Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр.
Қазақстан Палестина халқына 1 миллион доллар көмек береді
1,047
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент баяндамасында Палестинадағы ахуалға тоқталды. 

«Медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе. Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр.

Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым.

Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.