Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралы қаласы да даласы тұнған тарих. Дегенмен өткен күннің мұрасына анықтап қарап, болашаққа қалдыру үшін қандай қадам жасалуда? Ұлылардың табаны тиіп, елге сіңірген еңбегі еленіп жатыр ма?
Ұлт ұстазының Қарқаралыда ізі қалған
764
оқылды

Мұнда Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан білім алған мектеп бар. Бір кездері киім-кешек сататын дүкенге айналып, жекенің қолына өтіп кеткен. Аудан орталығының дәл іргесіндегі Ақтерек деген алақандай ауылда Ахмет Байтұрсынұлы ашқан мектеп бар. Ауыл халқы Ұлы ұстаздың маңдай тері сіңген мектеп ғимаратын кие тұтып, көзінің қарашағындай қорғап, бүгінге дейін аман-есен жеткізген. Қазір мұнда мектепке дейінгі балалардың шағын орталығы мен кітапхана орналасыпты. Жақында зерттеушілер Ахмет тұрған үйді тапқандарын айтып сүйіншілетті...

Ахмет мектебі

Ахмет мектебі қарағайдан қиылып, көк бояумен сырланған. Бірнеше ғасырдың куәсі болған ғимарат бүгінге дейін сыры кетпей, әдемі сақталған. Маңдайшасына: «Бұл үйде 1904–1908 жылдары Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық қызмет жасаған» деген тақта орнатылған. 

– Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Ахмет атамыз қызмет еткен киелі ғимарат. Қазір мұның 2 бөлмесінде ауылдық кітапхана орналасқан. Біз кітапхана ғана емес, музей қызметін де атқарып отырмыз. «Осы жерде Ахаң­ның мектебі бар екен» деп арнайы іздеп келіп, ат басын бұратын азаматтар көп. Сонау Торғайдан, Ақтөбеден адамдар келіп жатады. Олардың ара­сында ұстаздың туыстары да бар, – дейді кітапхана меңгерушісі Гүлден Ажакова. 

Көне мектептің оң қанаты кітапхана болса, ортаңғы бөлігінде мектепке дейінгі балалардың шағын орталығы орналасқан. Балалар кішкентай күн­дері­нен бастап Ахаңның мектебінде тәлім алып, бойларына туған жерге деген махаббат пен ұлттық рухты сіңіріп шығады екен.

 – Ахмет Байтұрсынұлының Ақтерек ауылында тұрып, бала оқытқаны – біз үшін үлкен мақтаныш. 1993 жылы ауыл мектебіне ұстаздың есімі берілді. Ағаш үйдің өзіне күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Бүлінген тұстары қайта қалпына келтірілді, – дейді мектеп директоры Светлана Әбенова. 

Ұлттық мұра ретінде ұлықталуы тиіс тарихи ескерткіш аудандық мәдениет бөлімінің балансында тұр. 

Бұл мектептің негізін Ақ патшаның заманында Ахмет Байтұрсынұлы қала­ған. Ақтеректегі білім ошағы – Қар­­­қаралы жерінде ашылған алғашқы қа­зақ-орыс мектеп-интернаты. Жергі­­­лікті халық оны медресе атандырыпты. 

1991 жылы белгілі ғалым Ақжан әл-Мәшани осы ауылға арнайы келіп, Ұлы ұстаздың табаны тиген жерге тәу етіп, жұртшылықпен кездескен екен. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлының мед­­реседе 1904–1908 жылдар аралығын­­да еңбек еткенін айтқан. Ахаң Қарқа­­­ралы жерінде ұстаздық қызмет ете жүріп, саясат ісіне де белсене араласады. Пат­шалық үкіметтің отаршыл саясатын сы­­­нап, революциялық қозғалысқа ара­сады. Соның бір айғағы – 1905 жылы бір топ қазақ оқығандары қол қойып, патша үкіметі жолдаған атақты «Қоянды петициясы». Онда қазақ халқына әлеуметтік теңдік беру, жер бөлісінде тұрғылықты халық мүддесінің ескерілуі, оқу-ағарту ісін жолға қою тәрізді бірқатар талаптар қойылған.

