Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша киіктердің шамадан тыс көбейіп кету салдарынан 121,9 мың гектарға жуық егіс, 247,7 мың гектар шабындық және 882,6 мың гектар жайылым жерлер (Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО) зардап шегіп, келтірілген залал құны 12 млрд теңгеден асқаны айтылған еді.
Жезкиік, Ақжайыққа неге бардың?
1,208
оқылды

Осыған сәйкес, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 19 қыркүйек күні Ауыл шаруашылығы министрінің саны реттелуге тиіс жануарлар тізіміне өзгерістер енгізіп, киіктердің санын азайтуды бастап та кеткен. Мәселен, Орал ақбөкендерінің саны 20%-ға, Бетпақдала киіктер саны 15%-ға қысқартылатыны да айтылды. Бірақ осы киіктерді қынадай қырудың екінші жағы да бар болып шықты. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларға қарасаңыз аңшылар аңшылар тым қатігездік танытып жатқан тәрізді.

2015 жылдары елде атуға тыйым салынғалы бері иен даланы еркін жайлаған киіктердің саны қазір 2 миллион­нан асып кеткен еді. «Қазіргі күні киіктер­дің саны тарихи көрсет­кіштен асып кетті. Яғни, екі миллионға жуық ақбөкен бар. Олар жыл сайын диқандардың егінін тап­тап, шығын келтіріп жатыр. Қазірдің өзін­де шаруалардың шығыны 12 миллиард теңгені құрады. Олар­дың санын қысқарт­па­сақ, көбейе береді», – деген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атылған киік­тердің еті комби­наттар арқылы саты­­­латы­­­нын мәлімдеген еді. Киікті аулау қазір БҚО, Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыс­­­тарының аумағында жүріп жатыр. Биоло­­­гиялық негіздемеге сәйкес, киік саны корал (тор құру) әдісімен және ату ар­­қы­­­­лы реттеледі. Ведомство киіктердің санын 20 пайызға азайтуды жоспарлаған. Нысан­баевтың сөзінше, киік етінің әр келісі 300 теңгеден ет комбинат­­­тарына өткізіледі. Ет комбинаттары ветери­нарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сата алады. Биоло­гиялық негіздемеге сәйкес, киік санын рет­теудің екі әдісі таңдалған. Біріншісі, торға қамап ұстау. Онда «охотзоопром» өб» РМҚК қыз­мет­керлері ұзындығы 2 шақырым болатын тор құрып, қолға түсірген киіктерді сойып, етін комбинатқа өткізеді. Екіншісі, ақ­бөкен­дерді түнгі уақытта ату. Министр­ліктің мәліметін­­­ше, 337 мың ақбөкенді ату немесе торға түс­і­ру жоспар­ланған.

Киікті күзетумен әрі аулауды бақы­лаумен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК айна­лысады. Бірақ жауапты мекеменің әрекеті қоғамның наразылығын тудырып жатқаны жасырын емес. 

Қазақ даласында киіктің Бетпақдала, Үс­тірт және Орал тұқымдастары бар. Кейін­гі жылдары үш тұқымдастың да саны көбейе бастаған. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысы­ның шаруалары айрық­­ша көбейген киік шаруа­шылыққа зиян келтіре бастаға­ны жайлы көптеген шағым жасаған. Бұл туралы біз осы «АIQYN» газе­­тінде жазған болатын­­­быз. 

Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауыл­дық округінің әкімі Сәдуақас Губашевқа хабарласқан едік. 

«Жалпы, киік санын реттеп отырған дұрыс. Себебі ұзақ жылдар бойы, әсіресе соң­ғы екі-үш жылда шаруалар қатты қи­налып кетті. Олар бостан-бос мәселе кө­теріп жатқан жоқ. Егіндіктерді былай қой­ғанда, жайылым жерлердің өзіне ай­­­­­тар­­­­­­­лық­тай зиян келтірді. Оған қуаң­шылықты қосыңыз. Осындай жағдайда шаруалардың жағдайы қалай оңсын?! Негізінде министр тапсырмасына сәйкес, киік санын 230 мыңға азайту тапсырылды. Бірақ ол өтелгенімен мәселе шешіле қоя ма екен? Қазір 2 миллион киіктің келесі жылы 1 миллионы төлдесе де (киіктер егізден төлдейді) 3-4 миллионға жетіп жығы­лайын деп тұр. Ондай жағдайда мәселе тіпті ушыққалы тұр. Қазір киіктерді ату мәселесін «Охотзоопром» мекемесі қадаға­­лап отыр. Мысалы, бір бригадада 4 адам болса, оның біреуі жетекшісі болса, біреуі жүргізуші болады. Қалған екеуі – мергендер. Міне, сол бір бригаданы «Охотзоопром» мекемесінің бір маманы қадағалап жүреді. Кешкі 20.00-де басталған ату мерзімі таңғы алтыға дейін жүргізіледі. Бір түнде 100 басқа дейін атуға рұқсат. Бірақ қазіргі уақыт жауын-шашынды бо­лып тұрғандықтан ол көлемді орындау мүмкін болмай тұр. Атылған ақбөкенді таңертең жинап алып, есебін жүргізіп, Жаңақала ауданындағы ет комбинатына өткізеді. Ал әлеуметтік желілердегі тарал­ған киіктердің ішек қа­­­рындарын өз басым көрмедім», – дейді ол. 

