Ұлыбритания Королі Чарльз жасанды интеллектің тәуекелдерімен «шұғыл әрі бірлесіп» күресу керек дейді. Ол бұл туралы Лондоннан 84 шақырым жерде орналасқан Блетчли паркінде (Bletchley Park) өтіп жатқан ЖИ қауіпсіздігіне арналған саммитке қатысушыларға жолдаған үндеуінде мәлімдеген. Әлемдік монархтарды да қорқытқан жасанды интеллект технологиясының қызметін реттеуге саммитте алғашқы қадам жасалды.
Король жасанды интеллект қауіпті екенін сезінген
1,297
оқылды

Саммитте Ұлыбритания үкіметі ЖИ-дің ең қауіпті түрлерін қалай басқаруға болатыны туралы «әлемдегі бірінші келісімді» жариялады. BBC News Блетчли декларациясын АҚШ, ЕО және Қытайдан басқа тағы 25 ел мақұлдағанын жазды. Aikyn.kz бұл құжаттағы маңызды тұжырымдарды британдық басылымның материалына сүйеніп хабарлайды.

Фото The Guardian сайтынан алынды. Авторы: Graham Turner

Саммитте «озық ЖИ» деп аталатын әлі де мамандарға белгісіз мүмкіндіктері бар технологияның жоғары жетілдірілген түрлерінен туындайтын қауіпсіздік мәселелері талданды.

Ұлыбритания үкіметінің басшысы Риши Сунакпен кездесу алдында Tesla және X компаниясының қожайыны Илон Маск «ЖИ адамның жойылып кетуіне әкелуі мүмкін» деп санайтынын мәлімдеген.

Король Чарльз де өзінің видеоүндеуінде алдыңғы қатарлы жасанды интеллектің дамуын «электр энергиясының ашылуынан кем емес маңызы бар екенін» деп атап өткен. Оның айтуынша, ЖИ тәуекелдерімен күресу, климаттың өзгеруімен күресу сияқты, қоғамдар, үкіметтер, азаматтық қоғам және жеке сектор арасындағы диалогті тұтас қамтуы керек.

Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Gonzalo Fuentes

Біріккен Корольдіктің технология министрі Мишель Донелан бұл маңызды сәт екенін айтады:

«Біз ЖИ тудыратын қиындықтар мен тәуекелдерді бірде-бір ел жалғыз жеңе алмайтынын әрқашан айтып келеміз және бүгінгі маңызды декларация қауіпсіз дамуды қамтамасыз ету арқылы қоғамды сенімді нығайтуға арналған жаңа жаһандық күш-жігердің басталғанын білдіреді».

Қытай мен Батыстың қарым-қатынасы көптеген салада қиын, бірақ елдің ғылым және технология вице-министрі Ву Чжаохуй конференцияда елдің жасанды интеллект саласындағы ашықтық рухын ұстанатынын айтты. «Біз біліммен бөлісуге және жасанды интеллект технологияларын көпшілікке қолжетімді ету үшін жаһандық ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді ол саммит делегаттарына.

АҚШ сауда министрі Джина Раймондо саммиттен кейін Құрама Штаттар өзінің жасанды интеллект қауіпсіздігі институтын құратынын айтты.

Ұлыбританиядағы ЖИ қауіпсіздік саммитінде Маск бұл жиыннан ешқандай нақты саяси нәтиже күтпейтінін, мәселені реттеуден бұрын түсіну маңызды екенін айтқан. «Қадағалауды жүзеге асырмас бұрын, түсінуден бастау керек», – дейді ол.