– Тағы бір айта кетерлігі, ел ара­сындағы анықталмаған аңыз-әңгі­мелерде Ақтеректегі Ахмет мектебінде Әлімхан Ермеков сынды тұлғалар білім алғаны айтылады. Мектеп-медресені тәмамдаған шәкірттердің бөлігі ішкі Ресейге барып, Мәскеу, Петербор тә­­різді ірі қалаларда білімін жалғас­­тырған екен. Алаш арыстары қуғында­лып, қызылдар үкіметі орнаған соң Ақтерек­тегі Ахмет ізі біраз уақытқа де­йін ұмы­тылды. Халық жадында болса да, ұзақ уақыт бойы ашық айтылмай, тұншық­тырылып келді. Сол жылдарда мектеп жабылып, ғимарат совхоздың шаруа­шы­­лық кеңсесі ретінде қолданыста болыпты. Одақ ыдырап, аласапыран басталған кезде ауыл халқы білместікпен ғимаратты тонап, біршама зақым кел­тірген екен, – дейді туған жер тарихын зерттеп жүрген журналист Нұрлықан Қалқаманұлы.

 Әйтсе де, ауыл азаматы Жеңіс Рақышев түсіндіру жұмыстарын жүр­­­гізіп, жан-жақтан көмек сұрай жүріп көне ғимаратты бұзылып кетуден аман сақтап қалған. 

– 1991 жылы атақты ғалым, про­­фессор Ақжан әл-Мәшани Ақтерекке келген ғой. Ол кезде ағаш үй кеңсе бол­ған. Сол кісі бұл үйде Ахмет Байтұр­­­сынұлының сабақ бергенін айтып кеткен. Әйтпесе, біз оны білмейтін едік. Содан көп ұзамай жекешелендіру бас­талып, совхоз тарады. Бұрын ортақ мүлік болған дүниелер тонала бастады. Біреуі есігін, екіншісі терезесін алып кетті дегендей. Алған кісілердің бәрін танимын. Оларға: «Әй, бұл әруақты кісі. Ертең жаманшылыққа ұшырайсың­дар», – дедім. Сөйтіп, «лесхозға» барып, көмек сұрадым. Ол қиын заман еді ғой. Әйтеуір, «лесхоз» басшысының қол­­дауымен бұзылған үйді қайта қалпына келтіріп, есік-терезесін салып қойдық. Бос тұрмасын деп бір бөлмесіне кітап­хана аштық, бір бөлмесін балабақшаға, бір бөлмесін медпункт қылып қой­дық, – дейді еңбек ардагері Жеңіс Рақышев. 

Ахмет Байтұрсынұлының Қарқара­лыдағы өмір жолының толық зерттел­­­мегенін «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы да растады. 

– Кезінде Қарқаралының 190 жыл­­дығы тойланғанда Ахмет Байтұр­­сынұлы есімі еленбеді. Ол кісі – азаттық жо­­лындағы күресін осы Қарқаралы топы­­рағында бастаған адам. Орыстар Санкт-Петерборға «Революция бесігі» деген баға береді. Ал біздің ойымызша, Қар­қа­ралы – қазақтың ХХ ғасырдағы азат­тық қозғалысының бесігі. Демокра­тиялық ой-пікірдің қалыптасқан орта­­­лығы. Сол орталықта мектеп ашу арқылы баланың санасын оятып, азаттық қозғалыстың не екенін көрсет­­кен тұлға екенін қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлының саяси көқарасының қалыптасуы осы Қар­қаралымен тығыз байланысты, – дейді Нұрсахан Ахметқызы. 

Ғалымның айтуынша, ұлт ұстазы­ның саяси аренаға шығуына Алектров­тың жолдамасы бірден-бір себеп болған. Сол жолдамамен Қарқаралы жеріне келіп, өңірдегі тұңғыш қазақ-орыс мектеп-интернатын ашады. Оқулықтар жазып, патша үкіметіне петиция жол­дауға атсалысады. 

Қоғам қайраткері, айтыс ақыны Қуаныш Мақсұтов мектепті мемлекет қорғауына алуы керек дейді. 

– Бұл мектепті, Қарқаралының бі­лім бөліміне бере салған дұрыс емес. Ол мемлекет қорғауына алынуы керек. Алаш арыстарының ізі де, көзі де осы. Сондықтан зерттеу керек. Зерделеу керек. Оны ұлттық мұражай қылып, халық көретін, ел келетін орта жа­сауымыз керек, – дейді Қуаныш Мақсұтов. 

Ахмет үйі

Ең алғаш Қарқаралының іргетасы 1824 жылы бекініс болып қаланған. Ал 1827 жылдан бастап Қарқаралы казак станицасы болады. Сол уақытта кент бол­сын, даласы болсын орыс, татар, казак көпестерінің қонысына айналды.

