Шахтаның астында қалған кеншілерді іздестіру әлі жалғасуда.
Апатты тоқтатудың жалғыз жолы – қожайынды ауыстырып, жауапқа тарту –  депутат Қалықов
717
оқылды

Қарағанды облысындағы кен орнындарында үнемі бола беретін апаттарды тоқтатып, адамдарды өлімнен арашалаудың жалғыз жолы –  кен орнының қожайынын ауыстырып, қылмыстық жауапкершілікке тарту. «АрселорМиттал Теміртау»  компаниясымен  ынтымақтастықты шұғыл тоқтатып қана қоймай, оның акционерлерін де  халықаралық сот арқылы жауапқа тартқызу керек, –  деп санайды Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қалықов. Апат орнында жүрген депутаттың сөзінше,  қазір қайғырған ел жарылыс болған кен орнына жиналып жатыр. Шахтаның астында қалған кеншілерді іздестіру әлі жалғасуда. Туыстарын іздеп 60-тан астам адам шахтаға келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қазаға ортақ болып,  көңіл айтып, қайтыс болған марқұмдардың  туысқандарын жұбатып жүрміз. Шахтаның алдына апатқа ұшыраған адамдардың  жақындары жиналып жатыр. Жылап,  жақындарын жоқтаған адамдар көп. 21 адам қаза тапты, олардың  көбі орта жастағы адамдар. Араларында жастар да бар екен, тізімді қарап көрдім. Шахтаның астындағы кеншілерді табу өте қиын, көмір газы тағы жарылып кетуі мүмкін. Адамдар әлі жиналып жатыр. Жағдай өте ауыр»,  –  деді Парламент Мәжілісінің депутаты.

«AMANAT»  фракциясының мүшесі, депутат Қалықов Мемлекет басшысының Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырмасын жылдам орындау керек деп санайды. Ол Лондонда тұратын үндістандық миллиардер Лакшми Митталды апатқа басты жауапты адам ретінде Қазақстанға  шақыртып қана қоймай және оны қылмыстық жауапкершілікпен соттату керек деген пікірде. Оның сөзінше,  кен орнында қаза тапқандардың көбі іссапармен өзге өңір,  аудандардан жұмысқа шақырылған адамдар.

«Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен келісімшартты тоқтату керек. Ол туралы бұған дейінгі болған апат кезінде де айтылды. «AMANAT» партиясы фракциясының атынан біз бұл мәселені бұған дейін де көтеріп келдік. Кен орындарының иесін ауыстырып, оны халықаралық қауымдастықтың алдында көтеру керек, халықаралық сот арқылы қылмыстық жауапқа тарту керек. Кеншілер жетіспеген соң жұмысшыларды өзге жақтан алдырған. Іссапармен келіп жүріп қаза тапқандар бар. Ең қиыны да осы болып тұр. Қазір басқа аудандардан,  басқа шахтадан шақырылған адамдардың жақындары, туыстары да келеді. Таңертеңнен бері апат орнында жүрміз. Келісімшартты тоқтату керек. «АрселорМитталдың» қожайындары моральдық тұрғыдан да халықтың алдында кінәлі. Президенттің тапсырмасы орындалуы керек. Осыдан екі ай бұрын болған апат кезінде де айтылған еді,  созылып кетті. «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының пікірі осы», –  деді ҚР  Парламенті Мәжілісінің депутаты,   Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Арман Қобыландыұлы.

Айта кетейік, жарылыстан 18 жұмысшы жараланды. Жоғалған кеншілерді іздеу әлі жалғасып жатыр. ҚР Бас прокуратурасы Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.