Бүгінде дастарқанымыздан жиі табылатын балғын көкөністің қайдан және қалай келіп жатқаны жайлы бас ауыртпайтынымыз шындық. Тоңазытқышта таусылып қалса болды дүкенге барып, қызанақ пен қиярды себетке салып жүре береміз. Қыста да жазда да осы әдет.
Жылыжай, болар тағы жанға жай
1,723
оқылды

Балғын бақша өнімі қайдан келіп жатыр?

Сауд Арабиясында жұмыс істеп тұрған әлемдегі ең үлкен тұрақты жылыжай фермасы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Шаруа қожа­­лы­ғының жалпы ауданы 3,20 млн шар­­шы метрді құрайды. Қызыл құмның үс­­тіндегі алқапты суару үшін ме­­­­­­­­­лио­­ра­­­­-

цияланған су пайдаланады екен. Мұнда тек жеміс ағаштары көшеттерінің өзіне 50 алаң ар­налған. Рекордтық көрсет­кіштің көшін бастап тұрған кешен алдағы 2 жылда әлемнің түкпір-түкпі­­ріне өнім жіберуді жос­парлап отыр. Арабтар мұнымен тоқтамайтын тәрізді. 

Ал біздегі жағдай қалай? Сіз бен біз қысы-жызы жеп жүрген жеміс-жидек, көкөністің түр-түрі көбіне жылыжайда өсі­ріліп, күн сайын қалалар мен ауыл аймақтың дүкендеріне жөнелтіліп оты­рады. Жылыжайда жеміс өсіру – ең та­быс­ты әрі халықты таза азық-түлік өнім­­­дерімен қамтамасыз етудің тап­­­тыр­­мас тәсілі. Бүгінде жылыжай өндірісіне қол жеткізу – әрбір бағбанның арманы десек артық болмас. Жылыжайда өскен өнім­нің бір артықшылығы, түсімнің молдығы мен көкөністің жылдам өсуі және сырт­қы пішінінің көз тартардай әдемі әрі тегіс болып келуі. Мұндағы құпия, жы­лы­­­жайларда жарық пен ыл­ғалдың жеткі­л­ікті мөлшерде болуы және жы­­­лу­дың бар­­лық аумаққа бірдей та­ралуында бо­лып отыр. Нәтижесінде, өнімнің түсі де, пішіні де көз тартарлық болып шығады. Бірақ жабық жерде өскен өнімге табиғи жарық, яғни шынайы күн сәулесінің жетіспеуінен дәмі мен иісі жағынан да­ла­да өскен көкөніске жетпейтіні шын. Десе де, өнімнің құрамында қажетті дә­румендер мен минералдар жеткілікті бо­лады. Дегенмен сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жы­­­лы­жай шаруашылығының да өзіне тән қиын­дығы аз емес. Соған қарамастан қа­­­­зір елімізде жылыжайлар саны артып келеді. Әсіресе, оңтүстік өңірде жылы­жайлар біршама тиімді болып тұр. 

«Қазір біз тұтынып жүрген жеміс-жидектер мен көкөністер жылы­жай­лардан келеді дейді ғой. Кейбіреулер Қы­­­тайдан әкеледі деседі. Не болса да үнемі балғын жидек жеп үйреніп қал­дық. Бұрынғы кездерде ата-аналарымыз күзде бақша өнімдерін жинап түрлі көкөністі тұздап банка жабатын. Қазір мұндаймен әуреленіп жататындар аз. Өнімнің сан түрі дүкен сөресінде толып тұр. Керегіңді ал да жүре бер», – дейді астаналық тұр­ғын Эльмира Мұратқызы. 

Қала тұрғынының айтып отырғаны шындық. Балғын көкөністердің басым көпшілігін соңғы жылдарда өзге ел­дер­ден емес, өзіміздегі жылы­­­­жай­­­­­лар­дан та­­­сы­малдап жатқанымыз көңіл қуан­­тады. Көкөніс шаруашылығы ауыл шаруашы­­лығының ең тиімді саласы ретінде өзін­дік ерекшеліктерге ие. Мұ­ны өсірушілер де, тасымалдаушылар да жақсы түсінеді. 

