Дәурен Махажановтың бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлға ауыстырылған.
Өткен жылы ғана 10 жылға сотталған экс-әкім түрмеден шықты
7,694
оқылды

10 жылға сотталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов түрмеден босатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Stan.kz ақпарат агенттігінің жазуынша, Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Дәурен Махажановтың бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлға ауыстырылғанын айтқан.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесінде сот оны 50 миллион теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда, бір жылдан кейін Жоғарғы Сотта Бас прокуратураның наразылығымен оның әрекеті алаяқтық ретінде қайта қаралған. Шенеуніктің жәбірленушіден ақшаны пара ретінде алмағаны, жәбірленушіні алдап-соққаны анықталған. 

Осылайша, "пара алуға оқталу" бабы "алаяқтыққа оқталу" болып қайта қаралды. Осылайша әкімнің жазасы 10 жылдан бес жылға дейін қысқартылған.

Ал қыркүйек айында Махажанов колониядан босатылды. Бұрынғы шенеунік 1 миллион 988 мың теңге айыппұл төлеп, бостандыққа шықты.

"Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Қапшағай қалалық сотының бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен ауыстыру туралы қаулысы негізінде сотталушы Д.Махажанов Заречный кентіндегі №57 мекемеден шығарылды", – деп хабарлады Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі өкілдері.

Үкім заңды күшіне енді. Осылайша, экс-әкім 15 айға жуық уақытын темір тордың артында өткізді.