Барсакелмес – әлем бойынша экологиялық апат аймағында ор­на­ласқан жалғыз мемлекеттік табиғи қорық. Жері шүйгін, табиғаты тыл­сымға толы бұл мекенде аң мен құстың сан түрі тіршілік етеді. Қорық жайын­да көнекөз қариялардың аңыз-әпсаналары өз алдына бір төбе.
Құлан көшкен маң
914
оқылды

Негізінен, Арал теңізі аумағында ор­наласқан Барсакелмес аралы ғы­лыми тұрғыда 1848 жылы тамыз айын­да ашылған. Дерекке сәйкес, бұл жер Пе­терборден келген лейтенант Алексей Бутаковтың экспедициясы барысында бел­гілі болса керек. Осы экспедицияға геог­раф А.Макшеев пен топограф А.Аки­шев те қатысқан. Экспедиция мүшелері аралдың топографиялық түсірілімдерін жасап, оның ландшафтын дайындаған. Ал ландшафттың алғашқы суретте­ме­ле­рін солдат Тарас Шевченко жасаған де­ген ақпар бар. Осыдан кейін түрлі экс­пе­дициялар ұйымдастырылып, аралдың табиғаты, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер, аң-құс түрлері жіті зерт­теле бастапты.

Мемлекеттік табиғи қорық өз жұмы­сын бастаған кезеңдерден бастап, оның тамаша табиғаты көрген адамды ерекше се­зімге бөлейді. Сол уақытта бір-біріне ір­­­гелес қоныстанған Барсакелмес пен Қас­қақұлан аралдарында біршама отба­сы тұрмыс кешкен көрінеді.

«Қазір Қасқақұланда адам тұрмайды. Бұл Арал теңізінің тартылып, теңіз ор­та­сындағы аралдың құрлықпен қосылып кетуі­мен тікелей байланысты. Бір кездері ол жер қайнаған тіршілік ортасына ай­нал­ған еді. Сол уақытта Қасқақұланда екі флот жұмыс істеп, балық шаруа­шы­л­ы­ғы қарқынды дамыды. Аштық кезде орыс­тарға Аралдан 14 вагон балық жө­нел­тілгені тарих парақтарынан белгілі. Сол жұмыстарға Қасқақұланның да үлесі зор. Ауылда 10 жылдық мектеп, дәрігер­лік пункт, электр станциялары да жұмыс істеді. Сол уақытта ауылымызға ұшақ пен кеме ғана қатынайтын. Бүгінде арал­дағы үйір-үйір құландардың қатары ар­тып, сексеуіл қалың орманға айналғаны бай­қалады. Тек көлік жүріп өтетін жал­ғыз жол бар», – деп еске алады Қасқақ­ұлан ауылының байырғы тұрғыны Ранай Сатаева. 

Дерекке сәйкес, 1929 жылы Барса­кел­­мес аралында «Союзпушнина» аң­шы­­лық шаруашылығы құрылыпты. Осы ар­қылы қорықтағы жануарлар әлемін ба­ғалы құстар және аң түрлерімен байы­ту міндеті жүктеледі. Нәтижесінде, 1929–1939 жыл­дар аралығында мұнда ірі құм бал­пақ­тары, ақбөкендер және қарақұйрықтар жет­кізіліп, құм балпағының кәсібі ашыл­ған. 

1930 жылдары Кеңес Одағында та­биғи ресурстарды, оның ішінде биоло­гия­лық ресурстарды пайдалануға деген қы­зығушылық артады. Соның негізінде қайта бейімдеу, бағалы аң түрлерін қайта қалыптастыру бойынша жұмыстар кең көлемде жүргізілді. Осы орайда жаңа қорғалу аумақтары қалыптасады.