Дастарханымызды жайнатып жібе­­ретін түрлі жеміс-жидектің жалпы саны және түрлері 200-дің шамасында екен. Осының ішінде 100-ден астамы көкөніс дақылдарының санатына жатқызылады. ТМД елдерінде көкөніс дақылдарының 70-тен астам түрі өсірілсе, Қазақстанда оның 50-ге жуығы дастарханымыздан табылады. Тағамтану академиясының мәліметтеріне сай, әр адам жылына орта есеппен 120 келі түрлі көкөніс дақылын пайдалануы қажат. Ағзаға қажетті дә­­румендердің дені осы көкөністерде мо­лынан кездесетіндіктен медицина ма­мандары да үнемі көкөніс жеуді ұсы­нады. 

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметі бойынша елімізде көкөніс да­­қыл­­­дарының жыл сайынғы егістік кө­лемі 110-115 мың гектар ша­масында бол­­са, оның 20-22 мың гектар оңтүстік облыс­тардың еншісінде. Еліміздегі көкөніс­­­тердің барлық түр­лерінен алы­­­­натын жалпы түсім 2,2-2,5 млн тоннаға дейін жетіп отыр екен. Қазір еліміз сұранысқа ие көкөніс өнім­­дерімен 100%-ға жуық қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар осы тауарлар алыс-жа­қын шет елдерге экспортталады және импорт­­­та­лады. Ұлттық статистика бюро­­сының дерек­­те­рі­не сәйкес, 2022 жы­лы Қазақ­стан 242,3 мың тонна картоп, 178,6 мың тон­на пияз, 17,5 мың тонна қызанақ, 9,0 мың тонна қы­рыққабат экспорттады. Бұл орайда им­порт 48,7 мың тонна кар­топ, 196,4 мың тонна пияз, 118,3 мың тонна қырыққабат және 68,3 мың тонна қыза­нақты құраған. Тағы бір айта кете­тіні көк­өніс түрлері біздің елге көбіне Өзбекстан мен Қыр­ғыз­станнан тасы­малданып отыр. 

Ал еліміздегі барлық жылыжайдың 80 пайызы еліміздің оңтүстігінде орна­лас­­­қанын ескерсек жылыжайлардың да жылуд­ы қажет ететіндігін аңғаруға бо­лады. 

Астанадағы жылыжайлар

Негізінде, Астанада екі ірі жылыжай кешені бар. Бұл жылыжай кешендерінің жылдық өнім шығару мүмкіндігі 10 мың тоннадан асуы керек. Ең өкініштісі сол, екі кешеннің бүгінде біреуі ғана жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Ал «Астана Эко Стан­дарт» ЖШС қазір өз жұмысын то­лық тоқтатқан. Есесіне Led System Media ЖШС-нің жұмысы дөңгеленіп тұр. Аста­наның өнеркәсіптік ауданындағы жылы­жай барлығы 1,3 гек­тар алқапты алып жа­­тыр. Аталмыш кешен жүйесі заманауй технологияның барлығын то­ғыстырған. 

