Марқұм үйге жақынырақ болсын деп Ленин атындағы шахтаға көшуді жоспарлаған.
«Қазақстан шахтасында апаттан аман қалған»: Туыстары марқұм кенші Юрий Половинка туралы айтты
4,136
оқылды

Костенко шахтасында болған жарылыстан қаза тапқан Юрий Половинканың туыстары оның қандай адам болғанын айтып берді. Марқұмның соңында әйелі мен сегіз жастағы ұлы және қарт анасы қалды.  Бұл туралы  Aikyn.kz  Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Юраның өмірі шахтамен тікелей байланысты. Ол он жыл бойы әртүрлі шахталарда жұмыс істеді. Оны қыркүйек айында, сол жерде болған қайғылы оқиғадан кейін бірден «Қазақстан» шахтасынан Костенкоға ауыстырған. Сол жерде аман қалғанымен, осында қайтыс болды», – деді марқұмның туысы Оксана.

Юрий отбасымен біраз уақыт Жаскентте тұрып, кейін туып-өскен жеріне оралған. Үйге жақынырақ болсын деп Ленин атындағы шахтаға көшуді жоспарлаған, бірақ үлгермеді.

«Біз соңғы сәтке дейін ол шахтада жоқ, ауысымын ауыстырды деп үміттендік. Бірақ өкінішке орай... Мария (әйелі) үйде жыламайды, ұлы үшін қорқады. Әкесі қайтыс болғанын оған әлі айтпаған. Оның қалай боларын білмейміз. Юра баласын қатты жақсы көрді», – деді туысы Оксана.

Туыстары Юраның ешқашан жұмысына шағымданбағанын, ол жаққа қуана барғанын, шахтаны жақсы көргенін айтады. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шахтинскіде таңдау жоқтың қасы.

«Біздің қалада басқа тұрақты жұмыс жоқ. Сондықтан көбі шахтада жұмыс істейді. Басқаша табыс табу қиын. Бірақ мен ол жаққа күйеуімді жұмыс істеуге жібермедім. Бұл мен үшін қорқынышты», – деп толықтырды Оксана.

Оның айтуынша, жантүршігерлік хабардан кейін бірден отбасына мемлекеттік қызметкерлер келіп, оларға қандай көмек көрсетілетінін түсіндіріп, көңіл айтқан.

Юрий сейсенбіде жерленеді, олар Канададан ағасының келуін күтіп отыр. Ол қараша айында 37 жасқа толар еді. 

Фото: stan.kz