Нәтижесінде, 1939 жылы Қазақ­стан­ның Кеңестік Халық Комиссариатының 10.12.1939 жылғы №973 қаулысымен Бар­­­­сакелмес мемлекеттік қорығы құры­ла­ды. Ал іс жүзінде 1940 жылдың сәуі­рін­де – шаруашылықты аң совхозынан қо­рыққа беру  іске асырылған. Дәл осы уақыттан бастап аралдың табиғатын жос­парлы түрде зерттеу басталды. 

Қорық жұмысын жандандыру ба­ғы­тында түрлі бастамалар қолға алынған тұс­та аралға қоныс аударған халықтың қарасы аз болмады. Теңіз ортасындағы арал­да тұрмыс кешкен тұрғындардың сол кездегі ахуалы жайында айтары да аз емес.

«Біз 1984 жылы отбасымызбен Бар­сакелмес қорығына көшіп бардық. Сол уақытта қорықта 2 орыс, 5 қазақ отбасы тұрып жатты. Жолдасым Серік Мұрынов арал­да құлан бағушы, ал мен сауыншы бо­лып жұмыс істедім. Екі жылдай сауын­шы, кейіннен кітапханашы болып қыз­мет еттім. Ол уақыттағы қорықтың та­би­­ғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аралда құлан, киіктің санында есеп болмады. Сондай-ақ 15 шақты сиыр өсі­рілді. Осы мүйізді ірі қараны күніне екі мәрте сауып, қаймақ, құрт жасаймыз. Орыс отбасының бірі – Михаил есімді көр­шіміз тракторшы болды. Келесі орыс көр­шіміз үйлерді электр энергиясымен қам­тамасыз етумен айналысатын еді. Қо­рық өсімдіктер түріне өте бай. Соның ішін­де жантақ пен сексеуілдің санында есеп болмады. Азғантай отбасы тұрсақ та, бір үйдің баласындай тату болдық. Түр­лі мерекелік шара ұйымдастырып, әр кешті көңілді өткізіп тұратынбыз. Ки­нотеатрдан аптасына екі мәрте кино кө­ретін едік. Аралда шағын кеңсеміз жұ­мыс істеді. Сол уақытта кеңсе дирек­торы марқұм Мұса Сабырбаев деген кісі болатын. Барсекелмеске Арал қаласынан арнайы ұшақ қатынап, азық-түлігімізді үздіксіз жеткізіп тұрды. Мәскеуден де жиі мамандар келетін. Осылайша, қо­рық­та 5 жылдай тұрмыс кешкен едік», – деп еске алады Барсакелместің сол кездегі тұрғыны Нұрсәуле Қалыбаева

Негізінен, қорық жұмысының тұяқ­­­ты жануарларға бағытталуы Қа­зақстанның қорық ісі бойынша бас­шы­ларының жоспарлық міндеттеме­лері болды. Сол кездегі негізгі жұмыс  шөлді жер­лердің тұяқты жануарларын зерттеу және сақтап қалумен ғана шектелмеген. Оларды жаңа аумақтарға жерсіндіру жұ­мыстары да қолға алынған. Бұл тұрғыда ал­дымен құландарды жерсіндіруге баса на­зар аударылыпты. Ең бастысы, қорық­тың ғылыми бөлімдері тарапынан таби­ғат жылнамасын жүргізуге ден қойылады.

Барсакелмес қорығының алғаш құ­ры­лымдаған сәтін көзбен көрген әрбір тұр­ғын сол уақытты тәтті естеліктермен ес­те алады. Ол уақытты өз өмірлеріндегі ерек­ше әсерге толы қызықты кезеңге ба­лайды.