«Әр шаршы метр жерінен жылына 90 келі өнім жинап отырмыз. Қазіргі жағ­дайда шығынды толық ақтап шығу­дамыз. Де­генмен болжамды мөл­шерлеме әр айда өзгеріп кететін кездер де болады. Мүм­кіндігінше болжамды ұстап тұруға тыры­­самыз. Жылыжай кешені соңғы үлгідегі технологияның барлық түрімен жабдық­­талған. Биіктігі де талапқа сай. Мұнда жасанды климатты қалыптас­­­­­тыруға мүм­­­кіндік бар. Бір ерекшелігі күн сәулесі жетпеген жағдайда қосымша жарық беру жүйсі іске қосылса күн сәу­лесі шамадан тыс болған уақытта жа­санды күнқағарлар адамның қаты­­суын­­сыз жұмыс істей бере­­ді. Барлығы өз­­­­дігінен іске қо­­­сылатын болған­­­дықтан нақты әрі аса дәлдікпен ерекше жағдайда орындалады. Ал менің мінде­­тім – өсім­­­діктердің жағдайын бақылап, қандай да бір өзгерістер бай­­­қал­са дереу алдын алып, шара қолда­ну», – дейді  бас агро­­ном Айбол Таңатұлы.

Агрономның айтуынша, жылыжай кешені көп шығынды талап ететін биз­нес. Алдымен ақшалай шығындардан бұрын жерді таңдап, онда өсірілетін көкөні­стің түрлерін нақтылы бекіту қа­жет. Егер тұтынушыға қажетсіз немесе та­­лапқа сай келетін сорттар таңдалмаса барлығы құрдымға кетуі мүмкін. Одан бөлек кез келген жылыжайда маман же­тіс­песе немесе мамандар біліксіз бол­­са та­ғы да сол шаруашылықтың тұралап қа­луы әбден мүмкін. Демек, кез келген жағдайда міндетті түрде білікті маман­ның болуы тиіс. 

2017 жылдың өзінде Астананы жы­лына 10 мың тонна көкөніспен қамта­масыз етуге қауқарымыз болады деген Үкімет жоспарының бүгінде орындалар түрі көрінбейді. Есесіне егін егуші елдің қатары артып қажетінше өнім алуды меңгерген халықтың қарасы мол. Одан бөлек тек Астанада емес, Алматы, Шым­­­­­­­кент қалаларында Қазақстан Рес­­­пуб­­ликасының Оқу-ағарту министр­лі­­гінің бас болуымен мектептер мен өзге де білім ошақтары жанынан шағын жы­лы­жайлар пайда болып жатыр. Мек­теп­тердегі бақшамен оқушылар айна­лысып, көкөніс өсірудің кейбір тиімді тұстарын да меңгеруде. Ал колледждерде бұл іс ар­найы білім ретінде оқытыла бастамақ. 

«Оқу-ағарту министрлігінің «Жа­сыл мектеп» жобасы аясында салын­­ған жылы­­жай Астанадағы Сервис жә­не ту­ризм колледжінде де бар. Әзірге жылы­­жайы бар бір ғана колледж бол­ған­дықтан білім мекемесіне ар­найы бардық. 

«Елорданы және қала аумағын кө­гал­дандыру жұмыстары жүргізіліп жат­­қаны белгілі. Қазір жылыжай кор­пусымызда орман шаруашылығы ма­­мандары жылы­жай, бақша (жеміс-жидек) өсірудің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Болашақта ор­маншылар даяр­лаудан бөлек бау-бақша шаруашы­лығы сиқты мамандар даяр­лауды көз­деп отырмыз», – дейді Дирек­тордың оқу жұмысы бойынша орынба­сары Гаухар Рамазанқызы. 

Баптамасаң бақшаңды – қайтармайды ақшаңды

Ал еліміздегі ең ірі жылыжай Екі­­бастұзда. Бір жылда 15 мың тонна қыза­нақ жинайтын кешен 30 гектар аумақты алып жатыр. Тартылған инвестиция 27 млрд теңгені құрайды. 450 қызметкер жұмыс істейтін кешен­нің өнімдері Qaz­tomat сауда белгісімен сырт елдерге де жөнел­тілуде. Аталмыш жылыжай кеше­нін жылу мен жарықпен қамту ұдайы болуы үшін Екібастұзға мақсатты түрде салғаны белгілі. 

