Агенттік төрағасы «Е-қызмет» жүйесін жетілдіру жұмысына тоқталып, оның қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік жасалғанын айтты.
Дархан Жазықбай Маңғыстау облысына  жұмыс сапарымен барып, кездесу өткізді
1,231
оқылды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болып, өңір басшылығы, жергілікті мемлекеттік қызметшілер және жастармен кездесулер өткізді.

Облыс активімен кездесуде МҚІА басшысы агенттіктің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық бастамаларының іс жүзінде жүзеге асырылуы, қызмет алушылардың заңды құқықтарын қорғау және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шаралары туралы айтты. Ол мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың басты мақсаты – ашық және адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру екенін атап өтті.

Агенттік төрағасы «Е-қызмет» жүйесін жетілдіру жұмысына тоқталып, оның қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік жасалғанын айтты. Іріктеудің цифрлық форматы іске қосылған сәттен бастап 436 адам әртүрлі мемлекеттік лауазымға тағайындалды.

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде өңірдің жастарымен өткен кездесуде МҚІА төрағасы мемлекетке елдің дамуына өз үлесін қоса алатын креативті жастар қажет екеніне тоқталды.

Оның айтуынша, жастарды мемлекеттік қызметке тартудың тиімді құралдарының бірі – Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызметтегі жастарға арналған өзге де мүмкіндіктермен танысты. Дархан Жазықбай жоғары оқу орындарын үздік бітірген (GPA 3,33-ден жоғары) түлектер үшін аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға тікелей тағайындау мүмкіндігі туралы агенттік бастамасына сәйкес 78 түлек мемлекеттік қызметке тағайындалғанын айтты. Жоғары оқу орнының түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз жұмысқа орналасу бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп, бұл жаңашылдықтың жас қазақстандықтар үшін маңыздылығын атап өтті.

Қатысушылар мемлекеттік қызметке кіру мәселелеріне қызығушылық танытып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, мемлекеттік аппаратты одан әрі дамыту бойынша сұрақтарын қойды. 

Кездесу аясында агенттік төрағасы Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің қатысушыларына, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы жобаларды іске асыруға белсенді қатысқан тұлғаларға алғысхаттар табыстады.

Жұмыс сапары барысында Дархан Жазықбай жергілікті халыққа мемлекеттік қызметтердің кең спектрі көрсетілетін Мұнайлы ауданының халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Агенттік төрағасы қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының негізгі элементтерінің бірі – мемлекеттік қызметтер сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері мен қағидаларын, қызмет алушылардың құқықтарын сақтауды, ақпараттың қолжетімділігін және сапалы кері байланысты қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

Сондай-ақ МҚІА Маңғыстау облысы бойынша департаменті және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының ұжымдарымен кездесулер өтті. Сапар қорытындысы бойынша, Дархан Жазықбай  Mangystau  телеарнасына агенттіктің мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы сұхбат берді.