«Қорықта 1980–1982 жылдар ара­лы­ғында тұрмыс кештім. Тұңғыш баламды осында дүниеге әкелдім. Қазір балам 42 жас­та. Сол уақытта күйеуім қорықтағы ме­дициналық бекеттің меңгерушісі бо­лып қызмет атқарған болатын. Ол кезде қо­рықты Владимир Жевнеров деген орыс азаматы басқарды. Жаз бойына қорықта Ресейден биологтар, ғылыми қызметкерлер ағылып келіп тұратын. Осы жылдар аралығында Барсакелмес тұр­­ғындары ұлтқа бөлінбей, ауыз­бір­ші­лік­пен өмір сүрдік. Бұл өміріміздегі ең қы­­зықты кезең болатын», – деп еске ала­­ды қорықтың сол кездегі тұрғыны Да­ра­жа Дүйсенбаева.

Алғашқы жылдары қорықта қарбалас тір­шілік болады. Сол кезден бастап арал қыз­меткерлері ішкі міндеттемелерді ше­шу­мен қатар, сыртқы ғылыми орындар­мен де байланыс орната бастайды. Құ­ры­лымдау кезеңін көзбен қорық тұрғын­да­ры бұл кезеңді былайша еске алады.

«1983–1986 жылдар аралығында қо­рық­та құлан бағушы болып жұмыс істе­дім. Сол уақытта қорықта 13 отбасы тұ­рып жатты. Әрқайсысына жүктелген жұ­­­­мысы болды. Жаз айларында Ресейден ай сайын кезек-кезек студенттер келіп т­ратын. Өзім құландарға қарап, күтіп-бап­тап, жем-шөбін беріп отырамын. Әйе­­лім сол кездегі сиыр фермасында жұ­мыс істеді. Қорыққа Аралдан екі мез­гіл ұшақ, кеме қатынасы жолға қойылды. Сәт сайын азық-түлік пен басқа да тұты­на­тын заттар жеткізілсе, қыс мезгілінде отын тасымалдайды. Яғни, қорықтағы тұрғылықты халыққа барлық жағдай жа­салды. Сол уақытта сиыр фермасының ба­засы тарлық етіп, 3 мың саман кірпіш басып, өз күшімізбен базаны кеңейттік. Жалпы, қорықта ойын-сауық орталығы, ки­нотеатр қызметі жолға қойылды. Жаз мез­гілінде жағажайда суға түсіп, түрлі іс-шара ұйымдастырып тұрдық. Бір сөз­бен айтқанда, молшылық жылдарды бас­тан өткер­дік», – дейді қорық тір­ші­лігін көзбен көр­­ген тағы бір тұрғын Бо­ла­т­бек Жарасов.

Жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде  әлемдік ғылымда ке­шен­ді зерттеулерге, экожүйелерді зерде­леу­ге және онда болып жатқан дина­ми­калық процестерге деген қызығушылық арта бастайды. 1960 жылдың басында шөлді экожүйелердің кейбір типтерін зерттеуге деген қызығушылық Барса­кел­мес аралына зерттеушілердің тобын алып келеді. Бұл кезең Арал теңізінің кебуі­мен тұспа-тұс келген. Кейінгі жыл­дары талайды тамсандырған қорықтың тұр­са табиғаты теңіздің тартылуына бай­ланысты дағдарысқа ұшырай бастайды. 

«2000 жылдан кейін қорықтың ай­на­ла­сында теңіз жазықтығының айтарлық­тай бөлігі ашылып, арал құрлықпен бі­рі­гіп кетті. Бұл жабайы аңдар мигра­ция­сы­ның қайта іске асуына мүмкіндік бер­ді. Арал теңізінің кепкен табаны эко­­жүйелердің флорасы мен фаунасы­ның біріншілік қалыптасу аренасына айналды. Тұщы судың болмауынан тұяқ­ты жануарлар Барсакелмес аралынан шы­ғып кетті. Соның ішінде құландар тұщы су көздері бар бұрынғы Қасқақұлан аралының айналасындағы теңіздің кеп­кен табанындағы сексеуіл тоғайлары­на үдере көшірілді. Ал қарақұйрықтар мен ақбөкендер шығыс жағалау бойынша кеңінен миграциялады. Қазір қорықта бұ­рын­ғыдай халық тұрмайды. Тек мем­ле­кеттік инспекторлар он күндік ауы­сым­мен кезекшілікке шығады», – деп тү­сіндірді Барсакелмес қорығының ди­рек­торы Хамит Қаниев.

