Депрессия, лудомания, суицид. Мамандар кейінгі уақытта осы секілді психикалық аурулардың белең алғанын айтады.
Дәрігерлер психикалық аурулардың көбейіп кеткенін мәлімдеді
854
оқылды

Шымкентте «Психикалық денсаулық сақтау қызметінің заманауи жағдайы» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Онда бірнеше өңірден жиналған психиатр, нарколог, невролог мамандар мен жас ақ халаттылар кейінгі кезде өршіп тұрған психикалық аурулардың алдын алу, салдармен күресу бойынша кеңесті. Жиында бірқатар баяндамалар оқылып, өзекті тақырыптар талқыланды, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депрессия, лудомания, суицид. Мамандар кейінгі уақытта осы секілді психикалық аурулардың белең алғанын айтады. Адамдар мұндай дертке түрлі себеппен шалдығуы мүмкін. Бірақ оның алдын алуға және салдарымен күресуге әбден болады. Бүгін Шымкентте ақ халаттылар осы төңіректегі мәселелерді талқылау үшін жиналды.

«Қазіргі кезде Қазақстанда ғана емес жалпы әлемде психикалық аурулар өте көбейіп кетті. Әсіресе эпидемиядан кейін. Психикалық аурулардың саны да көбейді. Депрессия, суицид, лудоманияға беріліп кеткен адамдар да көбейіп кетті. Міне, соларға қалай көмек беру керек, қандай жолдары бар? Соны талқылау үшін жиналып отырмыз», – деді Психиатрия және наркология ассоциациясының президенті Сағат Алтынбеков.

Дрігер-психиатр Тұрсынай Момынованың сөзінше, аутизм тақырыбы актуалды мәселелердің бірі болып тұр.

"Сондықтан қазір көп көңіл бөлудеміз, халыққа түсіндіру үшін, ата-аналарға түсіндіру үшін және жас дәрігерлерге үйрету үшін. Жылдан-жылға көбейіп келе жатыр деп айтсақ болады. Мысалы, былтыр бізде 363 бала еепте тұрса, биыл 430-ға жетіп отыр», – деді ол.

Дәрігерлер Қазақстанда психикалық дертке шалдыққандар саны артқанын айтады. Алайда, олардың мамандандырылған медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінбеуі дерттің өршуіне әкеліп соғуда. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында 12 057 адам есепте тұрады.

 «Осы мамандық бойынша бастапқы медицина дәрігерлерінің, невролог дәрігерлерінің ем-дом жүргізу тәсілдерін, әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміздің шектерін белгілеп алу үшін осы іс-шараны өткізіп жатырмыз», – деді Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері  Серік Мыңбаев.

Ғылыми-практикалық конференцияға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының психиатр, нарколог, невролог, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты. Жиында сондай-ақ, әсері ұзартылған препараттарды қолдану, психореабилитация, эпилепсия және деменциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің аспектілері бойынша пікірталас өтті. ⁣⁣