– Әжем марқұм айтып отыратын «Боқтыдан ағып шығатын Талдының бір саласы Сарыбұлақ деген өзен бо­йын­да егін екті» деп. Сол кездегі жазба­ларға қарасақ, егіншілікті қазақтар да жете меңгерген екен. Көп егін еккен. Кәм­песке басталмай тұрған ХХ ға­сырдың бас кезінде болған – бұл. Егінді Қоянды жәрмеңкесінде пұлдаған, – дейді өлке тарихын зерделеп, қағаз бетіне ғана емес, деректі фильм түсіріп, таспаға қал­­ды­­руды мұрат еткен Qagan.kz ақ­параттық-танымдық порталдың атқарушы директоры Құрманғазы Өтебай. 

Ахаңдардың да келіп қоныс теуіп, қазақ балаларын оқытқаны да осы уақыт. Негізінде Қарқаралының ба­­­сында орыс пен татарлар ғана оқыған. Ол уақытта ешкім қазақтың көзін ашуға құмар бола қоймады. 

– Қарқаралыдан әрі қарай жиырма шақырымдай жерде Жиренсақалдың арғы бауырындағы Ақтеректе Ахаң мектеп ашады. Ақжан әл-Мәшәни сыңды тұлғалар осы мектепті тәмамда­­ған екен. Бір таңғаларлығы осы төңі­­ректе көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың балалары сол мектептен дәріс алған. Өткен ғасырдың 29-30 жылдарындағы көтерілістің идеясын осы көзі ашық адамдар осы жерден алып шыққан, – дейді Құрманғазы Өтебай. 

Қарқаралы жақтағы мектеп болсын, ескі үйлер болсын ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында салынған. Ахметтің үйі деп мөлшерлеген баспана құрылысы да сол уақытта салынған ағаштан қиылып салынған үйлермен бірдей. Тек қана айырмашылығы бөлмелерінің бірі кең болса, екіншісінде тарлау болып келеді. 

Айта кету керек, Ақтерек – үлкен ауыл болған. Қазақтар келіп қо­ныс­танған. 

– Көнекөз қариялардың айтуы бо­йынша, Ақтеректе ерекше үш үй болған. Біріншісі – Ахмет мектебі, ағаш­тан қиып салынған, екіншісі – соған қарама-қарсы кейін өртеніп кеткен екі қабатты кеңсе болған. Ал үшіншісі – кеңсе жанында арнайы кісі түсетін үй. Ахмет енді кеңседе жатпайтыны белгілі ғой. Келімді-кетімді кісісі бар. Кеңсе, мектеп, үй жақын орналасқан. Арасы 30-40 метр шамасында ғана. Қалғаны тас үй. Дәл сондай үйде тұрды дегенге сену қиын, – дейді Құрманғазы Өтебай. 

Молда емес, жаңа білім, жаңа леп әкелген адам болғаннан кейін сол уақыттағы зәулім үйде тұрғаны ләзім. Үй болса Кеңес дәуірінде, одан кейін де сырты сырланып, сыр бүгіп жатты.

– Үш-төрт рет бардық. Көзіміз жет­кені, бұл үй мектептің көмір қора­сына айналған екен. Төбесі жабылмай, су аққан. Төбесіне тіреу ретінде май­қарағай тастаған. Еркеш Тышқа­нбаев деген архитектор, құрылысшы инженер Құнанбай салдырған үйде тұрған екен. Сол кісі айтып еді осы үйлерді салғанда, бәрін ойластырған, қабырғадағы бөре­­нелер ойып салынған, Ақтеректің қарағайы деп. Төбедегі балкалар, май­қарағай, самырсын сияқты ағаш болуы мүмкін. Керуен жолдары болды, көп болса бір үйге алты балка кетеді. Алыс-беріс жасаған уақыт. Мыс алып барса, кейін қайтқан керуен осындай құры­­­лысқа керек затты тиеп қайтатын, – дейді әріптесіміз. 

 

ТҮЙІН:

 

Ұлт ұстазы Қарқаралыда болған уа­қытында өмірінің жартысын мектепте өткізсе, қалғанын сол үйде өткізді емес пе? Үстел басында отырып, қиялымен болашаққа самғаған шығар?! Енді бұл үйді зерттеп, зерделеп, мүлдем шіріп, жоғалып кетпей тұрғанда қалпына кел­тірсе деген ниет біздікі. Тек Ахмет мек­тебіне ғана емес оның тұрған үйіне де мемлекеттік қамқорлық жасалса, құба-құп... 

«Ахмет қайда кетті дейсің? Осында болды ғой. Өйткені ол үйден басқа қорған үй болған жоқ» деген сөзді көнекөз қа­риялар айтқан екен. Шынымен, Ахмет ешқайда кеткен жоқ. Оның ізі Қарқа­ралыда сайрап жатыр... Жоқтаушысы ғана керек болып тұр!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