Ел Үкіметі 2023–2029 жыл­дар аралығында 3,3 миллион­нан астам азаматты жұмысқа орналастыруға тиіс. Оның ішін­де жастардың үлесі кем дегенде 2,3 миллионға жетуі керек. Бұл – Мемлекет бас­шысы тікелей тапсырып отыр­ған міндеттің бірі.
Жастарды жұмыспен қамту – партия бақылауында
720
оқылды

Ел жастарының қоғамдағы рөлін қалыптастыруда әлеуметтік сатының әділ қозғалуын бақылауды «AMANAT» партиясы өз мойнына алып отыр. Партия «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарлама­сында 2027 жылға дейін бір жарым миллионнан астам жасты жұмыс­пен қамтуға басымдық берген. 

Айта кетейік, жас санатына қа­тысты ұғым әлемнің әр мемле­кетінде әрқалай. Ол негізінен де­мографиялық ахуал, миграциялық үдерістерге байланысты есептеледі. БҰҰ дүниежүзінде 15 жас пен 24 жас аралығындағы жастардың саны 1,2 млрд адам деп есептеп, бұл жер бетіндегі халықтың 16%-ы деген дерек ұсынады. 

Жалпы, көптеген мемлекет жас санатын орташа стандартпен 14 пен 24 жастың аралығы деп есеп­тейді. Ал біздің елдегі есептің жөні бөлек. Қазақстан тұрғындарының үштен бірі жастар болғандықтан, ең жас мемлекеттердің қатарына кіреді. Біздің елде 2022 жылға дейін жастар санатына 14 жас пен 29 жас аралығы жатқызылып келді, ол есеп бойынша республикадағы жастардың саны 3 741 083 адам болған. 2023 жылдың 26 ақпанынан бастап қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен түзету­лерге байланысты аталған санат 29-дан 35-ке дейін деп ұзартылып, қайыра есебін шаққанда жастардың саны 6,05 млн адамға жетті. Бұл ҚР халқының 31%-ы деген сөз.

Аумақтар бойынша жастар ең көп шоғырланған қала – Алматы (722,9 мың адам немесе қала тұр­ғын­дарының 33,4%-ы), Түркістан облысы (682,1 мың) және Астана (468,4 мың адам немесе елор­далықтардың 34,6%-ы). Одан ке-йінгі орындарда Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Соңғы жылдары елімізде туу көрсеткіші жоғары, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сол себепті алдағы он-он бес жылда жастардың үлесі еселеп артпақ. Ал бұл дегеніңіз, жұмыс орнына, бас­панаға тағы басқа да әлеуметтік қажеттілікті тудырмақ. 

Үкімет 2023 жылдың басында барлық өңірлердің әкімдерімен жұмыспен қамтудың Жол картасын бекітті. Осының аясында биыл республика бойынша 947 мыңнан астам азаматқа жұмыс тауып беру негізгі міндет саналды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында 734 мың адам жұмысқа орналасыпты. Бұл жоғарыдағы жылдық көрсеткіштің 77%-ына тең. Оның 50%-ы – жас азаматтар. Жұмыспен қамтылған 35 жасқа дейінгі жастардың басым бөлігі Түркістан (15%), Жамбыл (9%), Ақтөбе (7%), Алматы, Қара­ғанды және Қызылорда облыста­рының (6%) азаматтары.

«Қазір жұмысқа орналас­тырылған азаматтардың 76%-ы үшін зейнетақы аударымдары аударылуда, бұл олардың тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растайды», – делінген министрлік ақ­паратында. Жаңа жұмыс орында­рының басым көпшілігі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобалары арқылы ашылған.

Сондай-ақ Президент жас­тарды жұмыспен қамту ісінде олар­дың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін қайтарымсыз гранттар мен жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредиттер беруді қарастыру керегін де айтқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 4 734 микрокредит бері­ліпті. Биыл Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес, азаматтарды еңбек күші тапшы өңір­лерге көшіру тетігі қайта қа­ралған болатын. Осығын орай қазір солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударудың жыл­дық жос­пардың 87%-ы орындалды. Көшіп келген еңбекке қабілетті азамат­тардың 73%-ы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. 

