиісті мем­лекеттік орган­дар мен қаржылық институттарға жолдаған. Кәсіпкерлер пала­та­сын­дағылар да түйінді мә­селені мемлекет шешпесе, шаруа­лардың жағдайы аса қиын екенін айтып отыр. 

Экспорт нарығынан айырылып қаламыз...

Мәселен, Атбасар ауданы Кәсіп­керлер палатасының директоры егер мемлекеттен көмек болып, кластан тыс бидайды алу көлемін көбейтпесе, шаруалардың басым бөлігі келер көктемге жетпей банкротқа ұшы­райтынын айтып шырылдады. 

– «Азық-түлік келісімшарт кор­по­рациясы» 70 мың теңгеден деп белгілеген 350 мың тонна классыз астықтың бағасы да, көлемі де тым аз. Өйткені тек Атбасар ауданы бойынша ғана 270 мың тонна классыз астық жиналды. Сапасы өте төмен. Элеваторлар шаруаларға тек тонна­сына 55 мың теңгеден ғана ұсынып отыр. Біз шаруаларды алдағы уақытта қосымша құн салығынан және кор­по­ративті кіріс салы­ғынан босатуды сұрап отырмыз. Шаруалар субсидия да ала алмай отыр. Тек Атбасар ауда­ны бойынша ғана 3,5 млрд теңге суб­сидия қарызы бар екен. Бұл онсыз да жағдайы шатқаяқтаған шаруалар үшін үлкен көмек болмас па еді? Шаруа­лар тұқымсыз да қалуы мүм­кін. Үкімет тұ­қымды «Азық-түлік келісімшарт корпора­циясының» қо­рынан береміз дегенімен элева­тор­ларда бәрі бір жерде жатқан бидай мен сұрыпталған бидайдың арасы жер мен көктей емес пе? Мұны неге естен шығара­ды? База үнемі істен шығып қатып қалады. Баға бекітіл­генімен қазір нарық бос жатыр. Жыл сайын бұл уақытта шаруалар астығын экспортқа шығарып, вагондар жет­пей қызу тірлік болатын. Биыл бәрі тым-тырыс. Нарық бос жатыр. Атба­сар ауданы ежелден облыстың астық экспортының 50 пайызын жүзеге асы­рады. Тәжікстан, Ауған­­станнан бастап, Біріккен Араб Әмір­­ліктеріне дейін жіберілетін. Енді бұл нарықты тұтастай ресейлік бидайдың ұстап қалатыны анық. Біздің Үкіметтің нені күтіп жатқанын түсіне алмай отыр­мыз, – дейді Атбасар ауданы Кәсіпкер­лер палатасының дирек­торы Роза Тасма­ғамбетова. 

«Жағдай жаман емес» деп жұбатты

Шаруалар мен Кәсіпкерлер палатасы жағдайдың аса алаңдатарлық екенін айтып шырылдағанымен, облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқар­масының басшылығы анау айтқан­дай жағдайдың аса ушыға қоймағанын айтып түсіндірмек болды. Басқарма шаруа­лар тұрақты жағдайға бойы үйрен­генін әрі сақтық шараларын жасамай, осындай күйге душар болға­нын айтып, таяқтың ұшын басқа жаққа аудармақ болды. 

– Биыл астық көлемінің аз болғаны рас. 4 млн 930 мың гектардан 3 миллион тонна өнім алынды. Әрине, классыз ас­тықтың да көлемі орасан. Шамамен 500-600 мың тонна болып тұр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Қазақ­стан бойынша 350 мың тонна ғана клас­сыз астық алуға келісім берді. Бағасы 70 мың теңгеден деп белгіленді. Бұған дейін баға бекі­тілмеген. Енді баға бел­гіленді. Сон­дық­тан шаруалар астығын трейдерлермен келісіп, яки басқа амалын тауып сатуына болады, – деді Ақмола облысы ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшы­сының орынбасары Еркеш Әленов. 

Түйінді мәселеде бір жіптің ұшы Азық-түлік келісімшарт корпорациясында екенін бай­қап тілдесіп көрмекке бекіндік. Ве­домствоның арнайы өкілі әзірге баға бекітілгенімен, әлі қарастырылып жатқа­нын жеткізді. 

– Классыз астық республика бойын­ша 350 мың тонна деп белгіленген. Бұл Үкі­меттік кеңес барысында бекітілген. Сондықтан бұл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» шығарған баға да көлем де емес. Қазір аталған мәселе әлі қарас­ты­рылып жатыр. Шаруалардан классыз ас­тық әлі сатылып алынған жоқ. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі және Үкімет­тің кеңесінде шешілетіндіктен әзірге тек қарастырылып жатыр. Корпо­рация тек бекітілген межедегі бағдарла­маны орын­даушы ғана, – деді Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресми өкілі Жамбыл Зейнолла. 

 

P.S. 

Түйткілді мәселе жуық арада шешімін таппайтыны анық байқалды. Сондықтан бұл орайда аталған жағдайға Үкімет пен Парламенттің басқа да құзырлы органдардың бірлесе әрекет етіп, онсыз да аса күрделі жағдайда қалған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау қажет сияқты. Әрі бұл тез арада шешімін таппаса, мыңдаған шаруалар шаш-етектен қарызға батып, егін салатын шаруа таппай қалмасымызға кім кепіл?! 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

© коллаж: Елдар ҚАБА