 Жылыжайды жылу жүйесімен, су­мен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шы­ғын шықпайтыны анық. Осы тұста Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қы­­­зыл­­ордалық «7 кz» шаруа қожалығын мысалға келтіргенді жөн санадық. Қияр өсірумен елге танылған бағбанның шаруа­­­­сы бүгінде біршама ілгерілеп келеді. 

«2010 жылдан бері осы диқаншы­­­лық­пен айналысып жатырмыз. Көлемі 0,7 гектар аумақты құрайтын жылы­­­жайда қазір қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүрдік. Қазір қызанақтан бас тартып, тек қана қиярды өсіріп жатырмыз. Жы­лы­жайда егін егу бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл салқын соқ­са, солып қалады. Жылыжайдың тем­пературасы +6 градус­­тың өзінде жеміс жаурап, өспей қалады. Жы­лытудың өзі үлкен күш. Қызанақ мұн­дай тәуекел­­дерге төзбейді. Тез үсіп немесе ауырып қала береді екен. Ал қияр төзімдірек. Қияры­­мызды 40-45 күн бойы жылы сумен мол етіп суарамыз. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өсе­ді. Және тасымалдауға да қолайлы. Сон­дықтан бірнеше жылдан бері бірың­ғай қияр салып жатырмыз», – дейді кәсіпкер. 

Қазір ауылдар мен қала маңындағы жеке тұрғын үйлердің ауласында түрлі пішінді жылыжай кешені пайда болып жатқанын көріп жүрміз. Оңтүстік өңір­лерді былай қойғанда Астананың өзінде мұндай бақшалар көбейген. Бұл кешен­дердің дені темір не ағаштан тұрғызылған қаңқаны полителинмен қаптай отырып жасалады. Әрине, мұндай үлгідегі жы­лы­­жайлар қыстың саршұнақ аязына шы­дас бере алмасы белгілі. Дегенмен ер­те көк­темнен-ақ егін егуге жарап тұр. 

«Үй салдық, сосын бос жатқан осы бес сотық жерді игілікке пайдалануды жос­парладық. Сөйтіп, отбасымызбен жылы­жай құрылысын жүргізе бастадық. Қыс­­­тың күні аяз күшті ғой. Алғашқыда үлкен пеш салып жылытамыз деген ой да болды. Есептей келе, көмір өте көп шы­­ғын әке­­летін болғандықтан ол ойы­мыз­дан қайт­­тық. Құрылыс қаңқасын кәдімгі ағаш тақтайлардан тұрғызып шықтық. Оның үстін полиэтиленмен бірнеше қабат етіп жаптық. Қазір қазан айының соңы болды ғой. Соңғы өнімді жинап үлгердік. Алғашқыда бала-шаға мен немерелердің қамы деп жүрдік. Қазір отба­­сылық табыс көзіне айналып келеді. Ең бастысы, жылыжайға да жылулық керек. Баптасаң бақшаң гүлдейді. Бапта­­­масаң еңбегің зая кетеді. Көктемде нау­рыз айының басы­­­нан-ақ, көшеттерге орын даярлай­­мыз. Сәуір айының соңы­нан бастап кияр мен қызанақтың және көше гүлдерінің кө­­шет­­­­терін сатып шы­ғы­­­­нымызды жабамыз. Осы жылы көк­темде 10-15 мыңдай көшет саудала­дық. Одан қалғанын өзіміз өсіріп, жемісін жеп біршамасын саттық. «Баптамасаң бақ­­шаңды – қайтармайды ақшаңды» деп әзіл­­деймін балаларыма. Отбасылық шаруа­­шы­­­лығымыз болғаннан соң бәрі­міз жұмылып жүріп еңбектенеміз. Өйт­песең болмайды ғой. Оңтүстікте жүр­­ген кезімде ауыл агрономы болдым. Осы бір тәжіри­бемнің бүгін пайдасы тиіп тұр. Бейнеттің зейнеті де бар», – дейді Астана маңындағы ауылдардың бірінде жылы­­жайды қолдан тұрғызып алып пайда тауып отырған Қарабай ақсақал.