Ал Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан киіктерді ату мәселесі дұрыс жүргізілмей жатқанын айтады. 

«Батыс Қазақстан облысынан сай­ланған депутат ретінде осы киіктер мәсе­лесін Мәжіліс мінберінде бірнеше мәрте көтердім. Оның ішінде киіктер санын реттеу туралы мәселеге тоқталдым. Оған себеп – Орал популяциясы шекті саны біренеше есеге көбейіп кеткендігі. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына айтар­лықтай зиян келтірді. Киіктер санын реттеудегі мәселені қарапайым түрде бы­лайша түсіндіріп көрейін. Кез келген адам өзінің қорасындағы мал санын реттеп отырады емес пе? Жем-шөп жеткілік­сізді­гіне байланысты соғымға союы мүмкін, базарға апарып сатуы мүмкін. Бірақ оны малын жек көргендігінен жасамайды ғой. Сол секілді киіктердің де санын реттеу керек. Бұрын КСРО кезінде қалай болды? Охотзоопром деген мекеме болды. Киік көбейіп кетсе де, азайып кетсе де сол меке­меден жауап алынатын еді. Мен дәл осы жолды ұсынған болатынмын. Бізде Орман шаруашылығы комитетіне қатысты осын­­дай мекеме бар. Мен киік ату мәселесін аңшыларға тапсыруға болмайды деген болатынмын. Осы жылы жазда Біріккен Ұлт­тар Ұйымы жанындағы қоныс аудара­­тын жануарлар жөніндегі комитет маман­дары келіп Оралды түгел аралады. Одан бөлек, осы мәселеге қатысты мамыр айын­да 25-інен 28-іне дейін үш күн қатарынан Астанада үлкен жиын өтті. Сол кез­де де сол мамандар келді. Оралды аралаған кезде де, Астанадағы жиында да мен басы-қасында жүрдім. Сол жерде мен осы мәселені қадап тұрып айтқанмын. Сол кезде аңшылардың өкілдері отырды. Солар осы мәселені бізге тапсырыңдар, біз айналысайық деп отыр­ды. Ол кезде де қарсы болғанмын. Егер олар­ға берсек, процесс қадағалаусыз беті­мен кетіп, бақылау мүмкін болмай қалады дедім. Қазіргі болып жатқан жүйесіздіктің барлығы осы біздің ұсынысымыздың жерде қалғанының салдары деп білемін. Мен білетін ақпаратқа сәйкес, жеке аңшы­­ларға рұқсат берген», – дейді мәжілісмен. 

 

ТҮЙІН:

 

Сонымен, киіктерді торға қамап ұстау да, ату әдісі де басталды. Әлеуметтік желі­лерде, түрлі ақпарат көздерінде қырыл­ған, әр-әр жерде теңкиіп өліп жатқан, көлікке тиелген киіктің фото, бейне­жазбалары та­рады. Киікті ату­­ға, оның санын қыс­қартуға, сөйтіп жайы­лым, егістік жерді қорғауға бұйрық беру оңай болғанымен, оның екінші жағына үңілмеген болып шықтық. 

Осындай да Мұқағали Мақатаевтың мына өлең жолдары еріксіз еске түседі.

«Киіктер, мұнда жүрмеңдер,

Бас бұғып отыр сұр мерген.

Боласың ғайып, байғұстар,

Қоштасып сайран күндермен.

Тасада отыр сұр мерген,

Кетіңдер аулақ бұл жерден».

Иә, Қазақстанда тас дәуірінен бері тір­шілік ететін жануар – ақбөкен. Басына сан мәрте зобалаң туса да, жылдар бойы жойыл­май келеді. Рас, киіктерді атып, санын азайтпас бұрын шешілуге тиіс мәсел­елер бар. Олардың етін, мүйізін, басқа да мүшелерін қалай пайдаланамыз? Киік етін өңдеуге ет комбинаттары қауқарлы ма? Атыл­ған киік еті ветеринарлық нормалар­дан өтті ме, жеуге жарай ма? Бұл да ойлана­тын сауал. Ендігі кезекте ведомство тарапы­нан аталған сауалдарға тыңғылықты жауап болса екен. Сонда ғана көңілі алаң халықтың күмәні сейілер...

Наурызбек САРША