Алайда азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы ресми ақпа­раттың өзінде нақтылық жетіс­пей­ді. Парламент Мәжілісінің депу­таты, «AMANAT» партиясы жа­нындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Нартай Аралбайұлының айтуынша, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық жайлы статистиканы бұрмалап көрсету жиі кездеседі. «Ұлттық ста­тистика бюросы Қазақстан халқы­ның небары 4,9%-ы жұмыссыз деген мәлімет береді. Анығында солай ма? Ресми деректерге қара­сақ, елімізде NEET санатындағы жастар саны – 422 000. Сонымен қатар 400 000-нан астам жас өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебін­де жүрсе, жұмыссыз жастар саны 80 000 деп көрсетілген. Демек, бас-аяғы 900 мыңнан астам жас азамат тұрақты жұмыспен қамтыл­май отыр деген сөз. Осылайша, жауапты органдар статистиканы үшке бөліп, жұмыссыз жастардың нақты санын жасырып көрсете­тіндей», – дейді депутат. 

Жыл сайын өсіп, жетіліп қа­тарға қосылатын жас азаматқа жұмыс тауып беру мәселесі барлық мемлекетке ортақ. Әлем бойынша жас­тарын жұмыспен қамтуда жақ­сы көрсеткішке – Чехия, Германия, Исландия, Польша, Катар, Бах­рейн, БАӘ, Сауд Арабиясы секілді елдер ие. Яғни, бұл жерде ел эконо­ми­­касының қуаты және халық саны көрсеткіші де маңызды рөл атқарады. 

«Бізде шетел асып, жұмыс іздеп кетіп жатқан жастардың да нақты есебі жоқ. Мәселен, ресми статис­тика былтыр Оңтүстік Кореяға 9 600 жас азамат жұмыс іздеп барды деп көрсетеді. Ал өзге ашық дерек көздерінде ол жақтағы жастары­мыз­дың саны 20 000-нан асып отыр. Одан бөлек, АҚШ-та, Еуро­пада мыңдаған жас азамат жұмыс істеп жүр. Сыртқа кеткен азаматта­рымыздың да нақты санын біліп, жұмыссыздықпен күресте жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», – дейді Нартай Аралбайұлы.

Жастардың жұмыссыз қалуы­ның алдын алу үшін еңбек нары­ғында сұранысқа ие мамандарды даярлау ісін жолға қою қажет. Өйт­кені еліміздегі колледждерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бі­тір­генімен олардың 77%-ы жұмыс табады да 17,6%-ы жеке кәсібін аш­са, 11%-ы түрлі себепке бай­ла­ныс­­­ты жұмысқа орналаса алмай қалады.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, қазіргі кезде жастарды техникалық және кәсіп­тік бағытта білім алуға тарту мақ­са­тында шәкіртақы көлемі ұлғай­ты­лып жатыр. Жақында Оқу-ағарту министрлігі аймақтарда сұранысқа ие мамандықтар бойын­ша білім алатын студенттер саны 130 000-ға жеткенін хабарлады. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 150 мың адамды құрамақ. 

Оған қоса, еліміздің еңбек нарығында шешілмей отырған мәселенің бірі – жұмыс берушілер еңбек құқықтарын қорғау талап­тарын орындауға құлықсыз. Бұл жағдай 7 қыркүйектегі «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің отырысында жан-жақты талқы­ланды. Партиялық бақылау коми­тетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пікі­рінше, сапалы дерек пен дәйек ұсыну кезінде әдетте жергілікті деңгейде жағдай бұрмаланады. «Ешкім ашықтықты қаламай­тын­дықтан осындай олқылыққа жол беріледі. Салалық мәселелер есеп­тегіштерді орнатудан бастап мәлі­меттер базасын жүргізуге дейін тоқ­­тап тұр. Президент айтқан ең­бек құқықтарын қорғау мәсе­лесіне келсек, жұмыс берушілер көбінесе Еңбек кодексінің талаптарын орын­­дауға құлықсыз. Сондықтан ең­бек қауіпсіздігін де партиялық бақы­лауға алу қажет», – дейді Екатерина Смышляева.

Бек БОЛАТ