Теңіздің тартылуына байланысты Қа­­­­зақстан Республикасы Үкіметінің 25.11.2006 жылғы №1162 қаулысымен Бар­­­­сакелмес қорығының аумағы 10 есеге ұлғайып, 160 826 гектарға жеткен. 

Ал 2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕС­КО-ның «Адам және биосфера» ба­ғдарламасы бағыттаушы кеңесінің  28-ші сессиясы шешімімен Барсакелмес мем­лекеттік табиғи қорығы РММ-і не­гізінде құрылған Барсакелмес биосфе­ра­лық резерваты ЮНЕСКО биосфера­лық резерваттарының әлемдік жүйесіне ен­гізілген. Бүгінде ЮНЕСКО-ның Бар­­­са­келмес биосфералық резерваты – Тұран шөлейттерінің солтүстік және ор­та­ша аймақшалық типіне кіретін эко­жүйелерді қорғайтын Еуразиядағы бір­ден-бір қорық. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №484 қаулы­сы­на сәйкес Барсакелмес мемлекеттік та­би­ғи қорығының көлемі Сырдария өзе­­­­нінің Кіші Арал теңізіне құяр саға­сын­дағы «Дельта» учаскесін (2 300 гектар) қосу ар­қылы ұлғайтылды. Бүгінде қорықтың жал­пы аумағы 163 126 гектарды құрап, 3 клас­­терлік учаскеден тұрады. Яғни, «Бар­­­­са­келмес», «Қасқақұлан» және «Дельта» учас­кесі болып біріктірілген. Бүгінде қо­рық аумағында 56 мың гектарды құ­рай­тын сексеуіл ормандары, флорасы 325 түр жоғарғы өсімдіктер бар. Оның ішін­де 16 эндемик және 5 түр өсімдік Қа­­зақ­станның «Қызыл кітабына» енгі­зіл­ген.  

Қорықтың жануарлар әлемі де са­нал­уан. Омыртқасыздар түрі өте көп. Жән­дік­тердің өзі 12 отрядтан тұратын 2 000 түр­ге жуықтайды. Бұдан өзге қорықта өр­мекшінің 107 түрі мекендейді екен. Қос­мекенділердің 2 түрі болса, бауыры­мен жорғалаушылар 12 түрге бөлінеді. Сол сияқты құстардың 250 түрі мекен ет­се, оның 33 түрі «Қызыл кітапқа» енгі­зіл­­­ген. Сонымен қатар 28 түр сүтқо­рек­ті­лер­­дің 3 түрі, ал 22 түрлі балықтардың 4 түрі «Қы­зыл кітаптың» тізіміне жазыл­ды.

Қазіргі қорықтың ғылым, ақпарат, мо­ниторинг және экологиялық ағарту бө­лімі 5 тақырыпта ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізеді. Соның негізінде, Бар­сакелмес мемлекеттік табиғи қорығы елі­міздің алдыңғы қатарлы ерекше қор­ға­латын аумақтарының бірі. Қорық өз қыз­меті барысында көптеген отандық және халықаралық ғылыми ұйыммен – БҰҰДБ, Халықаралық Аралды құтқару қо­ры, Жапон елшілігінің «Шөптер та­мы­ры» бағдарламасы, ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы, Қа­зақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы және тағы басқа ұйымдар­мен етене жұмыс істеуде. 

Соңғы жылдары құлан көшкен Бар­сакелмес қорығы маңының құрлықпен қо­сылып кетуі көпшілікті алаңдатып отыр. Дейтұрғанмен, үздіксіз жүргізіліп отырған жұмыстар  қорықты сақтап қа­лу­ға мүмкіндік жасап келеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы