Қазіргі әлем адамдарға жоғары талаптар қоюда. Көп жағдайда біз эмоционалдық шиеленіс жағдайында болып, алаңдаушылықты бастан өткеріп жатамыз, яғни күйзелісте боламыз.
Күйзелістен шығудың 4 тиімді жолы. Сарапшының кеңесі
1,136
оқылды

ҚР Президенті Іс басқармасының оқу орталығы жанындағы Медициналық және ақпараттық жүйелер орталығынан шақырылған сарапшы әрі тренер Шолпан Нұрқанова күйзелісті басқарудың 4 тиімді тәсілдерімен бөлісті,    деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біз күн сайын алатын ақпараттар ағыны біздің оны қабылдау қабілетімізден төрт есе көп. Біз көп жұмыс істейміз, егер психикалық және физикалық денсаулығымызға уақытында көңіл бөлмесек, күйзелістен арылу мүмкін емес»,  – дейді маман. 

1. Күйзеліс себептерін түсіну

Күйзеліс тудыратын жағдай тек қана жұмыс емес. Ішкі тұрақсыздық ұнамайтын іспен  айналысу, басқа адамдармен қарым-қатынас, әртүрлі шамадан тыс әрекеттермен айналысудан болуы мүмкін. 

«Мәселені шешу үшін, оның себептерін түсіну қажет. Яғни, өзіңізге сұрақтар қойыңыз: «Әрбір ісім маған ләззат бере ме?», «Мен істейтін жұмысымның қандай жағымды және жағымсыз жақтары бар?», «Неліктен мен күн соңына қарай  істеген жұмысымнан шаршаймын?»,  –  деп түсіндіреді сарапшы. 

Әрбір әрекет туралы өзіңізге осындай сұрақтар қою арқылы сіз өзіңіздің энергияңызды қандай мәселе құртып жатқанын және не нәрсеге назар аудару керек екенін анықтап, мүмкіндігінше түзетулер енгізе аласыз.

2. Қызметтің әр саласын кезектендіру

Көбінесе біз бір нәрсемен ғана айналысамыз, мәселен жұмыс істеу. Нәтижесінде, тез шаршап, күйзеліске ұшыраймыз. Жұмыс пен жеке өмірдің (work-life balance) тепе-теңдігін сақтау қажет.

«Мен әрқашан, сізді бақытты ететін іспен айналысуға уақыт табу керек екенін айтамын. Бұл дәмді торттар жеп,  дүкен аралау деген емес. Жақын адамдарыңызбен, достарыңызбен, отбасыңызбен бірге уақыт өткізу, сондай-ақ сізді эмоционалды қанағаттандырататын және ынталандыратын сүйікті ісіңізбен айналысу, спортпен шұғылдану»,  – деп атап өтті. 

3. Күйзелісті басқаруды кейінге қалдырмаңыз

«Қазіргі адамдар күйзелісті жиі кейінге қалдыруға тырысады.  «Бұл туралы мен кейін ойланамын, қазір жобамды аяқтауым керек» деген ойлар басымызда тұрады. Бірақ сіз үнемі мұндай күйде өмір сүре алмайсыз. Ерте ме, кеш пе күйзелістің салдарымен бетпе-бет келеміз. Мұның бәрі жүйкемізге зақымын тигізіп, ауруға шалдығуға әкеп соғады», –  деп түсіндіреді Шолпан Нұрқанова. 

Оның айтуынша, жағымсыз эмоцияларды бастан кешіріп, дене мен ойды босату маңызды. Егер күйзелісті болдырмау мүмкін болмаса, қиын жағдайды қабылдап, онымен күресудің жолын табу қажет. 

4. Мүмкін емес нәрсені өзгертуге тырыспаңыз

«Сіз өзгерте алмайтын нәрселер, шешім қабылдай алмайтын жағдайлар бар. Біз жиі өзімізді шамадан тыс жүктеп, басымызды қажетсіз ойларға толтырып, жалықтыратын нәрселерге бос уақыт кетіреміз. Бірақ мұндай жағдайда уайымдаудың қажеті жоқ екенін түсінуіміз қажет. Басқалардың мәселелеріне алаңдап жүйкеңді жұқартпа, өз жан дүниеңді жинақы ұстауға тырыс»,  деп түсіндіреді тренер.

Айта кету керек, Шолпан Нұрқанова мұндай әдіс-тәсілдерді Медицининалық және ақпараттық жүйелер орталығындағы тренингтерде толығырақ талқылайды. Мұнда жеке өсу мен басқа да soft skills (жұмсақ дағды) дағдыларын дамыту бойынша  коммуникациялар, көшбасшылық, эмоционалдық интеллект және басқа да өзекті тақырыптар бойынша тренингтер тұрақты өткізіліп тұрады.