«Қыста да жылытып отырмын. Біз оңтүстікте болған соң ауа райында сол­түстікке қарағанда біршама айырма­шы­лық бар. Сондықтан жылыту кезінде шығын аз кетеді. Десе де, қыстың күндері көмір жоқ болып қалып, бақшамды үсітіп ала жаздаған кездерім де болды. Алдағы уақытта газ жүйесімен жылытуды көздеп отырмын. Өнімнің барлығы то­­пырақта өсетін болғаннан тәуекелділік ба­сым. Себебі соңғы жылдары топы­рақта сан түрлі зиянкес пайда болып, балғын жемісті жеп кетіуі жиіледі. Ең дұрысы гидропоника. Бұл топырақ ор­нына қолданылатын арнайы зат бол­ғандықтан онда топырақтағыдай зиян­кестер бол­­­май­­­ды», – дейді Түр­кіс­тан облысы Орда­­­басы ауданы Қара­құм ауылында егінші­лікті нәсіп еткен шаруа Самат Сұлтанов. 

Маманның маңызы ерекше

Бізде топырақта өскен өнімнің ар­тықшылығы мол деген ұғым қалып­тас­қан. Мамандардың айтуынша, керісінше топырақта өскен кейбір жидектің адам ағзасына зияны көп. Себебі кей аумақ­тарда топырақ мүлде ластанған. Ондай жерлерге көкөніс салуға жарамайды. Өкініштісі сол, кейде аңдаусызда мұндай аумаққа егін де салынып жатады. Сол себепті көкөністің кей түрін топырақтың баламасы саналатын гидропоника неме­се өзге де түрлеріне көшіру керек. Бұл жүйе­де еш қателік болмайды. Тіпті, оның топырақтағы өнімнен артық­шы­лығы турасында пікірді жоғарыда мы­салға келтірген едік. 

«Жылыжай шаруашылығымен айна­лыс­қысы келетін кез келген адам алды­мен өзінің шығындарын толық есептеп барып жүйелі жұмыс жоспарын реттеп, мамандарын сайлап іске кірісуі керек. Әйтпегенде шығынға шаш етектен ба­тып, жұмысы алға жылжымай қоюы әб­ден мүмкін», – дейді Астанадағы Led System Media жылыжай кешенінің бас агрономы Айбол Таңатұлы. 

Тағы бір әттегенай дейтін дүние, елі­мізде дәл осы жылыжай маманы деп дип­­­­лом беретін оқу орны жоқ екен. Иә, ауыл шаруашылығы саласы бойынша маман даярлайтын оқу орындары бар. Онда агрономиялық сала негіз болып оқытылады. Арасында там-тұмдап жы­­лы­­­­­жайлар турасында мағлұмат беріліп, бірлі-екілі лекция жүргізіледі. Шаруа осымен бітеді екен. 

Жоғарыда пікір білдірген бағбандар­дың дені – жай ғана агроном немесе мүлде салаға қатысы жоқ шаруалар. Олар­­­­­­­­­дың айтуына қарағанда, маман болса қателіктер де болмас еді. Шыны­мен де саланың маманы болса алға жыл­­жу да бір қадам артық болары сөзсіз. 

Жылыжай бүгінде пайда мол әкеле­тін бизнес түрі екені рас. Ғылыми тұрғыда айналысатындар үшін тіптен мол табыс болары сөзсіз. Ал болашақта жылыжай­­лар тек бау-бақшалық кешен ғана болып қал­­­май адамдардың өмір сүруіне қолай­лы комплексіке айналады дейді ғалым­дар. Қарап отырсақ бұл да рас дүние. Тіп­ті, жақында болатынға да ұқсайды. Шыныдан тұрғызылып жатқан Араб елін­дегі үлкен құрылыс тағы да әлем үшін мол жаңалық болғалы тұр. 

Бердібек ҚАБАЙ