Ол Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес: Қошанов  апат туралы айтты
743
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов  Қарағанды облысынан келген қаралы хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отырғанын жеткізді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сонымен қатар зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тіледі. 

"Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр", –  деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын да атап өтті.

"Бұл мәселе бұған дейін де талай рет көтерілген болатын. Компанияға тиесілі кен орындарында мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әрине, бұл ең алдымен осы компанияның жауапкершілігінде екені сөзсіз. Сондықтан Президенттің аталған тапсырмасын депутаттар бірден-бір дұрыс шешім деп толық қолдап отыр.

Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс", –  деді Спикер.